Басқосуға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, репродуктолог-ғалымдар, психологтар, отбасы институтын дамыту мәселелері жөніндегі сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жасады. Шын мәнінде бұл құжат өзекті де көкейкесті мәселелерді көтерген үлкен мазмұнды бағдар болып отыр. Мемлекет басшысы пандемияға байланысты қиын жағдайда мемлекеттің жұмысына ашық әрі адал баға берді. Бірқатар іргелі бағыттар бойынша жол көрсетті. Президент мемлекет пен қоғамның ең өзекті проблемалары бойынша шешімдер кешенін топтастыратын жаңа реформалар жоспарын ұсынды. Бұл мәселелер көптеген адамды толғандырады. Олар айтылып та, талқыланып та жатыр. Президент Жолдауының мысалынан-ақ ««Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін көріп отырмыз, – деді А.Балаева.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы ең алдымен жалпымемлекеттік шаралардың негізгі бағыттарын 11 ірі блокқа бөле отырып айқындап берді. Соның ішінде экономика, мемлекеттік басқару, аумақтық даму, цифрландыру, білім беру, денсаулық сақтау, экология, құқық қорғау жүйесі, әлеуметтік саясат, жаңа қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру мен саяси реформалар тақырыбы бар. Алдағы уақытта аталған салалардың барлық бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады.
– Маңыздысы сол, бұл жұмыстардың барлығы пандемия жағдайында жүргізіледі. Сондықтан Президент Жолдауының идеялары мен негізгі ережелері төңірегіне қоғамның шоғырлануын талап етеді. Егер Жолдаудағы басым бағыттарға тоқталатын болсақ, олар негізінен қоғамдық-саяси салаға қатысты болды. Байыпты бастамалар көтерілді. Оның барлығын жіпке тізіп жатпай-ақ қояйын. Алайда ауыл әкімдерін тікелей сайлау жолымен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту немесе індет кезінде өзінің тиімділігін көрсеткен қоғамдық бақылауды сапалы жаңа деңгейге көтеру сынды бағыттарды атап өткім келеді. Бұған қоса өңірлерді дамыту саласында өте маңызды қадам жасалды. Бұдан былай елдің аумақтық дамуы өңір ерекшеліктеріне басымдық беріле отырып жүзеге асырылады. Ендігі ретте біз осы стратегиялық құжаттың «Отбасылық-демографиялық саладағы жаңа саясат туралы» маңызды бағытын талқылап жатырмыз, – деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы отбасы мәселесіне қатысты дәйекті деректерді жариялады. Елімізде осы саладағы жағдай өкінішке қарай жыл санап нашарлай түсуде. Ажырасудың, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, нәресте сүйе алмаған ерлі-зайыптылардың саны артып келеді. Сондықтан ел Президенті Жолдауда бұл салаға айрықша тоқталып, бала күтімін мемлекеттік деңгейдегі бірінші кезектегі міндет ретінде белгіледі. Яғни, бала тәрбиесі мен олардың әл-ауқатын арттыру мәселесі барлық мемлекеттік органдардың басты міндетіне айналады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
– Қазірдің өзінде отбасылық және гендерлік саясаттың бекітілген тұжырымдамасы бар. Үкімет тиісті жоспар қабылдап, онда нақты индикаторлар, іс-шаралар мен жобалар қарастырылған. Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі биыл репродуктивті денсаулықты сақтау бойынша консультациялық қызметтер ұсыну үшін гранттық жобаны жүзеге асыруда, – деді А.Балаева.
Министрдің айтуынша, бүгінде Мәжілісте отбасылық-гендерлік саясатты және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс талқыланып жатыр. Бұдан былай балаларға қатысты жасалған қылмыстар үшін биылғы Жолдау аясында жазаны қатайтудың барлық кешенді шаралары қабылданатын болады.
– Президенттің Жолдауы кешеден бері ел аузында жүргені сөзсіз. Алда әлі талай көптеген жайт пен ұсынысты тереңірек талқылайтын боламыз. Бүгінгі бағдар – Жолдауда айтылған әлеуметтік басымдықтар болғандықтан меніңше, ең маңызды саналатын отбасылық саясат, балалар, әлеуметтік-демографиялық мәселелер. Елімізде алғашқы экстракорпоралды ұрықтандыру 2010 жылы жасалды. Сол кезде мемлекет экстракорпоралды ұрықтандыру бойынша 100 квотаға ғана ақша бөлген еді. Осы аралықта елімізде көптеген сәби дүниеге келіп, көптеген отбасы өзінің мәртебесін нығайтты, – деді Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының кеңесшісі Мәдина Нұрғалиева.
– Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің алғашқы маманы ретінде оны енгізгеніме 25 жыл толып отыр. Біз көбіне ақылы түрде қызмет көрсеттік. Биыл 1 мыңнан сәл асатын квотаға қол жеткіздік. Соған қуанатынбыз. Бірақ Президент Жолдауындағы 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 млн теңге таба алмайды. Бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді. Сондықтан бұл үлкен көмек және емделушілеріміздің барлығы қуанып жатыр, – деді «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы Салтанат Байқошқарова.
Іс-шара барысында халықтың репродуктивті денсаулығын сақтаудың, отбасы институтын нығайтудың, балаларды тәрбиелеудің өзекті мәселелері талқыланып, түрлі ұсынымдар жасалды.