Денсаулық сақтау министрі алдымен Өскемендегі №4 қалалық аурухананың жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстары жоспар бойынша аяқталған соң стационардың диагностикалық блогы жылжымалы рентген және компьютерлік томография аппараттарымен жабдықталады. Ал палаталардың барлығы оттегімен орталықтандырылмақ. Жағдайы ауыр науқастар үшін реанимация бөлімінде 15 төсек және өкпені жасанды желдету аппараттары орнатылады.
- Біз болуы мүмкін короновирус инфекциясының жаңа толқынына дайындықты тыңғылықты жүргізгеніміз жөн. Қайта жаңартылып жатқан аурухана ғимаратындағы жұмыстар кестеге сай істеліп жатыр. Өткір респераторлық вирустық аурулар кезінде науқастарды уақытылы қабылдауға дайын болуымыз керек, - деді еліміздің бас дәрігері Алексей Цой.
Қазіргі уақытта жөндеуден өтіп жатқан аурухананың пульмонологиялық бөлімшесі емдеу-диагностикалық құрылымымен қамтылған жеке ғимаратқа көшірілген. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, стационар толық жабдықталған. Алдағы уақытта ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандар, соның ішінде «COVID-19» індетін жұқтырғандар жатқызылуы да мүмкін.
Өскемен қаласының № 2 емханасы да министрдің назарынан тыс қалмады. Бұл медициналық ұйым 667 науқасқа шақталған. Жүзге жуық дәрігер қызмет ететін ауруханадан жыл басынан бері 3 мыңнан астам адам емделіп шығыпты.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Шығыс "Қазақстан облыстық ауруханасы" диагностикалық орталығына да бұрылды. Бұл аурухана қызметінің негізгі бағыты - қан айналымы жүйесі ауруларын емдеу. Ол үшін медициналық ұйым жүрек, тамыр, буын ауруларын емдейтін заманауи жабдықтармен жабдықталған.
Шығыс Қазақстан облысында халық саны - 1 378 527 адам,
Стационарлық үлгідегі аурухана мен емханалар саны - 31
Мобильді бригада саны - 373.
Өкпені жасанды желдету аппараты – 241 дана
Оттегі концентраторы - 1056 дана.
1 қыркүйектегі статистика бойынша аймақта - 8213 адам короновирустық инфекциямен ауырған.