Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2020

Шатырға шыққан шәкірттер

2198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда тұратындардың бәрі бірдей шекесі шылқыған бай-қуатты емес. Әсіресе шағын ауылдарды мекен еткен отбасылардың арасында тұрмыстық жағдайы төмендері де бар. Мәселен, Мақат ауданындағы Ескене елді мекені де тұрғындары жан-жаққа қоныс аударған шағын ауылдардың қатарына кіреді. Енді мұнда 13 отбасының мектеп жасындағы 22 баласы қашықтан оқуда қиындыққа ұшырап отыр.

Шатырға шыққан шәкірттер

Өйткені осы кезге дейін Ес­кенеге интернет желісі тартыл­маған. Сол себептен, мектеп оқу­шылары шатырға шығып, интер­нет желісін іздеуге мәжбүр. Білім нәрімен сусындағысы кел­ген шәкірттердің сатымен ша­тырға шығып-түсіп жүрген сәті әлеуметтік желілерде де, БАҚ бе­т­інде де жарияланып жатыр. Шы­нымен солай ма? Мұндай шағын ауылдарда тұратын оқушылар интернетпен неге қамтылмаған?

Осындай сауалдарға жауап алу үшін Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкинге хабарласқан едік. Әкімнің мәліметіне сүйенсек, «Қа­зақтелеком» АҚ өңірлік фи­лиа­лының басшылары 20 тамызға дейін Ескенедегі үйлерді интернет желісімен қамтуды Beeline және Kcell мобильді байланыс опе­раторлары арқылы шешуге уәде берген екен. Алайда атал­­­ған мобильді байланыс опе­ра­торларының қызмет көрсетуі қар­­жыға тірелгендіктен, «Қа­зақ­те­леком» АҚ өңірлік филиалының бас­шылары бұл мәселенің шешіл­мей­тінін ескертіпті.

– Туындаған мәселені оң ше­­шу үшін «Транстелеком» ме­ке­­месінің басшыларына өтініш біл­­дірдім. «Транстелеком» меке­ме­сі тара­пынан Ескене елді меке­нінде темір жол торабының бір бетіндегі 11 үйдің тоғызына оп­­тикалық талшық желісі жүр­гізілді. Енді бұл мекеме қажетті материалдардың болмауына байланысты қалған үйлерді алдағы қазан айында интернетпен толық қамтуды жос­парлап отыр, – дейді аудан әкімі.

Ш.Кейкиннің айтуына қара­ғанда, темір жол торабының ке­лесі бетінде 14 отбасы тұрады. Олардың мектеп жасындағы 19 баласы да кеңжолақты интернет желісінің игілігін көрмей отыр. Бірақ Аctiv мобильді байланыс операторының қызметін пайдаланады.

– Бұрын Ескене елді меке­ніндегі 22 бала, Таскескен елді мекенінен 6 бала, №441 бекет­те тұратын 2 бала Доссор кентіндегі С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатта оқыды. Оқу­шылар­ға аталған мектеп-интернатта 2020-2021 жылғы оқу процесін жүр­гізуге дайынбыз. Осыған орай өзім, орынбасарым, округ әкімі, аудандық білім беру бөлі­мінің басшысы, С.Шәріпов атын­дағы мектеп-интернаттың дирек­торымен бірге Ескене елді ме­кеніндегі ата-аналармен кездесу өткіздік. Ата-аналардан мек­теп жасындағы балаларын мектеп-интернатта жатып оқуға жіберуін сұрадым. Мектеп-интернатта жа­тын орны да, тамағы да, интернет желісі де дайын, – дейді Ш.Кейкин.

Алайда тұрғындар балаларын Доссор кентіндегі мектеп-интер­натта жатып оқуға жіберуге келіспей отыр. Осыған орай ата-аналар өздерінің қарсылығын қағазға түсіріп, қолын қойып бе­ріпті. Енді олар балаларын қа­шықтан оқыту үшін интернет желісін орнату мүмкіндігі қарастырылғанын қалайды. 

– Балалар – біздің болаша­ғы­мыз. Олардың қандай жағдайда да сапалы білім алуына көмегіміз­ді береміз. Сол себептен, аталған ауылдарға интернет желісін тарту жұмыстарын жеделдетуді қолға аламыз, – дейді аудан басшысы.

Елімізде цифрландыру жобасы қолға алынып, барша жұрт интернеттің игілігін көріп отыр­ғанда, шағын ауылдардағы шә­кірттердің ұмыт қалғаны, олардың шатырға шығуға мәжбүр болғаны өкінішті-ақ. Бұған дейін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, мобильді байланыс операторлары арқылы сатып алынатын 3 мың роутер қайда екен? Ал ата-аналар балаларының шатырға шығуына неге рұқсат берген?

 

Атырау облысы,

Мақат ауданы