Балалар мен ата-аналардың психологиялық бейімделуі тұрғысында кеңес берген ЮНИСЕФ және республикалық «Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының» ұлттық тренері, педагог-психолог Жұлдыз Махатаева қашықтан білім алу кезеңінде мұғалімде де, ата-ана мен балада да үрейдің болуы қалыпты жағдай деп атап өтті. Ең бастысы – байбалам салмау. «Соңғы уақытта өмір сүру дағдыларымызға өзгерістер енді. Әрине, емін-еркін ойнап, қалыпты жағдайда білім алуға үйренген балалар үшін алдағы уақытта да карантин режімін сақтай отырып, достарымен, сыныптастарымен кездесу мүмкіндігі шектеледі. Мұндай жағдайда білім алу оңай емес. Дегенмен де, баланың көңіл-күйі мен сапалы білім алуына барынша көңіл бөлу ата-аналардың жауапкершілігінде.
«Қашықтан оқыту – бұл бос әурешілік емес. Тиісінше, күндізгі режімде оқу үшін арнайы уақыт бөлу керек. Бұл үшін балаға қолайлы орта қажет. Жұмыс үстелі, қажетті құралдары мен оқулықтары қолжетімді әрі ұқыпты жинастырылғаны абзал. Бұл іске баланың өзін де үнемі жұмылдырып отыру ұқыптылыққа, жауапкершілікке баулиды. Сабаққа қажеттілерді қолжетімді аймаққа қойып, гаджеттерге көңілі бөлінбес үшін басқа бөлмеде қалдыру керек», дейді маман.
Арнайы бөлме болмаған жағдайда оқу бұрышы тиянақталып, сыртқы дыбыстарға, үй жұмыстарына алаңдамай, зейінмен жұмыс істеуі тиіс. Ал уақытты біліп отыру үшін, сағаттың көру аймағында орналасқаны жөн.
Қашықтан білім алу кезінде балалардың физикалық белсенділігіне көңіл бөлу керектігін алға тартқан Жұлдыз Махатаева «Физикалық күш-жігерді қажет ететін кез келген әрекет балаға оң ықпалын тигізеді. Бөлмелерді тазарту, жаттығу жасау, ән айту, би билеу, тоқу, әшекей бұйымдар жасаудың баланың зерікпеуіне әсері мол. Баланы мәжбүрлемеуге тырысып, қызықтыратын іске жұмылдырған жөн әрі қандай іске қызығушылығы бар екенін де анықтап алу маңызды» деді.
Сонымен қатар балаларды жақын адамдарына, яғни атасына, әжесіне, іні-қарындастарына, үй жануарларына қамқорлық жасауға тәрбиелеудің де маңызы зор. «Менің көмегім керек», «менсіз істей алмайды» деген жауапкершілікті сезіну де карантин жағдайында балаларды күйзелістен құтқаруға ықпал етеді.
Мектептердегі кезекші сыныптарда білім алатын оқушылар үшін мектеп аумағында қауіпсіздіктің күшеюі, ата-аналардың вирустан қорғану талаптарын дұрыс түсінуі маңызды. Әрі балаларды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға баулудың маңызы зор. Егер де әр ата-ана баласына қамқорлық жасап, вирустан қорғану шараларын күшейтсе, онда барлық отбасы да аман болады. Ал дені сау отбасынан асқан қуаныш жоқ.
АЛМАТЫ