Пікір • 09 Қыркүйек, 2020

Әділдік – дамудың маңызды шарты

75 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін алға тартып, халқымыздың үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерге ие болуы – ел ертеңі үшін айрықша маңызға ие екендігін айтты.

«Әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуы­ның маңызды шарты. Әділет­тілік, әсіресе ел-жұрттың тағ­дырын шешу үшін аса қажет қасиет» дей келе, әділ­дік пен адалдық сынды құны биік қасиеттердің қазіргі қазақ қоғамында аса қажет екенін ел азаматтарының назарына салды.

Осы орайда ХІІ ғасырда өз замандастарын «Әділ сөй­леп, адал жүр» деп ізгілік­ке баулыған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың орамды ой­лары еріксіз ойға оралады. Ол өзінің шағатай тілі­не негізделіп жазылған құны қымбат туындысы – «Диуа­ни хикмет» кітабында ар тазалығы мен адалдық, ізет­тілі­к пен парасаттылық сынды құн­дылықтардың адам бойын­дағы ең арда қасиет болып табылатынын жеткізген. Сондықтан да Ұлы Тұран даласында дүниеге келген дана ойшыл бабамыздың елеу­лі еңбектері арада қанша ға­сыр өтсе де, өз мазмұны мен ма­ңыздылығын күні бүгін­ге дейін жоғалтпай келе­ді. Бабамыздың асыл мұра­сына терең үңілсек, адал­дық пен адамгершілікке ай­рық­ша көңіл бөліп, оқыр­ман қауымды пайым-парасаттың биігінен көрінуге үндегенін анық байқауға болады. Бү­гінгі күні Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агент­тігі Түр­­кістан облысы бойын­ша де­­пар­­таментінің қызмет­кер­лері киелі мекенде тұрақ­тап, өз замандастарын із­гі жол­­ға бағыттаған Ясауи­дің озық ойлы шығарма­шылы­ғы­­нан азық алуға айрықша ден қоюда.

Адамдық болмыстың озық үлгісі болуға шақыратын Ясауи­дің даналық ойларынан дән іздеп қана қоймай, олар жаһандану дәуіріне аяқ басқан жас ұрпақтың санасына сілкініс жасауға және сол арқылы парасатты қоғамды қалыптастыруға ықылас танытып отыр. Сондықтан да бүгінгі ұрпақты жем­қор­лық­сыз жарқын болашаққа ба­ғыттау үшін «Білім күнінде» өткізілген жалпыреспуб­ликалық «Адалдық сағаты» дәрісінде Ясауидің адалдық құндылықтарына негізделген даналық ойлары жастардың назарына жол тартып, жаңа оқу жылында адалдық идеологиясын қалыптастыруларына және тұнық, таза білім арқылы өрісін кеңейтулеріне ықпал етті. Ясауи бабамыздың ең­бегі­нің мемлекет алдын­дағы маңыздылығын Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың «Түркі­станнан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді» және «Біз Қожа Ахмет Ясауи ілімін алып жүруіміз қажет» деген айшықты пікірлерінен байқауға болады.

Түркістандық ғұ­ла­ма «Арыңды сақта, бол­саң да малға кедей» деген на­қыл сөздерімен дүниеде жи­ған-тер­генің аз болса да, ар өл­ше­мің биік болуы тиіс екен­дігін шебер жеткізген. Және «Жалтақтардан жөн сұрама, жолдан қалған, Жаны адалды әр уақытта қолдайды Аллам», деген шумақтарынан теріс мінезділердің жолымен емес, адал ризықпен күн кешіп жүргендердің ізімен жүру қажеттігін және сол арқылы мол сауапқа кенелуге болаты­нын атап өткен. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «... Ақылды алсаң, жараңдар­ға қызмет қылғын, Адал жолды тұтқандарға ізет қылғын», деген өлең жолдары арқылы замандастарын парасатты болуға үндеп, бұқара халыққа таза ниетпен, адал еңбекпен қызмет қылу қажеттігін ерек­ше атап көрсетсе, «Пара алған әкімдер – арамдықпен жүр­гендер, Өз бармағын өзі шай­нап өкінішпен қалады», деп қоғамның күрделі мә­се­лесін ашық көрсетеді, пара алған би-болыс пен шенді-шекпендінің және әкім-қараның ертеңгі күні өкінішпен өтетінін жеткізеді. Сондықтан да ол «Диуани хикмет» еңбегінде оқырман қауымды қара бастың қамын ойлауға емес, халықтың алғысына кенелуді мақсат етуге шақырады. Бұдан бөлек, әділдікті сүйген Ясауи бабамыз өзінің 60-хикметінде: «Арың таза болса, әр кез жеңіс сенде», деп өнегелі өсиет сөз қалдырған. 102-хик­метінде: «Қазы болған ғалым­нан пара істеп жегендер, Ондай ғалым жайын мен тар азаптан көрдім мен», деп көлеңкелі қылмыс түріне жақын болған азаматтардың болашағы тас түнек қараңғы болатынын ашық баяндаған.

Түп-тамырымыз бен ұлт­­тық тарихымызға терең үңілсек, халқымыз сонау ықы­­­лым замандардан-ақ, Қ.А.Ясауи сынды дана ойшыл ба­ба­­­ларымыздың асыл мұ­ра­­­сы­­мен жіті танысып, адал­­­дық деген асыл қасиет­пен азық­­­танып келгендігін анық бай­­қай­мыз. Ата-бабалары­мыз­­­дан бері келе жатқан ар таза­лы­ғы­ның биік өлшемін әрі қа­рай да сақтап қалу үшін, біз тә­рбиеге тұнық туындылары­мызды бүгінгі күні қайта жаңғыртуға айрықша басымдық берудеміз.

 

Хаким КӨШҚАЛИЕВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы

Соңғы жаңалықтар

Алыстан жеткен алғыс

Аймақтар • Кеше

Тазалық бірдің емес, мыңның ісі

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Қала күні онлайн форматта аталып өтеді

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Байтұрсынов атындағы байқау өтті

Қоғам • 18 Қыркүйек, 2020

Облыс әкімі Сырдария ауданына болды

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Үш тілдің үздіктері анықталды

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Халықаралық семинар-кеңес өтті

Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2020

Таразда тұңғыш рет күрделі ота жасалды

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Қазақстанда темекі қымбаттайды

Қоғам • 18 Қыркүйек, 2020

Кепілге алған көлігін қайтармаған

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Ұқсас жаңалықтар