Шараға қатысқан университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ғалымның ұлы Ерлан Ыдырысов пен қызы Құралай Әбілфайызқызы, Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек және зиялы қауым өкілдері Ә.Ыдырысов атындағы оқу-өндірістік дәрісхананың ашылу рәсіміне қатысып, қайраткер шығармашылығына қатысты құнды құжаттармен танысты.
Конференцияның ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов кіріспе сөз сөйлеп, Әбілфайыз Ыдырысовтай тұлғаның қазақ журналистикасының дамуына қосқан сүбелі еңбектеріне тоқталып өтті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбілфайыз Ыдырысов «Қазақстан пионері» газеті редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редакторы «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор болып еңбек етті. Осы жылдар ішінде оның қаламынан шыққан сегіз жүзден астам публицистикалық мақала, очерктерін, газет безендіру, полиграфия ісіне арнаса, мақалаларды өңдеу және редакциялау шеберлігіне байланысты «Қазақ журналистикасының тарихы», «Очерк журналистика жанры ретінде», «Баспа өнімдерін әсемдеу», тағы басқа да әдістемелік құралдары мен оқулықтары бүгінде қазақ журналистикасының шеберханасында жоғары сұранысқа ие еңбектер қатарында аталады. Ал М.Әуезов туралы «Әуезовке іңкәрлік» деген ғылыми-эссе кітабы, «Ахаң мен «Қазақ» газеті жайлы ақиқат», «Адамзат мәдениетінің өркені», «Қарақайлыны билеген қазақтар», «Қазақтың аттары беймәлім патшалары, баспагерлері», «Skun касак-көсем қазақ», «Терең тарихтың өшпес ізі» зерттеулері де ғылыми ортаға кеңінен мәлім. Профессордың шығармашылығындағы «Берік», «Айжанның ғашығы», «Аңсаған менің әнімсің», «Ақсүйек», «Кер бұзаудың өлімі» повестерін, «Таңшолпан» романы әдебиетімізге қосылған сүбелі еңбектері қатарында аталады.
«Ұлы Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, Тауман Амандосовтың өзі «Алтай» деп еркелеткен, Темірбек Қожакеевтің үзеңгілесі болған дара тұлға» деген тіркестермен есімі өрілетін ғалымның шәкірттері осы конференция аясында сөз алып, ғалымның ұстаздық жылдарымен байланысты естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып, жазушы, баспагер, журналист Ырым Кененбаев, «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нұртілеу Иманғалиұлы т.б. бар.
Басқосу ҚазҰУ Телерадиокешені дайындаған Әбілфайыз Ыдырысов туралы деректі фильммен жалғасын тапты. Халықаралық конференция әрі қарай Ә. Ыдырысовтың өмірімен, шығармашылығымен байланысты шараларға ұласып, ғалым туралы кітаптардың тұсаукесері өтті. Конференция соңына қарай ғалымның ұлы Ерлан Ыдырысов факультеттің үздік студенттеріне арнайы шәкіртақы табыс етті.