Сұхбат • 24 Қыркүйек, 2020

Ольга Рыпакова: «Самал» саябағында жаттығамын

236 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтқан маңызды мәселелерінің бірі. Осы орайда біз Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен әңгімелескен едік.

Ольга Рыпакова: «Самал» саябағында жаттығамын

– Ольга Сергеевна, Президенттің айтып отырғаны түптеп келгенде, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт денсаулығы. Сіздің ойыңызша, еліміздегі бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытудың қандай тың жолдары бар?

– Ең алдымен Мемлекет басшысы­ның биылғы Жолдауы бірқатар салаға қатысты жаңа міндеттерді айқындап бергенін айтқым келеді. Қуантарлығы, оның ішінде спортты, әсіресе бұқаралық спортты дамытуға қатысты көптеген мәселе көтерілген. Кәсіби спортшы болған соң, мені де республикамыздағы бұқаралық және балалар спортының болашағы алаңдататыны анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай қиын-қыстау заманда ел қазынасынан кәсіби спорттық клубтарға қаржы құюдың еш негізі жоқ екенін айтқан болатын. Расымен де, жыл сайын республикалық бюджет пен квазимемлекеттік компания­лар есебінен еліміздегі сан алуан кәсіби спорттық клубтарды қаржыландыруға миллиардтаған теңге бөлінеді. Енді бұдан былай денешынықтыру мен бұқа­ра­лық спортты дамытуға, балаларға ар­нал­ған спорт секцияларының жұмы­сын қолдауға басымдық беруіміз керек.

Бұқаралық спорттың кәсіби спорттан айырмашылығы сол, онда тұтастай бір ұлттың салауаттылығына, жас пен кәрінің түгелдей денешынықтырумен айналысуына ден қойылады. Кәсіби спорт болса, белгілі бір топты ғана қамтиды. Шынымен де, спорт дегеніміз – денсаулық кепілі. Демек, ол кез келген адамға қолжетімді болуы шарт.

– Мемлекет басшысы балаларға арналған түрлі спорт секциялары барлық облыста, әр аудан орталығында болуы керектігін айтты...

– Өз басым Президенттің бұл баста­масын толықтай қолдаймын. Жал­пы, биылғы Жолдауда балалар спортын қолдауға ерекше мән беріліп отыр­ғаны бекер емес. Себебі өскелең ұрпақ­ты денешынықтыру мен спортқа кішкен­тайынан баулыған маңызды.

Біздің облысқа келер болсақ, соңғы жылдары Шығыста бұл бағытта ай­тар­лықтай шаруа тындырылды. Мәселен, пандемияға дейін аймақта респуб­ликалық жеңіл атлетика федерациясының мұрындық болуымен түрлі деңгейдегі жарыстар, айтулы марафондар өткі­зілген. Оның ішінде кәсіби жарыстармен қатар, әуесқойлар, балалар мен оқу­шылар арасындағы сайыстар да болды. Қуантарлығы, мұндай бәсекелерге қаты­суға ниет білдіргендер саны жыл өткен сайын артуда. Тіпті карантин кезінде де қол қусырып отырмай, түрлі онлайн-челлендждер ұйымдастырдық. Сондықтан спорт саласы бізде айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді.

– Карантин демекші, көктемнен басталған шектеулер көп нәрсеге қолбайлау болды. Әрине халықтың денсаулығы маңызды. Сұрайын дегенім, осы кезде спортшыларымыз алдағы байрақты бәсекелерге қалай дайындалды?

– Коронавирус пандемиясы үй­рен­шікті өмірімізге айтарлықтай өзгеріс­тер енгізгені рас. Індет спортқа да кері әсерін тигізбей қоймады. Барлық жос­парымыз түбегейлі өзгерді. Ағымдағы жылдың ең айтулы спорттық оқиғасы – Токио Олимпиадасы кейінге шегерілді. Соның кесірінен алдын ала дайындалып қойған жаттығулар кестесі ауысты. Жасырып-жабары жоқ, көбіміз Олимпиада ойын­дары уақтылы өткізіледі деп соңғы сәтке дейін үміттендік. Токиодағы ойын­дарға арнайы жаттығу жоспары бо­йынша дайындалдық. Алайда үмітіміз ақталмады. Еліміз бен әлемдегі жағдай күрт нашарлаған соң, спортшылардың дені жаттығу жасауды да доғарды.

Мен дәл қазіргі уақытта артық салмақ қоспау үшін өз бетімше жаттығулар жасап жүрмін. Бірақ қазіргі жаттығуым үлкен жарысқа қатысатындай дайындық деуге келмейтін шығар. Әлемді дүрліктірген індеттен тез арылып, өзімнің толыққанды жаттығуларыма, жарыстарға оралғым келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын спортшыларға саябақтарда, стадиондар мен арнайы спорттық алаңдарда жаттығу жүргізуге рұқсат берілген еді. Сөзсіз бұл біз үшін жақсы жаңалық болды. Енді қысқы маусымға дайындықты бастау қажет. Қыс айларында бірнеше ірі жарыс өтуі тиіс. Оған дейін ел мен жаһандағы жағдай тұрақталып, шектеу шаралары алынады деп үміттенемін.

– Қазір ше, қайда жаттығып жүрсіз?

– Қазір Өскемендегі жеңіл атлетика орталығында, сондай-ақ ауа райы қо­лай­лы күндері «Самал» саябағында жатты­ға­мын. Бәрі сәтімен болып, қыстағы жарыс­тар шегерілмесе, бірнеше кішігірім сайыс­қа қатысу ойда бар. Өйткені Олим­пия ойындарына дейін тезірек бабыма ке­лу қажет.

– Жалпы, оқу-жаттығу жиындары қашан басталуы тиіс?

– Ол туралы еш нәрсе айта алмай­мын. Ол жағы әзірге белгісіз. Эпидемиялық ахуал жақсарып, шекаралар ашылып жатса, міндетті түрде Ұлттық Олимпиада комитетінен рұқсат алып, оқу-жаттығу жиындарына шығамыз. Өйткені жыл он екі ай көшіп-қонып жүретін спортшы деген халық үшін осыншама уақыт бір орында отыру өте ауыр. Қалай дегенмен, үй жағдайында ойдағыдай жаттығу жасай алмайды екенсің.

– «Egemen Qazaqstan» газетінің оқыр­ман­дарына қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы, денсаулықтарыңызды күтіңіздер. Әр адам шама-шарқына қа­рай жаттығу жасауы қажет. Мәселен, таң­ғы жаттығу жасауға, жүгіруге немесе жаяу жүруге болады. Оның бәрі ден­сау­лыққа пайдалы. Жұмыстан кейін спорт­залға барып шынығуға да болады. Мәселен, біздің қалада мұндай жат­ты­ғулар жасауға болатын жерлер жетіп артылады. Ең бастысы, жаттығу қарқынына емес, жиілігіне мән берген жөн.

 

Әңгімелескен

Мерей Қайнарұлы,

«Egemen Qazaqstan»

 

Шығыс Қазақстан облысы