Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2020

Жұмыспен қамту жөнінен Алматы облысы көш бастады

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісуда тұрақты жұмыспен қамтылған адамдардың үлес саны артып келеді. Ал тұрғындардың жаппай еңбекпен қамтылуы жөнінен Алматы облысы республика бойынша алғашқы орында тұр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жұмыспен қамту жөнінен Алматы облысы көш бастады

Өткен жеті ай аралығында аймақта 38 726 жұмыс орны жаңадан ашылыпты. Жалпы, биыл осы мақсатқа 306,1 млрд теңге қаражат бөлініп, жұмыспен қамту бағытында 72 жоба іске қосылуы тиіс. Қазір өңірде 15 жоба толық жүзеге асып, жалпы саны сегіз жүзден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы жерде мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың «екі қолға бір күрек» іздеген адамдарға нәпақа табуға жол ашып отырғанын айтуымыз керек. Яғни, жұмыссыздықпен күресте «Еңбек» бағдарламасы қамшы салдырмай тұр. Бүгінге дейін жұмыспен қамтылған 38 726 адам осы бағдарламаның шарапатын көрді. Ал облыс бойынша бағдарлама аясында 46 116 адамның жұмыспен қамтылуы жоспарланған болса, бұл міндет 84 пайызға орындалып отыр. Дерек бойынша Жетісудағы жұмыс күшіне сұраныс жоғары болып тұрған саланың көшбасында құрылыс пен ауыл шаруашылығы тұр екен. Ал жалпы жұмыспен қамту бағытына жасалған талдау нәтижесінде арнайы бағдарламалар аясында 22 612 жұмыс орын ашылса, 16 114 адам жеке бастамасы бойынша еңбек етуге кіріскен. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болып отыр. Яғни 3 426 адам осы саладан нан тауып жүр. Ал құрылыс саласы бойынша 4 110 адам жұмысқа тұрған екен. Мұнан бөлек, 674 адам өнеркәсіп саласына, екі адам көлік және логистика саласына 980 аам сауда-саттық саласына, 577 адам білім беру саласына, 503 адам денсаулық сақтау саласына және 5 355 адам басқа салалар бойынша жұмысқа орналасқан.

Жалпы, пандемия кезеңінде жұмыссыз қалған адам саны өскені белгілі. Алматы облысы да бұл мәселемен бет- бет келгені анық. Статистикаға көз салсақ, осы жылдың екінші тоқсанында облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған екен. Яғни, 49,4 мың адамды еңбекпен қамту міндеті күн тәртібінен түскен емес. Осы тұста ел ішіне «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асуы тиіс жобалар серпін берді. Бағдарламаның кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша да ауыз толтырып айтарлық жұмыс істелді. Биыл бұл бағытқа 279,2 млн теңге қаражат қарастырылған болатын. Бұл қаржы шағын және орта бизнес саласын несиелеуге және іске кепіл болуға жұмсалуда. Нәтижесінде кәсіпкерліктің аясы кеңіп, жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік туа бастаған екен. Мәселен, бұған дейін құны 12 млн теңге болатын 1 жоба жемісті жүзеге асса, мақұлданған тағы сегіз жобаға 78 млн теңге қаржы жұмсалған. Жақында сәтті қорғалған 6 жоба үшін де 70 млн теңге несие мен кепіл қаржы берілмекші. Ал жыл соңына дейін өз кәсібін дөңгелетуді көздеген шағын және орта бизнес өкілдеріне тағы 79,2 млн теңге қаражат жұмсалмақ екен. Яғни, карантиннен кейінгі экономиканы сауықтыруға «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілген несие де өз үлесін қосып отыр. Іс ілгері басқан жерде жұмыс күшіне де сұраныс артатыны сөзсіз.

Сондай-ақ Жетісудағы жұмыссыздықпен күрестің нәтижелі болуына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының айтарлықтай көмегі тиіп отыр. Жоспар бойынша бұл бағытта 977 жоба жүзеге асырылуда. Сәйкесінше, 22,8 мың жұмыс орыны құрылып, оған 109,2 млрд теңге жұмсалуы тиіс болған. Нәтижесінде 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал ресми жұмыссыздар есебінде тұрған 10,5 мың адам Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы арқылы табыс табу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы жерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шарапаты аймақтағы аудандарды да қамтып отырғанын баса айтуымыз керек. Өйткені, орталықтан шалғайда жатқан ауыл тұрғындары үшін жұмыс табу қиынның қиыны. Ал жол картасы аясында басталған құрылыс пен жөндеу жұмысы екі қолға бір күрек таппай отырған ер-азаматтың тілегін бергендей. Мысалы, Райымбек ауданының 304 тұрғыны мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыспен қамтылған. Ауданға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Бұл қаржығы 32 нысанда жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Оның ішінде 3 мектеп пен бір балабақша толықтай жөнделіп, жаңғыртылуда. Ал ауылдағы 19 білім ошағына ағымдағы жөндеу жасалған.

Айтпақшы, бұл жол картасының ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудан бөлек, екінші ерекшелігіне де тоқтала кету керек шығар. Анығында, осы бағдарлама аясында өңірдегі 30-40 жыл бойына жөндеу көрмеген нысандар қайта жаңғырып, жөндеуден өтіп жатқаны қуантады. Мысалы, жоғарыда айтқан Райымбек ауданындағы толқытай жаңғырған 3 мектептің бірі Текес ауылындағы Қ. Шорманов атындағы білім ордасы болатын. Отыз жыл бойы жөндеу көрмеген мектеп әбден тозып тұрған еді. Биыл жол картасы бойынша 700 млн теңге шамасында қаржы бөлініп, мектепке күрделі жөндеу жасалды. 1200 балаға арналған ғимарат жасанып, жаңа оқу жылына толық дайын болып тұр. Құрылысқа 88 адам тартылса, оның қақ жарымы ауыл тұрғындары екен. Сол сияқты, Балқаш ауданы, Береке ауылындағы Мәдениет үйінің жөндеу көрмегеніне тура 40 жыл уақыт болған-ды. Совет одағынан мұраға қалған руханият үйінің келбеті де «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының арқасында түлеп, жаңаратын болды. Бүгінде құрылысы басында 26 адам жұмыс істеп жатыр, оның он бірі Береке ауылының тұрғындары. Дәл осындай қирауға шақ қалған құрылыс нысанның бірі Көксу ауданында еді. Бастауын таудан алатын Көксу өзеніндегі су бөгеті 1963 жылы салыныпты. Содан бері бірде - бір рет жөндеу көрмеген. Қазір су бөгетінде жұмыс қызып тұр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында нысанды толықтай жаңғыртуға 515 млн теңге қаржы бөлініпті. Аймақтағы маңызды гидротехникалық құрылыстағы жұмысқа 100 адам жұмылуда.