Экономика • 17 Қыркүйек, 2020

Постпандемия: Сақтандыру нарығы қалай өзгерді?

416 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемия жаһандық сақтандыру нарығын қаншалықты өзгертті? Келер жылы сақтандыру нарығын не күтіп тұр? Жуырда Freedom Finance Life компаниясының мамандары осы мәселелер төңірегіндегі зерттеу нәтижесін жариялады.

Постпандемия: Сақтандыру нарығы қалай өзгерді?

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

 

Коронавирус инфекциясы бір жылға жетпейтін уақыт ішінде әлемді шарпып үлгерді. Осы уақытта 29,3 млн-нан астам адамға жұғып, 929 мыңнан астамы қайтыс болды. Сауыққандар саны 20 млн-ға жуықтайды. Әлем бойынша экономиканың барлық секторында күрделі өзгерістер болды: шикізат баға­сы күрт құлдырап барып көтерілді; шағын және орташа бизнес зардап шекті, жұмыссыздық деңгейі өсті. Отан­дық және шетелдік аналитиктер коро­надағдарысты 2008-2009 жылғы қар­жылық дағдарыспен салыстырады. Ал азаматтардың тұрмысына, ден­сау­лығына һәм табысына тиген залал сақтандыру нарығына тікелей әсер еткені түсінікті. Сақтандыру секторын жеке алатын болсақ, сарапшылардың болжамына қарағанда саладағы сыйақы мөлшері жаһан бойынша 6%-ға азаяды.

Swiss Re швейцарлық сақтандыру компаниясының бас экономисі Жером Жан Хегельдің пікірінше, көпте­ген дамыған елде сақтандыру сыйақы­сының көлемі дағдарыс алдындағы көрсеткішке жақындау процесі келер жылы ғана бас­талады.

– Біз сақтандыру сыйақысының 2021 жылғы өсімі шамамен 3%-ды құрайды деген оптимистік болжам жасап отырмыз, – дейді ол.

Халықаралық зерттеу агенттіктері материалдық зардап пен пандемия кезіндегі сақтандыру төлемдерінің сомасын есептеуді бастады. Swiss Re Institute ақпараты бойынша сақтан­дыру­шылардың төлемдері шамамен 55 млрд долларды құрайтын болады. Өмірді, сонымен қатар мүлікті сақтандыруды қамтитын сақтандыру төлемдерінің максимал сомасы 100 млрд долларға дейін көтерілуі мүмкін. Мұның масштабын 2017 жылы болған Харви, Ирма және Мария дауылдары келтірген залалмен салыстыруға болады.

Swiss Re Institute сарапшылары, пандемияға дейін әр өңірдегі сақтандыру секторының дамуына қатысты әркелкі болжам жасап отыр. Айталық, АҚШ-та 2019 жылдан бастап өмірді сақтандыру және аннуитеттер бойынша сыйақы өсімі 1,2 %-ға дейін бәсеңдеген болатын. Пандемия салдарынан туындаған барлық жағымсыз факторларды ескере отырып, сарапшылар 2021 жылы құлдырау жалғасады деп есептейді.

Былтыр Канадада аннуитеттік сақ­тан­дыру жарналары 1,2%-ға төмен­деді. Биылғы экономикалық дағдарыс және қаржы нарығының құбыл­ма­лылығы нәтижесінде оның көлемі тағы төмендейді. Алайда келер жылдан бас­тап дағдарыс алдындағы көрсет­кіш­терге біртіндеп жақындауға тиіс.

Бразилияда 2018-2019 жылдары сақтандыру сыйақысы едәуір өскен-ді (+12%). Елде зейнетақы реформасы қабылданғаннан кейін халықтың жи­нақ­­таушы өнімдерге және өмірді сақ­­тан­дыруға қызығушылығы артты. Алайд­а пандемия кезінде өсім тоқ­­тап қалды. Бұл елде 2021 жылы 2018-2019 жылдарындағы көрсеткіштер тез қалпына келетініне сарапшылар сенім­сіздік білдіріп отыр. Мексикадағы жағдай да Бразилияға ұқсас өрбиді, сақтандыру нарығының қалпына келуі өте баяу болады. Ал Аргентинада кері­сін­­ше сақтандыру сыйақысының көлемі былтыр 2018 жылмен салыстыр­ған­да қатты төмендепті – 14%-ға дейін. Covid-19 салдары сақтандыру секто­рын­­дағы ахуалды одан әрі нашарлатты, жағ­дай таяу болашақта тұрақтануы қиын.

2019 жылы Испания, Португалия және Австрия, Ұлыбритания сынды Еуропа елдерінде 2018 жылмен са­лыс­­тырғанда сақтандыру көрсеткіші тө­мен­деді. Францияда пандемияға дейін керісінше сақтандыру жарналары 3,5%-ға өсті. Коронавирустан ең бірінші болып зардап шеккен әрі ең көп залалға ұшыраған Италияда, ірі сақтандырушылар клиенттерін Covid-19 тәуекелінен сақтау үшін жеке полистер әзірлеген.

Қазір сарапшылар Еуропа мемлекет­теріндегі сақтандыру нарығының бола­шағына қатысты жорамал жасауға қи­налады. Көктемде аталған елдерде ауру жұқтыру мен өлім көп болғанымен, зар­дап шеккендердің көбісі жасы егде адамдар болғанын, басым көпшілігі сақтандырылмағанын ескеру керек. Дегенмен жыл аяғына дейін сақтандыру жарналарының саны шамамен 10%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Пандемия Қытайда басталғаны мәлім. 2019 жылы бұл елде сақтандыру жарналары 6,7%-ға өсті. Алғашқыда Covid-19 сақтандыру нарығына кері әсер етті, қатаң карантин полис сатушы агент­тердің жұмысына кедергі келтірді. Алай­да сақтандырушылар елдегі жағ­дайға тез бейімделіп, сақтандыру сер­висін цифрлы форматқа көшірді. Бұл постпандемия кезеңінде шамамен 2%-ға өсуіне әсер етті. 2021 жылы Қытайда сақтандыру жарналары 10%-ға көбейеді деген болжам бар.

ТМД елдеріне келер болсақ, былтыр Украинада сыйақы мөлшері 11%-ға ұлғайыпты. Ресейде көрсеткіш 13%-ға құлдырады. «Эксперт РА» рейтинг агент­тігінің мәліметінше, ресейлік сақтан­дырушы компаниялар 2020 жылдың аяғына дейін сақтандыру жарнасының төрттен бір бөлігінен айырылуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, сақтандыру секторында осы жылдың соңына қарай тұрақтану процесі басталуға тиіс.

Шетел аналитиктерінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда былтыр сақтан­дыру сыйақысының көлемі екпінді түрде ұл­ғайып, 58%-ға жуықтады. Ұлт­тық Банктің хабарлауынша, биылғы 1 та­мызда оның жалпы көлемі 213,4 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 7%-ға артық.

Елімізде коронавирустан сақтандыру полистерін ресімдеу сәуір айында басталғанын айта кетейік. Маусым айында емханада жатқан сақтандыру компанияларының клиенттеріне 500 мың теңге мөлшерінде алғашқы төлемдер берілді.