Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2020

Жақындары үшін жұдырықтай жұмылған

609 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі пандемия кезінде адамдар бір-біріне ба­уырмалдық танытып, көмек қолын созып жатқаны көңіл қуантады. Қысылтаяң кезде тығырықтан өзара жол тауып шығудың өзі ауызбіршіліктің белгісі. Індет іргеге келгенде береке-бірлігі бекем аудандар қор ашып, түскен қаржыға дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар сатып алып жатты.

Жақындары үшін жұдырықтай жұмылған

Әсіресе Тарбағатай ауда­ны­ның жұдырықтай жұмылған хал­қы көпке үлгі болды. Аудан тұр­ғындары өздері шот ашып, 5 млн теңгеге жуық қаржы жинаған. Ортақ қазанға түскен қаржыны науқастар мен дәрігерлердің қа­жеттіліктеріне жұмсаған. Індет­пен күрес мақсатында ашылған қорға еңбектеген баладан еңкей­ген қарияға дейін ақша аудар­ған. Тіпті 1-сынып оқушысы қал­тасындағы 645 теңгесін ата-ана­сына айтып, көмек ретінде қорға салған. Ал АҚШ-та оқып жүрген тарбағатайлық Тол­ға­най Сейітқазина ауылына алаң­дап, 112 мың теңге аударып жі­бер­ген. Қаржыны әркім әл-ауқа­тына қарай қосты. Жарты әлем­ді жайлаған індетпен күресу мақ­сатында халық денсаулығы, жа­қындарының өмірі үшін ешкім тартынып қалған жоқ.

Медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек болмаса, дәрігердің дәрменсіз екенін байқаған жұрт уақыт оздырмай осылайша өз­дік­терінен шешім қабылдаған. Оның үстіне күнделікті жарияланып отырған тізімдегі өлім-жітімнің артуы елдің үрейін ұшырған еді.

– Ауру барын біле тұра арқа­ны кеңге салып жүрдік. Бұл – шын­­дық. Аты жаман дертке тамыр-таныстар шалдығып, об­лыстан шыға бастағанда ғана елең еттік. Медициналық құ­рал­­дардың жеткіліксіз екенін бай­қап, топ құрдық. Қаржы жи­надық. Бар ойымыз – дертпен күресуге тамшыдай болсын үлес қосу еді, – дейді қоғам белсендісі Ермек Құрманғали.

Жанашыр азаматтар індет­пен күреске үлкен үлес қоса біл­ді. Қорға қаржы жинаған тар­бағатайлық жомарт жандар өк­пені желдететін аппараттың 10 данасын сатып алды. Дем жетпей қиналып жатқан науқастар үшін ең керегі осы аппарат еді. Сондай-ақ бастарын қауіпке тігіп, күн-түн демей адам өміріне араша түсіп жүрген дәрігерлерді қорғаныс костюмдерімен қам­тыды. Бетперде, антисептик сынды күнделікті қажетті заттар да жеткізілді.

Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлер де жұ­дырықтай жұмылып, жомарт­тық танытқаны белгілі. Ірі қа­­зақ­стандық «Bi Group» құ­­ры­лыс компаниясы да меди­цина мекемелеріне көмек көр­сеткен. Коронавирус ин­фек­ция­сы­на қарсы күресу жолында «Aitas KZ» АҚ компаниясы меди­ци­налық құрылғылар мен препараттар үшін денсаулық сақ­тау мекемелеріне көмек ре­тінде 200 млн теңге бөлгенін де ауыз толтырып айтуға болады.

Өзге де кәсіпкерлер «Халифа Алтай» мешіті арқылы мыңдаған жанға көмек қолын созды. Об­лыстық мешіт пен Зекет қоры қызметкерлері жаздай ауруханада жатқан науқастарға қымыз бен азық-түлік таратып отырды.

Қазір облыстағы жағдай оңа­лып келеді. Соңғы дерек бойынша, Шығыс Қазақстанда 11 нау­қас тіркелген. Оның алтауы – Семейде, екеуі – Риддерде. Сон­дай-ақ Курчатовта екі жағ­­дай анықталған. Ал облыс орталы­ғы мен Глубокое ауданында бір-бірден. Десе де тиісті сақтық ша­ралары жалғасын таба бермек.

 

Шығыс Қазақстан облысы