Қоғам • 14 Қыркүйек, 2020

Термин ұлт дыбысына үйлестірілсе ұтылмаймыз

591 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тіл жайлы, оның ішінде азат елдің мемлекеттік тілі, термині туралы айтқалы отыз жылдан асты. Жылт еткен сәуле жоқ деуге болмайды. Тәубе, дейтін тұс баршылық. Бұрын ана тілін білмейтін кейбір бауырларымыз биік қызметке қолы жетіп, шенеунік болған соң тілі былдырлап, артынан түзеліп кетіп жатыр.

Термин ұлт дыбысына үйлестірілсе ұтылмаймыз

Ұлт тілін жетік білетіндер бұл күнде сиреп бара жатқандай. Тіл қазынасы қанында таза сақ­талған, кеудесі күй шертіп, тілі­нен бал тамған үлкендер кеміп барады. Мұны бүкпей айтуға тиістіміз. Оған келтірер дәлелі­міз, теледидар мен радионы тың­дап, кейбір басылымдарды оқып отырғанда көзің жетеді. Ойы жұтаң, тілі орашолақтар именбей шыға келеді. Ондайлар тез тарайтын ақпарат құралдарын «жаулап» алды десе де болады.Қазір мақтангерлік мінберіне айнал­ған «Көк сандық» – не болса соған күле салатын әртістер­дің еншісінде кетті. Сөз мәйегін түсі­нетін журналистер көбіне қаға­берісте қалды. Мұндай жағдай тіл тірлігіне кері әсер етпейді деп кім айта алады? Әркім өз ісімен неге айналыспайды? Осындай жүйесіздіктер жүйкені жүндей түтетіні де ақиқат.

Осындай мәселелерді талқы­ла­ған бірнеше басқосулар бол­ды.Оны Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Тіл саясаты ком­и­­тетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы ұйымдастырып келеді. Жаңа әліппеге көшу барысында салалалық терминдерді қалай игеру керек деген мәселе бойын­ша өт­кен жиында термин ісін А.Бай­тұр­сынұлы үлгісінде жүйе­леу қа­жет­тігі алға тартылып, қан­дай тер­мин­дерді аламыз, оның қай­сы­сын аударуға болады, қай­сы­сын түп­нұсқада сақтау, өзге де ұлт істерін ретке келтір – жаңа әліп­­биге көшу кезінде аса қажет еке­ні тілге тиек етті. Бұл ертеңгі жас ұрпақты адастырмайды. Ең бас­­тысы, сол ұрпаққа қажет оқу құрал­­дарын­­дағы терминдерді бір ізділен­­діруді мүлтіксіз орындауымыз керек.

Ақиқатына келсек, қазіргі оқу­лықтардағы терминдер әртүрлі. Әр автор көбінде өз білгенін жазады. Бұл бірінші сыныптың бет ашар оқулығы «Сауат ашу» пәні­нен бастап, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге ар­нал­­ған кітаптарда да жалғасып жат­қанын кім жоқққа шығара алады? Мұның залалын оқушы мен студент тартуда. Ендеше,жаңа әліпбиге өту барысында алдымен оқулық жазу ісін жүйеге түсіру керек секілді. Онсыз ұрпақ алдындағы қарыз бен парызды өтеу былай тұрсын, өзара пікір таластырып жүріп, оларды ертең де дәл қазіргідей екіұшты жағдайға қалдырарымыз анық.

Алқалы жиындарда ғалымдар бұл туралы ой бөлісе келіп, керісе бермей келісе отырып, бастауыш сыныптан бастап, орта, кәсіп­тік, жоғары оқу орындары­на, өзге де салаларға керек латын әліпбиінде жа­зылатын оқулықтардағы тер­минді бір ізге түсіруді атады. Сол секілді, салалық термино­логия­лық сөздіктер әзірлеуді де алға тартты. Мұндай қадам ертең орын алып қалуы мүмкін, жүйесіздіктен, әр­кім білгенін ұсынатын сүрең­сіз­діктен, автор болуға талпынудан құт­қаратын,«Жазу түзету бірімізге емес, бәрімізге керек нәрсе ғой... «аққу,шортан,шаян» үшеуіне ұқсамайық!» (А.Байтұрсынұлы) дегізетін орынды бастама деп білеміз. Сол секілді кірме термин­дер жайы да қозғалып, әлі күн­ге дейін ескі сарыннан арылмай фантас – деп жазудың орнына орыс үлгісімен артық болса да «т» әрпін қосатынымыз айтылып, «журналист, турист» сөздері дәйекке келтірілді.

Мысалы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, заң мәтіндеріндегі термин қолданысы жайлы өз байламын айтқанда,заң терминдері әр азаматқа түсінікті де анық, айқын болуы тиіс, деп заң мәтіндерінің стилі мен сөйлем құрылысы мін­сіз болуымен қатар, бірізділікті сақтау шарт екенін алға тартты. Ол сол секілді, кей терминдердің әр заңда әр түрлі берілетініне қын­жы­лыс танытып, оған «айнала­дағы орта», «қоршаған орта», «дерек­қор, деректер базасы», «жал­ғыз терезе» қағидасы, «бір терезе» қағидаты «орнынан түсу», «отставкаға шығу», «аймақ аралық, өңіраралық», «өтінішхат, қол-хат», «сенімгерлік басқару, сенімді басқару», «сыныптама, сынып­тау, жіктеме» – осылай әр­түрлі болып жалғасып кете бере­ті­нін айтып, тіпті Терминком бекіт­­кен терминдердің заң­на­ма­дағы қол­даныста сақтал­майты­нын мы­сал келтіріп, «алып тас­тау» термині «алып қою», ал «қыз­меттік жазба» «қызметтік жазбахат» болып жүргенін, сол секілді, заңнама құжаттарында сөздердің бір ізділігі сақталмайтынын, жа­рыс­тыра қолдану барын, оған «өзгеріс енгізу, өзгерту енгізу» «хақылы, құқылы», «жауап­кер­ші­лік, жауаптылық», деп әр а­луан жазылып жүргенін, бұл аз де­се­ңіз сөздіктер де де бір ізді­лік­­тің болмайтынына да мысал­дар кел­тірді. Мәселен, «Заң тер­мин­дерінің сөздігінде» «зәру­лік» деген сөз «Заңнамада жиі қол­­да­нылатын сөздер мен сөз тір­кес­тері» сөздігінде «тапшы­лық», ал «Қаржы-банк термин­дері­нің сөздігінде» «кемістік, жетіс­­пеу­шілік» болып жүргенін алға тартады. Заң терминдерінің бір ізге түспей, бір ұғымды әр түрлі атау жұртты шатастырмай қоймайды.

Заңгер Ернұр Уәли заң терминдерін жетілдіру, қазақ тіліндегі заң лингвистикасының сапасын арттыру жайын қозғап, жетістіктерді де айта келіп, қордаланған мәселелерді назардан шығармады. Ол ең алдымен терминдерді бірізділендіру керектігін, сол секілді синоним сөздерді реттеуді баса айтты. Мысалы, ең жиі қолданатын «довод» термині нормативтік актілерде «дәлел»деп қолданылса, хат алмасуда «уәж» делінетінін, «әуре сарсаңға салу» да «сарсаңға салу, сөзбұйдаға салу, созбалаңға салу» және «беспристрастность» термині бірде «бейтараптылық, алала­маушылық» болып жазы­латынын еске салды. «Ответственность» деген сөз Қылмыстық кодексте «жауаптылық», Азаматтық кодекс­те «жауапкершілік», ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­те тіпті екі түрлі «жауаптылық, жауапкершілік» деп аударылға­нын атап, бекітілген терминдердің өзінде қарама қайшылықтың бар екеніне дәйектер келтірді. Бұл арадағы ең басты нәрсе, заң тер­мин­дерінің түсіндірме сөздігін шы­ғарса деген талқыға ұсынды.

Белгілі журналист Дәуітәлі Омаш­ұлы ұлттық заңнама тер­мино­логиясындағы өзек­ті мәсе­лелерге келгенде норматив­тік құ­қықтық актілер жобаларын қазақ тілінде әзірлеу қажеттілі­гін атап, кеңес өкіметі тұсында ұлттық терминологиямыз интернационалистік принципке сүйеніп, сөздің түбірі сақталып, жалғауы орысшаға бейім­делгенінен мысалдар келтірді. Қандай терминді алу керек деген мәселеге ой жүгірткенде,ол өзге елдердің тәжірибесін тілге тиек етті. Мысалы «партия»деген сөзді орыстар француздан ал­ғанын, француздарға латыннан келгенін айтып, орыстар тілдік қорының отыз пайызы латыннан келгенін,олар тіл заңдылығын сақтай отырып, өздеріне кіріктіріп жібергеніне дәйектер келтірді. Бұл тұрғыдан келгенде, олардан үйренеріміз баршылық

Жалпы, термин мәселесін түзеу ісін сөз еткенде, ұлттық ұғым бірін­ші кезекте тұруы тиіс. Сонда ғана тіліміздегі ала-құлалық жойы­лып, терминдеріміз бір қалыпқа тү­сері сөзсіз. Бұл іс жаңа әліпбиге көшу кезінде тиянақталмаса, соңы бүгінгідей әр алуан пікірлерге ұла­сып, кейінгі толқынға ауыр тиері шүбәсіз. Сондықтан да «Оқуға бала­лар дыбыс үйренеміз деп кел­мейді, оқу, жазу үйренеміз деп келеді. Мұны түсініп, біліп істе­се,бұл үйретудің ауырлығын көп жеңілдетеді», деп Ахмет Бай­тұр­сынұлы айтқандай, әр ісіміз келер ұрпақтың санасына ұлт рухының сәулесін түсіріп тұрса, ұлтымыз ұтылмайды, ұрпақ шатаспайды, өзімізге жүктелген жүкті дер кезінде атқарғандық болар еді-ау!.