Біз хабарласқанда Абдурахманның анасы Айнұр пошта бөлімшесінде Абдурахманның қолынан шыққан картиналарды өзге қалаға жолдауға кезекте тұр екен. Жас өскіннің жайын білгіміз келген еді. Уақыты тығыз болса да, кезектен ысырылып шығып, кейбір сұрағымызға жауап берді. Айтуынша, 2009 жылы үйдегі газ баллоны жарылып, ұлы Абдурахман мен өзі күйіп қалған. Жеткілікті қаржы жиналса, тездетіп Оңтүстік Кореяға жетіп, басы мен бетін, қолын түгел күйік шалған Абдурахманға ота жасатуға асығып отыр.
– 2009 жылы Орал қаласында тұрдық. Түс кезінде газ баллоны аяқ астынан жарылып, үйдің шатырына дейін қиратып кетті. Абдурахманның екіден енді асқан кезі еді, трубаға жақын отырған. Терезеден әзер қашып шықтық, – деп еске алды анасы Айнұр Исмағұлова. Оның айтуынша, ауыр операциялардан соң ұлының есте сақтау қабілеті нашарлап кеткен. Олар ұлын арнайы мектепте оқыту үшін бірнеше жыл бұрын Шымкентке көшіп келіпті. Бірақ бет-аузынан сау-тамтық қалмаған балаға таңырқап қарайтындар мұнда да көп, сол үшін Абдурахман сыртқа шыға бермейді, ұялады.
– Ұлымның жарасы әзер жазылды. Тыртығы қатайып, өскен сайын тыртысып кедергі келтіреді. Жұдырығын жұма алмайды, саусақтары тыртықтан қисайып барады. Күйіп қалған жүзінен сырттағы адамдар сескенеді, мектептегі балалар да өз ортасына қоспайды, – дейді Айнұр.
Ойын баласы оңаша отырып ой жүгірткенді ұнататын көрінеді. Онысынан тәп-тәуір дүниелер шығады. Оның қылқаламынан туған табиғат көріністері көшіруден, айнытпай қайталаудан ада. Кескіндеме бетін өрнектеген сезімі мен толғанысынан, келешекке деген үмітінен жан дүниесінің ерекше жылуын сезінесіз. Жас суретшінің шығармашылық ізденісі ерекше, бейнелеу тілін қалыптастыруға деген талпынысы мөлдір де тазалығымен айрықша.
– Сурет салуға кішкентайымнан құштар болдым. Әсіресе табиғат көріністерін салғанды жақсы көремін. Бір картинаны кем дегенде үш сағатта салып шығамын. Пластикалық операция жасату үшін өзім салған картиналарымды осылай сатып бастадым, – дейді Абдурахман.
Ол дос тапсам дейді, ел қатарлы мектепке барсам деп армандайды және осы арманының орындалатынына қалтқысыз сенеді. Дәл осы себепті де Абдурахман суретшілік өнерін тастамай, еміне қаржы жинауға кірісті. Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Грекиядан, Ресейден оның картиналарын алуға өтініш білдіріп жатқандар бар. Жеткілікті қаржы жиналса, тездетіп Оңтүстік Кореяға барып, ота жасатпақшы. Бүгінде Абдурахманның өнері туралы естіген ерікті топ инстаграм әлеуметтік желісі арқылы @sos_abdurahman парақшасында көмек жинауды бастап кеткен. Одан бөлек бейнелеу өнері студияларының жас талапкерлері де картиналарын сатып, Абдурахманның еміне үлес қоспақшы.
Кім білген, кескіндеме тілінің тазалығына шынайы берілген шебер, бәлки, қазақ бейнелеу өнерінің жарқын жұлдызына айналар. Ең бастысы, кішкентай суретшінің үлкен арманы орындалса игі еді деген жанашыр тілекпен баршаңызды жақсылықтың жаршысы болуға шақырамыз!