Экономика • 04 Қыркүйек, 2020

Тұңғиықта тұнған мұнай

4243 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ мұнайының ғасырдан астам тарихы бар. Алғашқы «қара алтын» бұрқағы 1899 жылы Қарашүңгіл кен орнынан алынған еді. Содан бері қазақ жерінен мұнай бұлағы әлі толастаған жоқ. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жер асты байлығын өндіретін компаниялар қатары көбейді. Мұнай-газ өнеркәсібіне шетелдік инвесторлар бет бұрды. Ал отандық «қара алтын» өндірушілер көшін әлі де «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас­тап тұр.

Тұңғиықта тұнған мұнай

Айлар аунап, жылдар жылжыған сайын отандық кәсіпорынға қарасты кен орындары ескіріп, қоры азайып жатыр. Өйткені мұнай да мәңгілік емес. Таусылатын кезі бар. Не істеу керек? Отандық мұнайшылардың талай буынының қанаты қатайған кәсіпорын басшылары былтыр кен орындарында қосымша барлау есебінен көмірсутегі шикізатының қорын еселеді. Бұл Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың геологиялық барлау жұмыс­тарын жандандыруға қатысты тапсырмасына сәйкес қолға алынды.

Осылайша биыл «Ембімұнайгаз» иелігіндегі кен орындарының тұңғиы­ғынан өндірілетін мұнай қоры 86,2 млн тоннаға жетті. Ал былтыр мұндай қор көлемі 74,3 млн тоннаны құраған еді.

– Былтыр Пайдалы қазбалар қор­лары жөніндегі мемлекеттік комис­сия қолданыстағы С.Нұржанов, Кен­бай (Шығыс Молдабек учаскесі), Ж.Дос­мұхамбетов, Ботақан, сондай-ақ қайта ашылған Батыс Қарасор кен орындарында 14,8 млн тонна көмірсу­тегі шикізатының қорын балансқа алып, бекітті. Қор өсіміне байырғы кен орын­­дарын игеруге жаңа әдістер мен тех­нологияларды қолдану, белсенді барлау жұмыстарын жүргізудің нәти­жесінде қол жетті, – деп хабарлады «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қоғаммен байланыс қызметі.

Сонымен бірге өткен жылы Тай­сойған блогының 5 600 шаршы шақы­рым аумағына 3D МОGТ сейсмобарлау жүргізілді. Енді сейсмобарлау дерек­терін өңдеу арқылы барлау, бұр­ғылау жұмыстары жүргізілетін құры­лымдар дайындау көзделіп отыр. Осыған орай ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары қолға алынды. Соның нәтижесінде С.Нұржанов кен орнының солтүстік-батыс бөлігінде геологиялық барлау жұ­мыстарын жүргізу барысында табысты нәтижелерге қол жеткізілген.

– Байырғы кен орындарын игеретін компанияның басым міндеттерінің бірі – ресурстық базаны ұлғайту. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нә­ти­жесінде С.Нұржанов кен орнын­да бұр­ғыланбаған бөлігінің триас шөгін­ділеріндегі 3252-3265 метр тұң­­ғиықта тұнып тұрған мұнай горизонты анықталды. НСВ-11 бағалау ұңғымасын бұрғылаудан соң 9 мм штуцерде тәулігіне 165 текше метр дебитпен сусыз мұнай бұрқағы алынды. Мұндағы мұнайдың үлес салмағы – 0,836 г/см3, ал, газ факторы – 105 м33. Қазір ұңғыма жұмысының оңтайлы ре­жімін анықтау мақсатында кәсіпшілік-гео­логиялық және гидродинамикалық зерттеулер кешенін жүргізу арқылы сынақ жалғасуда – деген ақпаратпен бөлісті кәсіпорынның қоғаммен байланыс қызметі.

«Ембімұнайгаз» АҚ-та игерудің жоғары сатысындағы көптеген кен орнында қалған қорды өндіру үшін заманауи тәсілдер мен технологиялар қол­да­нылуда. Бұл кен орындарын игеруге неғұрлым күрделі геологиялық нысан­дарды тартуға мүмкіндік береді. Осын­дай технологиялардың бірі – вертикал­ды ұңғымалармен салыстырғанда жоғары тиім­ділікті көрсететін горизонталды ұңғы­маларды бұрғылау. Кәсіпорын мұнай­шылары былтыр осы әдіспен бес гори­зон­талды ұңғыманы бұрғылады. Пай­далану сатысындағы төрт ұңғыма мұ­н­ай өндірудің жақсы көрсеткішін қам­та­масыз етуде. Ал біреуі сынақтан өтуде.

– Әрбір горизонталды ұңғыма үлкен қауіптерге қарамастан біздің мамандар сәтті қол жеткізген нақты геологиялық мақсат үшін қолға алынды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде горизонталды ұңғыманың өнімділік коэффициенті вертикалды ұңғымадан бірнеше есе жоғары екені анықталды. Болашақта кәсіпорын мұнайшылары горизонталды ұңғымаларды 300 метр тереңдіктегі тұтқырлығы жоғары қабаттарда бұрғы­лауды, жыл сайын оның үлесін ұлғайтуды жоспарлап отыр, – дейді кәсіпорын басшылары.

«Ембімұнайгаз» қолға алған тағы бір жаңа әдіс – интеллектуалды кен орны. Бұл трансформациялау бағдарламасы аясындағы қанатқақты жобаның бірінші кезегінде қолға алынды. Ал интеллек­туалды кен орны – өндіру қорын оңтайлы пайдалану үшін басқару пультіне жұмыс істеп тұрған ұңғымалардан ақпаратты беруге жол ашатын инновациялық технология. Интеллектуалды ұңғымалар біріншіден, деректерді үздіксіз өңдейді. Екіншіден, жедел бақылау, шұғыл шешімдер қабылдау үшін ақпараттар мониторингін қамтамасыз етуге жол ашады.

Отандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі алғашқы қанатқақты жобаны іске асыру үшін Қызылқоға ауданындағы «Уаз» кен орнының таңдалуы тегін емес. Өйткені бұл кен орнынан 2012 жылдан бері мұнай алу үздіксіз іске асырылып келеді. Мұндағы мұнай қорының 27 пайы­зы өндіру сатысында деп есептеледі. Ал өзге кен орындарына қарағанда, сулану үдерісі 59 пайыздың шамасында екені анықталды. Сонымен бірге қалдық қорының әлеуеті 971 мың тоннаны құрайды.

«Уаз» – шағын кен орны. Мұнда бір-біріне жақын орналасқан 40-қа жуық ұңғыма бар. Әр жыл сайын жаңарты­латын геологиялық-гидро­динамикалық модель құрылып, өн­дірілетін өнім жөнін­де бөлек есеп жүргізіледі. Осылайша кен орнындағы 8 штангалы тереңдік сораптық ұңғымаға интеллектуалды басқару стансасы орнатылып, ақпарат жолдау тетігімен, динамографтармен, басқа да сандық құралдармен жабдық­талыпты. Осындай стансалар 23 электрлі винттік сорапты ұңғымаларға да орнатылып, қажетті жабдықтармен қамтылды.

Мамандардың түсіндіруінше, «Ембі­мұнайгаз» АҚ кеңсесіндегі бақы­­­лау орталығында интеллектуалды кен орнындағы жұмыстар жөнінде жинақталған ақпараттар талданып, қабылдау жүргізіледі. Мұнда кен орнынан түскен ақпараттар сақталады. Өндірістік есептер, мониторинг жүр­гізетін талдау жүйесі, сонымен бірге, кен орнындағы жабдық жұмысының барысы тіркеледі. Тіпті үлкен экранда кен орнынан барлық өлшемдер бойын­ша ақпараттар онлайн жүйесінде көрі­ніп тұрады. Интеллектуалды кен орны өн­дірістік қатерлерді төмендетеді. Апат­­­тық жағдайларды алдын ала ескер­теді. Ең бастысы, ақпараттарды үздіксіз өңдеуді жедел басқаруды, шұғыл шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.

Кен орнында еңбек ететін мұнай­шының бәрі жаңа технологиямен жұмыс істеуге машықтанды. Өйткені олардың бірі модульдық бағдарлама бойынша білімін жетілдірсе, Қытайдағы Дунин қаласында тәжірибе жинап келгені де бар. Сол себептен, мұнайшылар инновациялық технологияның дамыл­сыз жұмыс істеуін, мұнай өндіру үде­рісінің тоқтамауын қадағалаудағы жауап­кер­шілікті жете сезінеді. Мұнай­шылар бұрынғыдай әр ұңғыманың арасында шапқылап жүрмейді. Бәрі де мұнайдың 600 метр тереңдіктен алын­ғанын, су, тұз секілді ілеспе қоспа­лардан тазартылып, пеште қызды­рылуы, тіпті құбырмен Солтүстік Жолдыбай кенішіне тасымалдануына дейінгі үдерістің бәрін онлайн жүйесімен бақылап отырады.

Интеллектуалды кен орнындағы жұ­мыстарды онлайн жүйесінде басқару технологиясынан қандай нәтиже күтуге болады? Мамандардың айтуынша, «Уаз» кен орнынан мұнай өндіру қосымша 3 па­йызға артады екен. Ең негізгі күтілетін са­тылы нәтижелер шығынды азайтуға байланысты болып отыр. Мәселен, бірін­шіден, жерасты жабдықтарын пай­да­ланудың баяу тәртібі ұңғымаларды жөндеу санын азайтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, кен орнындағы ұңғымалар жұмысының тоқтауын тіркеу, қалыпқа келтіру уақытын 15-20 пайызға азаяды деген болжам бар. Үшіншіден, ұңғы­маларда жұмсалатын электр энергиясы 30-40 пайызға үнемделеді.

 

Атырау облысы