Мәселелер жергілікті жерде шешілуі тиіс
Мәселенің түйінін тұрғылықты жеріңіздің әкімі шешер еді ғой десеңіз, «ауылдағы әкімнің қолында не бар?» деп күңк ете қалады ел. Қалай десеңіз де, шындық сол. Түптеп келгенде, жергілікті басшылардың қолында басқарудың тетігі жоқ па, әлде халықтың сенімінен шыққан ба? Нақты мысалдар келтіре отырып, бұл сұрақтың байыбына барып көрмек болдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр», деп айтқан болатын. Шынында да, жергілікті жердегі басшылар шешуі тиіс мәселенің аяғы құрдымға кеткен соң, амал жоқ халық астанаға, Ақордаға шағымданады.
Естеріңізде болса, маусым айында тендер мәселесіне қатысты Александр Федосов, Болат Бағадаев, Анатолий Томилов, Айнаш Сұлтанбекқызы, тағы да басқа кәсіпкерлер облыста құрылған арнайы жұмыс тобына сенімсіздік білдірген болатын. Сонда ашынған кәсіпкерлер күрмеуі қиын тендердің сұрағы Үкімет деңгейінде қаралса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанайқайымызға құлақ асса деген өтініштерін айтқан еді. «Біз бұған дейін қаншама рет облыстағы құзырлы органдарға шағымданғанбыз. Нәтиже болмады. Сондықтан Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз», деген еді олар. Кәсіпкерлердің амалы қалмай, жергілікті жерден үміт үзген соң ғана Мемлекет басшысынан көмек сұраған. Мұны бір деп қойыңыз.
Шекара шебіндегі ауылға ауыз су керек
Өткен айда Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы Президентке арнайы бейнежазба жолдады. Мұндағы қордаланып қалған мәселе – ауылдағы ауыз су еді.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз 5000 тұрғынның және көпбалалы аналардың атынан Сізден қолдау сұраймыз. Себебі 2013 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қайрат Нәбиевтің басшылығындағы мердігер компания тендерді ұтып алған. Екі жыл өтті, судан пайда көре алмадық. Облыс көлемінде ешқандай нәтиже жоқ. Күз болса мынау. Біз енді ешкімге сенбейміз. Сіздің тікелей көмегіңіз керек. Астанадан комиссия жібересіз бе, өзіңіздің бақылауыңызға аласыз ба, ауыз суға көмек көрсетіңіз. Тұғылдықтардың атынан көмек сұраймыз», деп бейнежазба жолдаған.
Ал жарияланған жазбаға «осы мәселені шешіп бере алмаса облыс, аудан әкімдері не үшін керек? Міндетті түрде Президент араласып шешу керек пе?» дегендей пікірлер жазылған. Өте орынды пікір. Жергілікті жердің мәселесіне жергілікті басшы араласып, халықтың жағдайын түземесе, не қайыр?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деген.
Рас, көп мәселе сөз жүзінде қалып, соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Ондайға халықтың еті де үйренген. Тұғылдықтардың көтерген мәселесіне берілген жауап та сол, құр уәдеден аспай келе жатқан сияқты.
– Кеше ғана судың басына барып келдім. Сенбіден бастап жұмысты бастаймыз дегендердің ешқайсысы жоқ. Өткенде басшылар келіп, қол алысып кеткен. Айтады, кетеді. Президент халық игілігін көрсін деп ауыз суға ақша бөлді ғой. Бұлар болса түк бітірген жоқ. Көшедегі колонкаларды алып тастаған соң ел шығынданып, үйді-үйіне су құбырын тартқан. Өкінішке қарай, қызығын үш-ақ ай көрдік. Қолымызда келісімшартқа дейін бар. Қазір өзіміз суды бұрынғы құдықтан аламыз. Ол таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін ғана істейді, – дейді көпбалалы ана, зейнеткер Назипа Кешубаева.
Дегенмен кем-кетікті түзеу үшін атқарылатын жұмыстарды Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қадағалауына алыпты.
Тұғылдық тұрғындардың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын су тартылды. Жергілікті басшылық жұмысы аяқталған нысанды қабылдап та алған. Бірақ халық әлі күнге ауыз суға жарымай отыр. Атқарылған, дұрысы атқарылмай қалған жұмысқа миллиондаған қаржы бөлінді. Нақтырақ айтсақ, су құбырын тарту жобасына мемлекет бюджетінен 804 708 224 теңге бөлінген көрінеді. Ауылдықтар ауыз сусыз отыра берсе, желге ұшқан қаржы дей беріңіз.
Бұл ауыл шекара шебіне таяу жатыр. Таяу жатқан ауылдың бес мыңдай тұрғыны бар. Негізгі шаруашылықтары – балық. Балық демекші, Президент Жолдауында балық шаруашылығына да көңіл бөлу керектігін айтқан. Ал жергілікті билік балықшы ауылын қарапайым ауыз сумен қамтамасыз ете алмай отырса, шаруашылықтарын дөңгелетуге қайтіп жағдай жасамақ?!
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру үшін не істемек керек? Шығыстағы шымбайға бататын азды-көпті мәселеге шолу жасап көрдік. Облыс, аудан, ауыл тұрғындары көкейдегі проблемаларды алға тартып, Президенттен көмек сұрауды жалғастыра бермек. Жергілікті билік ше?!
Шығыс Қазақстан облысы