Жайылымдық жер таппай тығырыққа тірелген қарапайым халықтың жанайқайы біраздан бері басылар емес. Ауыл тұрғындары өз елінде, өз жерінде өгейдің күнін кешіп отырғандарына күйінеді. Оңға барсаң да, солға барсаң да алдыңнан анталап жердің қарауылдары шыға келеді. Иелерінің бұйрығы бойынша бұл жерлерге ешқандай мал жайылмайды.
Жалпы, Жамбыл облысының бірқатар аудандарында жайылымдық жер мәселесі өткір күйінде қалып тұр. Әлеуметтің әкімдермен кездескенде де айтатын, көтеретін мәселесі – осы. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында да жайылымдық жер мәселесінің туындағанына талай жыл. Алайда кезінде жерді жекешелендіріп алып, кейіннен оны не өзіне, не өзгеге қимай «сары майдай» сақтап отырғандар көп. Өзі ауылдың малын бағып күнелтетін Жандос Жазықов ауылды жерде мал бағып, жан сақтап отырған адамдар үшін мұның қиын екенін айтады.
«Қазір ауылда мал жаятын жер жоқ. Күнде таңертең шығыстан да, батыстан да жүздеген мал шығады. Енді бұлар қайда жайылады? Жердің бәрі жекешеленіп кеткен. Егелері ешкімді жолатпайды. Не өздері ол жерге мал бақпайды», дейді ол.
Расында да, көпшіліктің күйінетіндей жайы бар. Әлімсақтан күнкөріс қамы мал бағу болып келген ауыл тұрғындары енді қайтеді?!. «Аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегендей, ұлан-байтақ қазақтың жерінен бүгінде мал жаюға жер табылмай отырғаны жергілікті жұртшылықтың көкейкесті мәселесі.
Сол сияқты Байзақ ауданы, Ақшолақ ауылы тұрғындарының да көрген күні осы. Жердің көбі жеке адамдардың қолына өтіп кеткендіктен, мұнда да жайылымдық жердің мәселесі туындауда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан шағын ауылдың шаруаларын осы мәселе алаңдатады. Оған қоса, осы жолмен минут сайын жүйткіген көліктер ауыл малдарының арғы бетке өтуіне орасан қауіп төндіреді екен. Бұл бір жағынан жолаушыларға да қауіпті. Тіпті ауылда жолдың арғы бетіне өтетін жерасты көпірінің бітеліп қалғандығынан тұрғындар малды жолдың үстімен айдап өтіп, ақырында талай жол-көлік оқиғасы болған. Ал Ақшолақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Бекмұратовтың айтуынша, ауыл тұрғындарына өткен жылы мал жаю мақсатында 350 гектар жер беріліпті. Бүгінде оған қоса ауыл тұрғындары малдарын егістік алқаптарының орындарына жайып, күнелтуде.
Бұл – екі ауылдағы ғана жағдай. Жалпы, Жамбыл облысында 377 елді мекен бар болса, оның тең жартысынан астамында жайылымдық жер жетіспейді. Мәселен, Тараз қаласына қазіргі кезде 14 736 гектар, Жуалы ауданына 120 950 гектар, Байзақ ауданына 160 914 гектар, Жамбыл ауданына 41 140 гектар, Қордай ауданына
14 542 гектар және Меркі ауданына 146 638 гектар жайылымдық жер керек екен. Облыс орталығы мен 5 аудандағы жай осындай. Бұл ретте облыс бойынша 498,9 мың гектар жайылымдық жер жетіспейді. Ал ауыл шаруашылығына қолайлы өңірде 566 405 мал басының жайылымға шығатынын ескерсек, жер мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көруге болады.
Бүгінгі таңда облыста босалқы жер қорында 1 340 056 гектар жайылымдық жер бар. Оның ішінде 511 749 гектар жерді айналымға енгізуге болады екен. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев бұл жерлерді әрбір ауданның әкімдері ауылдардың жетіспейтін жайылым жеріне босалқы жайылымдар есебінен конкурссыз бекітіп беруі керектігі туралы айтқан болатын. Дегенмен оның қаншалықты деңгейде жүзеге асатынын уақыт көрсетеді.
«Облыстың көптеген ауылында жайылымдық жерлердің жетіспейтіні рас. Бұрынғыдай емес, қазір мал басы ұлғайған. Бірақ жайылымдық жерлер өте аз. Жалпы, кезінде көптеген шаруа қожалықтарының иелері жерді өздеріне алып алған. Енді кейбіреуінің жері бар, бірақ малы жоқ. Біз бұл мәселенің бәрін де зерделеп жатырмыз», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Құлкеев.
Шынында да кезінде есебін тауып, жайылымдық жерлердің көбін еншілеп алғандарды анықтау жұмыстары жүргізілуі керек. Қазіргі кезде мемлекет қолдауының нәтижесінде несие алып, мал шаруашылығымен айналысып отырған отбасылар көп. Олар алған малын қайда бағады, қалай күн көреді деген мәселе қазір өңірдегі екі ауылдың бірінде бар. Шөбі көктем келгенде жайқалып өсіп, жаз ортасынан ауа бере күн көзіне босқа күйіп кететін өзгенің иелігіндегі жайылымдық жер не өзіне, не өзгеге жоқ күйінде қалып тұр. Мұның бәрі де хакім Абайдың «Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» деген өлеңін еске түсіретіні анық. Сондықтан да мұндай мәселелердің шешімі табылмай, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының алға басуы қиын...
Жамбыл облысы