Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2020

Індеттің екінші толқынына дайындық ойдағыдай ма?

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісуда жұқпалы індетке жаңадан шалдығушылар саны азайды. Ел ішіндегі эпидемиялық жағдайдың оңалғанын ауруханаға жатып емделушілер үлесінің күрт кемігенінен байқауға болады. Қазір облыстағы стационарлардың жүктемесі едәуір төмендеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Індеттің екінші толқынына дайындық ойдағыдай ма?

 Нәтижесінде инфекциялық бөлімдегі орын саны 520 төсектен 250 төсекке дейін, ал провизорлық төсек саны 3560 орыннан 1407 орынға дейін қысқарды. Соңғы мәлімет бойынша аймақта 645 адам стационарлық ем алуда екен. Оның елу бесі инфекциялық бөлімдерде жатқан болса, 590 науқас провизорлық бөлімдегі дәрігерлердің бақылауда. Жалпы жұқпалы аурулар стационарының облыс бойынша жүктемесі 22 пайызды құрайды. Әрине, аймақтағы коронавирус індетін жұқтырушылар санының азаюы мен өкпе қабынуының бәсеңдеуі қуанарлық жағдай. Алайда, індетпен күрес жұмысына салғырт қарауға болмайды. Қазір барлық мүмкіндік індеттің қайталануынан туындайтын қатердің алдын алуға бағытталуда. Осы мақсатта медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және коронавирустың екінші толқынымен күресу үшін облыстық бюджеттен 6,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының қомақты бөлігі компьютерлік томограф, пульсоксиметр, виброакустикалық аппарат, рентген аппараты, өкпені жасанды жолмен желдету аппараты, ауа концентраторлары сияқты құрал-жабдықтар сатып алға жұмсалуда. Сонымен қатар дертті емдеумен айналысатын емханалар мен ауруханалардың аумағына кислород стансалары қойылуда.Тұрғындарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетудің сапасын арттыру үшін қосымша 140 жедел жәрдем көлігіне тапсырыс берілген. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған 8 ПТР зертханасының ауқымын 3500 адамды қабылдауға дейін ұлғайту көзделген. Қазір бұл орталықтар күніне 1500 адамға дейін қызмет көрсете алады екен.

- Коронавирустың екінші толқынына дайындық қызу жүріп жатыр. Аймақтың инфекциялық және провизорлық стационарларында 250 мыңнан астам қызу түсіретін, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктер бар. Жергілікті бюджеттен дәрілік заттар резервін қалыптастыру үшін 550 млн теңге бөлінді. Бүгінде медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Карантин кезінде науқастарды емдеуге 3 455 медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер жұмылдырылған болатын. Сонымен қатар медицналық оқу орындарының 45 түлегі мен 281 медколледж бітіруші де біздің қатарымыздан табылды. Зейнетке шыққан дәрігерлер де науқастарға консультациялық көмек көрсетті. Осындай жұмыла жұмыс істеудің нәтижесінде індеттің алғашқы кезеңіне тойтарыс бердік. Қазір облыста 165 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Шақыру бойынша үйде амбулаториялық көмек көрсету үшін 391 мобильді бригада құрылды. Тағы да 100 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, Жетісу дәрігерлері болуы ықтимал індет қаупіне төтеп береді деген сенім бар, - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Айтпақшы, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында да біраз іс атқарылған. Жалпы, медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге 53 медициналық мекеме қосылып, электронды форматқа 224 нысан көшірілген екен. Оның ішінде тұрғындардың 98,1 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Яғни, 1 997 750 адамның науқас тарихын цифрлы жүйе арқылы зерделеуге мүмкіндік бар. Ал облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі ауруханалардың интернетке қосылуы 100 пайызға жетсе, шалғай елді мекендерді ғаламтормен қамту 84 пайыздың шамасына жетіп отыр.