Руханият • 10 Қыркүйек, 2020

Ерін құрметтеген елміз

307 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

...Осыдан біраз ғана уақыт бұрын Спорт күні қарсаңында болған әңгіме кезінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мынадай ақпарат айтып, жүректі аунатып түсірді: «Бүгінгі біз әңгіме өткізіп отырған жекпе-жек сарайы­н, аманшылық болса, спорттағы батырымыз, еңбектегі еріміз Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың атымен атайтын боламыз! Бұл ұсынысты Парламентіміз де, Президентіміз де қолдап отыр!».

Ерін құрметтеген елміз

...Жақсылық өмірде тым қара­пайым, артық мақтанға, өз атын шулап айтуға қарсы болған сирек ерлердің бірі. Біз өмірде 45 жыл қатар жүріп, талай әңгімелестік те, талай сырластық та, сол кез­дері өзін елден бөліп атауға қар­сы болғанына куәмін. Сонау Ал­маты облысындағы Мыңбаев ауы­лына спорттық кешен салып, соның ашылуына шақырғанда да ғимараттың маңдайшасына өз атын жазу-жазбауды көп тал­қыладық... Яғни мына тосын, бірақ жүрек тербетер хабарға Жақаңның қатысы бар-жоқтығы мені қатты толғантты...

Жақсылық екеуміздің бір ауыл­­дан қыз алған бажалығымыз бар. Оның үстіне доспыз. Одан да емес болар, Жақаңның балалары мені көрсе үнемі әкесін көр­ген­дей жүздері жылып, қуана аман­дасып тұрады. Әсіресе үлкен ұлы Жандос маған өз баламдай жақын. Кезінде үшеуіміз бір жо­лыққанда, Жақаң Жандосқа: «Мына Несіп ағаң да сенің әкең болады. Кездескен са­­йы­н мені көргендей боп тұр!» дегені бар. Содан бері мен Жандосты «Жан­досжан немесе балам» дей­мін, ал ол менімен телефон арқылы байланысса да әкесіндей ерекше сыйлай сөйлесіп тұрады.

Сол Жандос таяуда, әкесін мәң­гілік мекеніне орналастырған соң маған хабарласып, мынадай өтініш айтты. «Аға, кімнен шық­қанын білмеймін, елордадағы Жек­пе-жек сарайына әкемнің атын беру жайлы әңгіме болып жа­тыр. Жоғарыдан бір ағамыз Пре­зиденттің атына хат жол­дауға ақыл берді. Сол хатты Сіз жазасыз ғой!» дегені. «Әрине, балам, дедім мен, – кезінде Қазақстанның Еңбек Еріне ұсынғанда да мен өзім бастап, «СПОРТ» газетінде мақала жариялап, оны көп­шілік болып талқылап, қоғамдық пікір тудырдық қой. Кейіннен Жақаң­ның қол­ғанаты боп жүрген Самат ба­лам­ның өті­нішімен ел Пре­зи­ден­тінің атына хат та жазып бер­дім, мұ­ны да жазамын балам!» дедім.

Хатты жазып бердім. Жоғарыға хат кетті. Бір жолыққанда Жан­дос­­тан сұ­радым бұл кімнің ұсы­нысы деп. «Біл­меймін, аға, – деді Жандос, – қалай бол­ғанда да қат­ты қуанып жүрміз». Араға күн салып, Жандосқа тағы сұрақ қой­дым: «Жандосжан, тірі күнінде әкең осындай немесе осыған ұқ­сас ойын, арманын айтушы ма еді?». «Жоқ, аға, әкем мұндай мә­селелерді көтермейтін бізбен...». «Сонда да болса, Жандосжан, Жақаң сенімен көп сырласатын, саған көп үміт артатын, не айтса да саған айтуы мүмкін-ау осы...» дедім, соңынан қалмай. «Аға, осы Жекпе-жек сарайы салынып жатқанда әкем оны талай көрді, әкеме сарайды шақырып көрсетті де... Өткен жылы сарайдың салта­натты ашылуы болғанда да әкемді арнайы шақырды. Сарай ашылуында ел Президенті болды. Сол салтанаттан әкем терең ойға бе­ріліп оралды.

Бір оңаша қалғанда маған «Ба­лам, сарай тамаша екен! Шір­кін елордадағы осындай спорттық кешенге атың берілсе не арман бар! Өлсең де сол атыңмен жас ұр­паққа үлгі-өнеге боласың ғой!» деп күрсінгендей, терең дем алып айтқаны рас. Былтыр күз­де әкем елордаға келген. Сол жолы қала әкімі Алтай Көл­гінов мырзаның қабылдауында болды. Шақырды ма, өзі сұранды ма білмеймін. Сол кездесуден үйге қос қанатын қағып келді де маған: «Балам, қала әкімі маған Жекпе-жек сарайына атымды бе­ретіндерін айтты! Қуанышымда шек жоқ!» деп көзіне жас алғандай болды. Бұл жолы әңгімені кім бірінші боп қозғағаны маған белгісіз боп қалды».

«Ал Жандосжан, әкеңде мұн­дай мі­нез, мұңдылық, күйректік бұ­рын жоқ еді, сен не байқадың кейінгі жылдары?» деп сұрадым. «Иә, аға, дұрыс айтасыз, әкем не ойласа да ішінде сақтайтын. Тек... осы 2019 жыл басталғалы өзінен-өзі мұң­данып, біздің ертеңімізді ой­лап, болашаққа деген ақыл-ке­ңес­терін жиі айтатын боп ал­ды...».

Жаратқанның тылсымына да, құді­ретіне де шек жоқ қой. Алла тағала Жақаң­ның да ғұмырының қалай өзгерерін біліп, осы мұңды ойларды жүрегі мен ақылына қа­тар салып, ауызбен айтқызып тұр ма екен?!. Қалай болғанда да ел Ба­тырының жан тереңіндегі осы бір құпия арманды Жаратқанның білгеніне дау жоқ!

Оның куәсі – министрдің айтқан ақпараты. Әрі бұл артық емес! Бұл – Жа­қаң­дай ердің есімін ел есінде мәңгілік қал­дыруға деген жүз қадамның біреуі болар. Таяуда Жақсылықтың туған топы­рағы – Жамбыл облысы да бас­қаға үлгі болар қадам жасады. Өңір басшысының ұсынысын об­лыстық мәслихат депутаттары қолдап, Тараздағы спорт сарайы­н Жақсылық Үшкемпіров атымен атауға шешім қабылданды! Депутат мырзаларға да, облыс әкі­мі Бердібек Сапарбаев мыр­заға да, ең бастысы, бұл шешімді қуана қуаттаған облыс халқына да мың алғыс!

Бұлар Жақсылық секілді елі­­не өлшеу­сіз еңбек сіңірген, абы­­рой әперген Ерге берілер ма­ра­­­паттардың басы ғана деп ой­лай­мыз. Болар елдің баласындай болып, Жекпе-жек сарайын Жақаңның атымен атап ал­сақ,оның табаны тиген, маңдай тері тамған бүкіл республика кө­лемінде ертеңгі ұрпаққа үлгі болар Батырымыздың атын бола­шаққа апарар талай үлгілі істер іс­телеріне дау жоқ. Өйткені Жақ­сылық Үш­кемпіров атты атпал азаматымыз қан­дай атақ пен даңққа да лайық болатын!!!

 

Несіп Жүнісбаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері