Коронавирус • 10 Қыркүйек, 2020

Сақтанған сан соқпайды

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Түркістан облысында эпидемиялық жағдай тұрақты. Бір күндік өсім 0,1 пайызды құрап, аурушаңдық көрсеткіші төмендеген. Дегенмен облыстың барлық медициналық мекемелерінде коронавирустық инфекциямен күрес жұмыстары бекітіліп, екінші толқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, бұл мақсатта жергілікті бюджет пен гуманитарлық көмек арқылы 800-ге жуық оттегі концентраторы алынған. Қарқынды терапия палаталары 1,5 мыңға жуық оттегі нүктелерімен жасақталған.

Сақтанған сан соқпайды

Эпидемиялық жағдай ескеріле отырып, облыстың медициналық ұйымдары мен «СҚ-Фармация» ЖШС-ы арасында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізіп беруге қосымша келісімшарттар жасалған. Мамандар қазірдің өзінде 2 айға жететін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Түркия елінен сатып алынып, жеткізілген дәрілік заттар ішінде осельтамивир, азитромицин, эноксипарин, ривароксабан, меропенем, рокурония бромид секілді 140 мың дана препарат бар. Айта кетелік, 253 млн теңгеге алынған дәрі-дәрмек легі инфекциямен күресте құрылған облыстық арнайы қорға жеткізіліп, қоймада сақталады.

«Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, ауруханалар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры толықтырылуда. Антикоагулянттар, антибиотиктер және өкпені жасанды желдету кезеңінде науқастың жағ­дайын жеңілдетуге арналған препараттар жеткізілген. Аталған дәрілік заттар 2023 жылға дейін жарамды. Күзде коронавирустың екінші тол­қыны өтуі мүмкін деген болжам бар. Сол себепті біз арнайы дәрілік қор жасақтадық», дейді Қоғамдық денсау­лық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Сондай-ақ өңірде тәуліктік қуаты 3 мыңға жуық сынаманы құрайтын 12 зертхана жұмыс істеуде. Бүгінге дейін 130 мыңнан астам адам тест тапсырған. Биыл 30 наурыздан бастап 8 қыркүйекке дейін COVID-19 расталған науқастар саны – 3343. Науқастардың 96 пайызы, яғни 3210-ы жазылып шықты. Оның ішінде симптомсыз жағ­дайдағы 2244 адам толық сауықты.

Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлағандай, коронавирусқа қарсы емдеу шаралары үшін Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасына сәйкес инфекциялық стационарларда 600 төсектік орын ашылып, про­визорлық стационарлар жабылған.

«Коронавирус және пневмония індет­терімен күресу мақсатында алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда құрамында дәрі­гер мен орта буын медицина қыз­меткерлері жұмылдырылған 380 мо­бильді топ жұмыс істеуде. Сондай-ақ медициналық ұйымдарда ашылған 20 Call-орталықтары тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қарқынды терапия палаталарының оксигеноте­рапиямен қамтылуы 1321 оттегі нүк­телерін құрайды. Медициналық ұйым­дарды сондай-ақ, қосымша өкпені жа­санды желдету аппараттарымен толық­тырып, жалпы санын 348-ге жеткізу жоспарлануда. Түркістан қаласында 200 орынға есептелген модульді жұқпалы аурулар ауруханасы бой көтереді. Індеттің өршуіне байланысты «Сақтансаң – сақтайды» деген тәмсіл соңғы уақытта халық арасында жиі айтылады. Сондықтан біз де көпшілікке сақтанғанның сан соқпайтынын айтып, барлық талаптарды орындауын үнемі ескертіп отырамыз», дейді басқарма басшысы Марат Пашимов.

Тағы бір айта кетер жаңалық – об­лыстағы медициналық жедел-жәрдем қызметінің жұмысын жеңілдету мақ­сатында «Каспий банк» және «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ-ы гуманитарлық көмек ретінде 20 «Chevrolet Damas» көлігін тарту етуде. Портативті жасанды өкпе желдеткіші, дефибриллятор, пульсоксиметр, ЭКГ құрылғысы орнатылған медициналық жедел-жәрдем көліктері облыстағы аудан, қалалардың ауруханаларына беріледі.

 

Түркістан облысы