Қоғам • 08 Қыркүйек, 2020

Ережені сақтамай, індеттен құтылмаймыз

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде коронавирус инфекция­сын жұқтыру деңгейі төмендеп келеді. Дегенмен жаңа толқынның болуы мүмкін екені де болжануда. Сондықтан халықтың санитарлық нормаларды сақтауы өте маңызды.

Ережені сақтамай, індеттен құтылмаймыз

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстандағы эпидемиялық ахуалдың тұрақты екенін айтқан болатын. Яғни ол коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі төмендеп жатқанын жеткізді. Мы­салы, кеше Маңғыстау облысының тауар­лар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев өңірде соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандардың тір­келмегенін хабарлады.

Дегенмен министрлік жаңа толқынның болуы мүмкін екенін де ескерткен болатын. Б.Қожахметовтің айтуынша, ми­нистрлік бұл жағдайға да сақадай сай. «Үкіметтен бастап, әкімдіктерге дейін қызу жұмыстар істеп жатыр. Дәрі-дәрмек қоры, ауруханалардың мүмкіндігі, мобильді бригадалардың қызметі қадағалануда», деген ресми өкіл өткен аптада Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өңір­лердегі медициналық мекемелердің дайын­дығын тексергенін айтты.

«СҚ-Фармация» бірыңғай дист­рибью­тері тұмауға қарсы екпенің 2 060 300 дозасын сатып алған. Ресми өкілдің айтуынша, бұл шамамен халықтың 11 пайызын қамтуға жеткілікті. Ал аймақтағы ден­сау­лық сақтау басқармалары қосымша 753 900 дозаға тапсырыс берген. «Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйекте басталады. Яғни әдеттегі мерзімнен екі аптаға ертерек. Бұл эпидемиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді. Тұмауға қарсы екпенің күші 6 айдан 12 айға дейін сақталады. Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалды. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1107 семинар өткізілді, нәтижесінде 7282 дәрігер мен 14541 кіші және орта қызметкер даярлықтан өтті», деді Б.Қожахметов.

Сондай-ақ ол карантиндік шаралар туралы да айтып берді. «Карантин ережелері 17 тамызда және тамыздың соңында екі мәрте жеңілдетілді. Бұдан әрі де босаңдауы мүмкін. Ол тек қана біздің халықтың санитарлық нормаларды орындауына байланысты. Егер біз той жасап, ережелердің бәрін бұзып кетсек маусым айында болған жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан ол тек қана халықтың қолында болып тұр», деді Б.Қожахметов.

Жалпы кешегі күннің ресми ақпара­тына сүйенсек, коронавирустық инфекция­дан 5073 адам ем қабылдауын жалғас­тыруд­а. Олардың арасында 30 бала бар. «Ста­ционарларда 2863  науқас жатыр. 2210 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 140 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 18 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 24 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр» делінген Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хабарламасында.