Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2020

Халықтың үміті – Президентте Жергілікті басшылар сенім үдесінен шыға алмай отыр

370 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрында қалай еді, ауылдағы мәселені ауылдың ішінде-ақ шеше сала-тұғын. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дегендей. Әрине, заман басқа, заң басқа. Қазір ғой, халық жергілікті биліктен гөрі, Президентке тікелей шыққанды жөн көреді. Хат жазады, әлеуметтік желі арқылы бейнежазба жолдайды.

Халықтың үміті – Президентте Жергілікті басшылар сенім үдесінен шыға алмай отыр

 

Мәселелер жергілікті жерде шешілуі тиіс

Мәселенің түйінін тұрғылықты жері­ңіздің әкімі шешер еді ғой десе­ңіз, «ауылдағы әкімнің қолында не бар?» деп күңк ете қалады ел. Қалай десе­ңіз де, шындық сол. Түптеп келгенде, жергілікті басшылардың қолын­да басқарудың тетігі жоқ па, әлде ха­лық­тың сенімінен шыққан ба? Нақты мысалдар келтіре отырып, бұл сұрақтың байыбына барып көрмек болдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Ашығын айтуымыз керек, мемле­кет­тік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздері­нің жергілікті деңгейдегі мәселе­лер­і­мен орталық мем­лекеттік орган­дарға жүгініп, Мемлекет басшысына ша­ғымдануға мәжбүр», деп айт­қан болатын. Шынында да, жер­гілік­ті жер­дегі басшылар шешуі тиіс мәсе­ле­нің аяғы құрдымға кеткен соң, амал жоқ халық астанаға, Ақордаға шағым­данады.

Естеріңізде болса, маусым айында тендер мәселесіне қатысты Александр Федосов, Болат Бағадаев, Анатолий Томилов, Айнаш Сұлтанбекқызы, тағы да басқа кәсіпкерлер облыста құрылған арнайы жұмыс тобына сенімсіздік білдірген болатын. Сонда ашынған кәсіпкерлер күрмеуі қиын тендердің сұрағы Үкімет деңгейінде қаралса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанайқайымызға құлақ асса деген өтініштерін айтқан еді. «Біз бұған дейін қаншама рет облыстағы құзырлы органдарға шағымданғанбыз. Нәтиже болмады. Сондықтан Мемлекет басшы­сынан көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз», деген еді олар. Кәсіп­кер­лердің амалы қалмай, жергілікті жерден үміт үзген соң ғана Мемлекет басшысынан көмек сұраған. Мұны бір деп қойыңыз.

 

Шекара шебіндегі ауылға ауыз су керек

Өткен айда Тарбағатай ауданын­дағы Тұғыл ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы Президентке арнайы бейнежазба жолдады. Мұн­дағы қордаланып қалған мәселе – ауылдағы ауыз су еді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы! Біз 5000 тұрғынның және көп­балалы аналардың атынан Сізден қол­дау сұраймыз. Себебі 2013 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қайрат Нәбиевтің басшылығындағы мердігер компания тендерді ұтып алған. Екі жыл өтті, судан пайда көре алмадық. Облыс көлемінде ешқандай нәти­же жоқ. Күз болса мынау. Біз енді еш­кімге сенбейміз. Сіздің тікелей көме­гіңіз керек. Астанадан комиссия жібересіз бе, өзіңіздің бақылауыңызға аласыз ба, ауыз суға көмек көрсетіңіз. Тұ­ғылдықтардың атынан көмек сұраймыз», деп бейнежазба жолдаған.

Ал жарияланған жазбаға «осы мәсе­лені шешіп бере алмаса облыс, аудан әкімдері не үшін керек? Міндетті түрде Президент араласып шешу керек пе?» дегендей пікірлер жазылған. Өте орынды пікір. Жергілікті жердің мәселесіне жергілікті басшы араласып, халықтың жағдайын түземесе, не қайыр?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәні­сінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжы­рымдамасы. Азаматтардың мәселе­лерін тыңдап, көріп қана қою жеткі­ліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деген.

Рас, көп мәселе сөз жүзінде қалып, соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Ондайға халықтың еті де үйренген. Тұғылдықтардың көтерген мәселесіне берілген жауап та сол, құр уәдеден аспай келе жатқан сияқты.

– Кеше ғана судың басына барып келдім. Сенбіден бастап жұмысты бас­таймыз дегендердің ешқайсысы жоқ. Өткенде басшылар келіп, қол алысып кеткен. Айтады, кетеді. Президент халық игілігін көрсін деп ауыз суға ақша бөлді ғой. Бұлар болса түк бітірген жоқ. Көшедегі колонкаларды алып тастаған соң ел шығынданып, үйді-үйіне су құбырын тартқан. Өкінішке қарай, қызығын үш-ақ ай көрдік. Қолымызда келісімшартқа дейін бар. Қазір өзіміз суды бұрынғы құдықтан аламыз. Ол таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін ғана істейді, – дейді көпбалалы ана, зейнеткер Назипа Кешубаева.

Дегенмен кем-кетікті түзеу үшін атқарылатын жұмыстарды Nur Otan пар­тиясының Шығыс Қазақстан об­лыс­тық филиалы қадағалауына алып­ты.

Тұғылдық тұрғындардың айту­ын­ша, осыдан екі жыл бұрын су тар­тылды. Жергілікті басшылық жұмысы аяқ­талған нысанды қабылдап та алған. Бірақ халық әлі күнге ауыз суға жарымай отыр. Атқарылған, дұры­сы атқарылмай қалған жұмысқа мил­лиондаған қаржы бөлінді. Нақтырақ айтсақ, су құбырын тарту жобасына мемлекет бюджетінен 804 708 224 теңге бөлінген көрінеді. Ауылдықтар ауыз сусыз отыра берсе, желге ұшқан қаржы дей беріңіз.

Бұл ауыл шекара шебіне таяу жатыр. Таяу жатқан ауылдың бес мың­дай тұрғыны бар. Негізгі шаруашы­лықтары – балық. Балық демекші, Пре­зидент Жолдауында балық шаруа­шылығына да көңіл бөлу керектігін айтқан. Ал жергілікті билік ба­лық­шы ауылын қарапайым ауыз сумен қамтамасыз ете алмай отырса, ша­руа­шылықтарын дөңгелетуге қайтіп жағ­дай жасамақ?!

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру үшін не істемек керек? Шығыстағы шымбайға бататын азды-көпті мәселеге шолу жасап көрдік. Об­лыс, аудан, ауыл тұрғындары кө­кей­дегі проблемаларды алға тартып, Президенттен көмек сұрауды жал­ғастыра бермек. Жергілікті билік ше?!

 

Шығыс Қазақстан облысы