Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне қатысты заң жобасын қарады. Сондай-ақ, Түркиямен және Қытаймен сотталған адамдарды беру және Чехиямен өзара құқықтық көмек алмасу шарттары талқыға салынды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне қатысты заң жобасын қарады. Сондай-ақ, Түркиямен және Қытаймен сотталған адамдарды беру және Чехиямен өзара құқықтық көмек алмасу шарттары талқыға салынды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасы туралы баяндаманы Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова жасады. Негізінен бұл заң жобасына депутаттар бастамашы болыпты. Баяндамашының айтуына қарағанда, өткен жылы осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 32 мың қорғаныстық ұйғарым енгізілсе, үстіміздегі жылдың үш тоқсанында ол 35,7 пайызға көп орындалған. Егер де 2012 жылы 3,2 мыңнан астам құқық бұзушылыққа ерекше талап қойылса, ал үстіміздегі жылда бұл көрсеткіш 3,8 мыңға жеткен. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында жауапкершілік арттырылып, қылмыс жасаушылар қатары азайған. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 10,7 пайызға, ал адам өліміне алып келетін жағдайлар 211-ден 158-ге дейін төмендеген. Сондай-ақ, биылдың өзінде әйелдерді қорғау жөніндегі ішкі істер құрылымдарына 37 мың әйел арызданған. Бұл ретте дағдарыстық орталықтардың қолдауына жүгінген әйелдердің қатары 11 мыңды құраса, солардың 9 мыңы құқықтық, психологиялық кеңестер алыпты. Тіпті, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар да әйелдерге қолдау көрсетуде.
Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адамды он күнге қамау немесе айыппұл төлету оң әсер бермей отырғандығын алға тартты. Сонымен қатар, учаскелік инспектор тарапынан жәбірленушіні қорғау мақсатында жедел ұйғарым енгізуге құқы жоқ болуы қылмыстың алдын алуға мүмкіндік бермеуде екен. Әсіресе, бұл алыс аудандарда кең етек алуда көрінеді. Сондықтан заң жобасында қорғаныштық ұйғарымдарды орындамауға қатысты талаптар күшейтіліпті. Былтыр осындай ұйғарымдарды орындамағаны үшін 822 адам жауапқа тартылса, биыл ол мыңнан асып кеткен. Негізінен, заң жобасының нормалары тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимыл және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып табылатын адамдарға жәрдем көрсету жөніндегі құқықтық шаралар кешенін көздейді. Бұл ретте арнаулы әлеуметтік қызметтерді, оның ішінде көмек көрсету жөніндегі ұйымдарда көрсету тетігін қалыптастыруға ерекше назар аударылады.
Депутаттар баяндамашыға бірқатар сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды. Палата Төрағасы сөз реті келгенде бесінші сессияда депутаттардың бастамашылығымен заң жобалары белсенді әзірленуде екендігін жеткізді. Н.Нығматулин, әсіресе, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері 12 заң жобасын әзірлегендігін, жалпы жыл аяғына дейін олар тарапынан әзірлеген заң жобалары 15-ке жететінін атап көрсетті. Осылайша, талқыдан өткен заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Сондай-ақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. Келісімге сәйкес, бір тараптың аумағында сотталған адам үкімді шығарушы мемлекеттің соты тағайындаған жазаны өтеу үшін екінші тарапқа берілуі мүмкін. Осы мақсатта сотталған адам немесе оның заңды өкілі үкімді шығарушы мемлекетке немесе үкімді орындаушы мемлекетке өзін беруге келісімі туралы өзінің жазбаша өтінішін береді. Келісім өтінішті жасау тәртібін, сотталған адамды беру тәртібін белгілейді және үкімді орындауды жалғастыру мәселелерін регламенттейді.
Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Шарт тараптардың соттары бас бостандығынан айыруға соттаған уағдаласушы тараптардың азаматтарын бұдан әрі жазасын өз мемлекеттерінде өтеу үшін беру мәселелерін реттеуге бағытталған. Қабылдаушы тарап тек қана беруші тарап аумағында жұмсалған шығыстардан басқа, сотталған адамды тасымалдауға байланысты шығыстарды, сондай-ақ, беруден кейін үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді. Сонымен бірге, қабылдаушы тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, сотталған адамның жазасын өтеу мерзімін қысқартуға немесе оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқылы. Тіпті сотталған адамға қатысты кешірім жасау актісін қолданар алдында екінші тарапты дереу хабардар ете отырып, қолдануға да құқылы.
Күн тәртібінің соңғы мәселесі «Қазақстан мен Чехия арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған еліміз Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель келісімге сәйкес, қылмыстық істердің жасалғаны туралы айғақтар жинауда, қылмыстарға қатысты соттық қарауларды қоса алғанда, тараптар бір-біріне өзара құқықтық көмектер көрсететінін ерекше атады. Қазақстан мен Чехия арасындағы аталған келісім ағымдағы жылдың 6 маусымында жасалған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».