Елбасы • 21 Қыркүйек, 2020

Туристік хаб таныстырылды

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық туристік хабтың таныстырылымына қатысты, деп хабарлады Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі.

Туристік хаб таныстырылды

Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Каспий теңізінің жаға­ла­у­ындағы туристік хабты дамыту жобасы таныстырылды.

Кездесуде Елбасы отандық туризм индустриясын дамытудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның бірегей табиғатымен қатар қасиетті жер­лері, мәдени және тарихи орындары, Ұлы Жібек жолының бойындағы нысандары, археологиялық ескерткіштері бар екенін айта келе, елі­мізде демалыстың кез келген түрін да­мытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

– Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында туристік әлеуетке талдау жасалып, маңызды нысандар мен өңірлер анықталды. Іріктеу кезінде олар­дың туристік тартымдылығына басым­дық берілді. Үздік өңірлер қата­р­ына Алакөл, Балқаш көлдері, Щучинск – Бурабай курорттық аймағы, Түр­кі­станмен бірге Маңғыстау да енді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Каспий теңізінің жағасында алғаш рет барлық қызмет түрі қамтылған от­басылық демалыс кешенінің құры­лысына шетелдік инвестор тарту аймақ үшін маңызды оқиғаға айналды.

Жиында «Rixos» қонақүй желісінің басқарма төрағасы Ф.Таминдже бес жұлдызды люкс класындағы «Rixos Water World Aktau» қонақүйін дамыту жобасын таныстырды. Сон­дай-ақ қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы туристік кластерді ке­ңейту жоспарларымен бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл Кас­пийде ауқымды халық­ара­лық туристік хаб құру жо­­лын­­дағы алғашқы қадам еке­нін, алдағы уақытта осында қа­зақстандықтармен бірге ше­тел­дік қонақтар да өте қо­лай­лы уа­­қыт өткізе алатынын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Каспий жағалауындағы курорт­тық аймақта жаңа жұмыс орындарының құрылуы ерекше маңызға ие екенін айтты. Шара барысында өңірдің туризм саласын дамыту 50 мыңға жуық жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік беретіні, сондай-ақ жобаны іске асыру үшін шамамен 2 млрд доллар инвестиция тартылатындығы атап өтілді.

– Тәуелсіздік жылдары біз біраз шаруа атқардық. Бұрын ешкім танымаған Қазақстан қазір әлем картасында лайықты орын алып отыр. Біз жаңа елорда салдық. Бүгінде ол басқа облыс орталықтары мен өңірлерді дамытудың үлгісіне айналды. Мен барлық мұсылмандардың қасиетті мекені – Түркістан қаласына баруды жоспарлап отырмын. Қазақ хандығының ежелгі астанасы болған шаһар қазіргі уақытта түрленіп, ту­рис­тік әлеуеті артып келеді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ту­ризм­ді мақсатты түрде дамы­туға бағытталған қадамдар тек жекелеген аймақтардың ғана емес, бүкіл республиканың эко­­­но­микасына оң серпін бере­тінін атап өтті.

Жиын соңында Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті «Rixos Water World Aktau» қонақүйі кешенін аралады.

Сондай-ақ іс-шараға онлайн-конференция форматында отандық және шетелдік инвес­торлар қатысты. Олардың қатарында – ACCOR компа­ния­сының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймағындағы люкс класындағы қонақүйлерді дамыту жөніндегі бірінші вице-президент Ф.Боден, ÖG Holding басқарма төрағасы О.Гюр, «BI Group» құрылыс холдингі директорлар кеңесінің төрағасы А.Рахымбаев, «Базис-А» кор­порациясы директорлар кеңе­сі­нің төрағасы А.Белович бар.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті, сонымен қатар Әбіш Кекілбаев атындағы музейге барды. Музейді аралау ке­зін­де Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­тың белгілі жазушысының ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ Елбасы Ә.Ке­кіл­баевтың өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған музей экспонаттарымен таныс­ты. Соңында Қазақстанның Тұң­­ғыш Президенті музейдің Құр­метті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.