Қаржы • 22 Қыркүйек, 2020

Салымшылар қаржысын қалай қайтарады?

140 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ның банкілік және басқа да операциялар жүргізу лицензиясынан айырғаны белгілі. Жуырда агенттік оның салымшылары қаражатын қалай алатыны туралы хабарлады.

Салымшылар қаржысын қалай қайтарады?

– «Tengri Bank» АҚ жеке тұл­­ғалардың депозиттеріне мін­детті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады. Яғни жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдарын­да, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақшасына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі қолданылады. Бұл дегеніміз, агенттік банктің актив­тері мен міндеттемелерін басқа банкке бір мезетте өткізу операциясын жүргізуден бас тартқан жағдайда ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады, – делінген агент­тіктің ресми сайтында. 

Енді ҚДКБҚ өтем төлеуді бас­тау күнін заңнамада бекітілген мерзімде хабарлауға тиіс.

Жалпы, салымшылардың салған депозитін қайтару, басқа да міндеттемелерін орындау жұ­мыстарын Ұлттық банк анық­таған агент-банк жүргізеді. Он­дай банк анықталмаған жағдайда жоғарыда айтылғандай, ҚДКБҚ өтемді төлеуді өз мойнына алады. Жинақ депозитін теңгемен ашқандар – 15 млн теңгеге дейін, басқа депозиттерді теңгемен аш­қандар – 10 млн теңгеге дейін, ал шетел валютасында сақтағандар 5 млн теңгеге де­йінгі эквивалентте қаражатын қай­тарып алуға тиіс.  Жеке тұлға­лар, дара кәсіпкерлер, жеке сот орын­даушылары, нотариустар, ад­во­каттар өтемақы алуға құқылы.

– Жалпы, депозиттердің басым бөлігі қайтарылады, оған ҚДКБҚ кепілдік беріп отыр, бұл мәселе заңмен қорғалған. Ал кепілдік берілген сома 10 млн теңгеден немесе шетел валютасымен есептегенде 5 млн теңгеден асып кеткен клиенттердің  депозитіне келер болсақ, біріншіден, кепілдік берілген сомаға дейінгі қаражат агент-банк арқылы беріледі. Ол сомадан асып кеткен қаражатты тарату комиссиясы қайтаруға тиіс,– дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбаева.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, Tengri Bank-тің қаржы­лық жағдайының қиындап кет­кені несие портфелі сапасының төмен­дігімен байланысты. Қай­та­рылмаған несиелердің кө­лемі 83 пайызға жеткені қар­жы институтының жалпы актив­тері­нің сапасына кері әсер еткен.

Проблемалық несиелердің басым бөлігі 2015-2017 жылдар аралығында банктің ак­цио­нерлерімен байланысты тұл­ға­ларға беріліпті. Мұндай не­сие­лердің үлесі банктің несие портфелінің 58 пайызына тең.

– Биылғы жылдың басынан Tengri Bank төлем мен ақша аударымдарына қатысты мін­деттемелерін толық көлемде орын­дай алмады. Тиімді корпо­ративтік басқарудың жоқ­тығы, мажоритарлық және мино­ритар­лық акционерлердің арасындағы ішкі корпоративтік даулар қар­жылық жағдайдың одан әрі нашарлауына соқтырды, – делінген тиісті хабарламасында.

Соның нәтижесінде Агенттік банкке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 36 хаттама толтырған. Наурыз айында банктің ірі акционеріне 30 сәуірге дейін қаржы институтының капиталын 23 млрд теңгеге жеткізу туралы талап қойған. Алайда бұл талаптар орындалмады.

Жалпы, Tengri Bank елімізде жабылған банктердің алғашқысы емес,  соңғысы да болмайтыны анық. Мәселен, кейінгі 2-3 жыл­дың ішінде ғана «Астана Банкі» АҚ, Qazaq Banki мен Эксимбанк жабылып қалды. Елдің қаржылық, экономикалық өмірінде, халықтың тұрмысында екінші деңгейлі банктердің рөлі біршама күшейгендіктен болар, қаржы институттарының жабылуы қоғамда біраз талқыланады. Кейбір қаржы институттарының басына қара бұлт үйірілгенін Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына орай Ұлттық банктің, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу  және дамыту агенттігінің екінші деңгейлі банктерге қатысты талап­тарды күшейтуімен түсін­діруге болады.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбекова айтқандай, тоқсаныншы жылдары екінші деңгейлі қаржы ұйым­дарының саны 204-ке жеткен-ді. Қазіргі көрсеткіш одан әлдеқайда төмен. Иә, 1993 жылы теңге ай­налымға еніп, Қазақстан дер­бес қаржы-несие саясатын жүр­гізе бастағанда, банктер тез кө­бейді де, артынша сондай қар­қынмен азайды. Басым бөлігі­нің қаржылай дәрменсіздігі сезіліп қалды. 1995 жылы наурызда қабылданған «Банктер мен банктік қызмет туралы» Заң Ұлттық банк үшін аталған секторды сауықтыруда мықты құрал болды. Қаржы институттарына өз беттерінше халықтың жинақ қаражатын тарту және сыртқы қарыз алудың есебінен экономиканы несиелендіру туралы талап қойылды. Осындай сұрыптаудан кейін жұмысы тұрақсыз, қаржылай дәрменсіз деп танылған банктердің алдында екі жол тұрды: бірден жабылу немесе басқа да әлсіз банк­термен бірігіп, ірі банктердің еншілесіне айналу. Жарнамасы жер жарып тұрған «Крамдс-банк, «Тұранбанк», «Әлембанк» сынды қаржы институттарының жабылуға немесе бірігуге мәжбүр болғаны осы тұс еді. Осылайша 1994 жылғы 204 банктің 30-ы бір жыл ішінде жабылды. 1996 жылы тағы соншасы жабылып, банктердің саны 101-ге түсті. Бас-аяғы 7 жыл ішінде 204 банк­тің 167-сі қалды, ғасырлар тоғы­сында 47-ге кеміді.

1994-1998 жылдар аралы­ғында екінші деңгейлі банктер­дегі халықтың қаржылай салым үлесі айтарлықтай өсіп, 5,4 м­лн-нан 31,6 млн тең­геге жетіпті. 2000 жылы бұл көр­сеткіш 248,3 млрд теңгеге өскен.

Тоқсаныншы жылдардағы «жабайы капитализм» тұсында банктердің жабылуы қарапайым салымшыларға да, бизнесмендерге де соққы болып тиді. Банк­тер ғана емес, банктерге деген халықтың сенімі де құлағаны тү­сінікті. Одан кейін кейбір қар­жы институттарының күйреуі баяуласа да, толастаған жоқ. Мысал ретінде «Көмірбанк», «Валют-Транзит», «Наурызбанк», тағы басқаларын айтуға болады. 390 мың қарапайым салымшысы бар «Валют-Транзит Банктің» жабылуы банкроттық операциялардың ішіндегі ең көп резонанс тудырған оқиғалардың бірі болды десек артық айтпаспыз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры «ВТБ» борышының 97,6 пайы­зын, 13,8 млрд теңгені өте­геннен кейін ғана жағдай түзелді.

Соңғы онжылдықтарда қаржы секторы біршама жаңарды. Оған ықпал еткен фак­тор­лар­дың бірі ретінде ірі қар­жы инс­ти­тут­тары­ның біріге бас­таға­нын, мем­лекеттің банктерді бан­крот­тық­тан құтқару үшін миллиардтап қаражат құйғанын айта кетуге болады. 2008 жылдың басында елімізде 35 банк болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш қырыққа жуықтады.

Жалпы, банктер екі жолмен жабылатынын айта кетейік. Мәселен, қаржы институтының акционерлері осындай шешім шығара алады. Сонымен қатар Ұлттық банк сот шешімімен екін­ші деңгейлі қаржы институт­тарын лицензиясынан айыра алады. Біздегі банктердің басым көпшілігі осы екінші жолмен жабылады.

Кейінгі жылдардағы жа­был­ған банктерге қатысты мы­сал кел­тіре кетейік. 2016 жыл­дың со­ңында Ұлттық банк «Қазин­вест­банкті» лицензиядан айыру туралы шешім шығарды. Ара­да бір жыл өтпей жатып сот ше­шімімен «Delta Bank»-тің жұ­м­ысы тоқтатылды. 2018-2019 жыл­­дары басына бұлт үйіріл­ген «Эксимбанк», «Астана Банкі» және Qazaq Banki туралы жоғарыда айттық. 

Белгілі экономист Жанкелді Шымшықовтың пайымдауынша, жүйе құраушы банк­терге жатпайтын шағын қар­жы инс­титуттарының жабылып жатқаны – нарықтық экономи­каның заң­дылықтарына сәйкес жүріп жат­қан қалыпты таби­ғи процесс. Банк экономикаға қаржы ұсы­нуға қабілетті болуға тиіс.

– Шынайы экономикаға жұ­мыс істейтін банктердің басы­на қара бұлт үйірілсе, онда қо­бал­жуға болар еді. Ал тұтынушылық несиеге ғана сенетін, түрлі төлем­дерден ғана табыс алуды көз­дейтін банктер біртіндеп азаюға тиіс, – дейді ол.

Сарапшылардың сөзіне қара­ғанда, лицензиясынан айыры­лып жатқан банктердің активтері­нің сомасы соншалықты көп емес. Олардың ешқайсысы жүйе құраушы банкке жатпайды. Сол себепті Қазақстанның қаржы секторына аса қатты ықпалы тие қоймайды.