Отырыс барысында пандемия кезіндегі ақпараттық жұмыс және БАҚ-қа қолдау көрсету туралы, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат, сонымен қатар ҮЕҰ гранттық жобаларын жоспарлау және іске асыру әдістемесін жетілдіру туралы мәселелер талқыланды.
Өз сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева: «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл нысандарын одан әрі дамыту, қоғамдық мониторинг және мемлекет қабылдайтын шешімдерді бақылау қажеттігін атап өтті. Сондықтан «Қоғамдық бақылау туралы» заң осы мәселеге бағытталатын болады», деді.
Аида Балаеваның айтуынша, білім мен еңбекке ұмтылу арқылы ұлттың адами капиталының сапасын арттыру міндетін жұртшылықпен ынтымақтастық арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Министрлік мұндай кездесулерді тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отыр.
«Біз сіздердің ұсыныстарыңыз үшін әрқашан ашықпыз және оларды белсенді талқылауға дайынбыз», деді министр.
Сөзге шыққан Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірлері талқыланып, ақпарат, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл және этносаралық қатынастар салаларындағы жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар тыңдалды.
Отырыста айтылған барлық пікірлерді, ескертулер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізу және жауапты тұлғалардың назарына жеткізу жөнінде тапсырмалар берілді.