Қаржы • 24 Қыркүйек, 2020

18 қаржы пирамидасы әшкереленді

428 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанда қаржы пирамидаларына қатысты 37 қыл­мыстық іс қозғалып, 18 ұйымның заңсыз қызметі әшке­реленді. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ерден Жұма айтты.

18 қаржы пирамидасы әшкереленді

Ведомство өкілі қазір тергеу амалдары жалғасып жатқанын, сондай-ақ елімізде Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес қар­жы пирамидаларының қызметіне тыйым салынғанын жеткізді.

«Жоғарыдағы қылмыстық фактілердің салдарынан адамдар алданып, зардап шеккен. Олар құқық қорғау органдарына уақтылы хабарласпайды немесе ақшаны қайтара аламын деп үміттенеді. Сондықтан қазір алдын алу жұмыстарына басымдық беріліп отыр», деді Е.Жұма.

Спикердің айтуынша, Әкiм­шiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабына сәй­кес, қаржы пирамидаларын на­си­хат­тайтындарға қатысты әкім­­шілік жауапкершілік қа­рас­тырылған.

Қаржы мониторингі коми­тетінің төрағасы Жанат Эли­мановтың сөзіне сүйенсек, 8 ай­да ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырушылары мен мү­шелеріне байланысты 44 қыл­мыстық іс қозғалды. Бұл соңғы 5 жылдағы ең үлкен көрсеткіш.

Талдау арқылы заңсыз қолма-қол ақшамен айналысатын 60-тан астам ықтимал қылмыстық топ анықталды. Осы мақсатта олар 1200-ден астам жалған компания құрып, қаржы айналымы 2 трлн теңгеден асқан.

«Барлық қылмыстық іс бо­йынша 98 адам күдікті деп танылып, оның 28-і қамауға алынды. Тағы 29-ы үйқамақта отыр. Жалпы, 19 ұйымдасқан қыл­мыстық топ құрықталды. Соңғы 5 жылда алғаш рет заңсыз қолма-қол ақшаны алу деңгейі 38%-ға азайды», деді Ж.Элиманов.

Жауапты орган басшысы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтау ерекше назарда екенін айтты. Бұл бағытта Бас прокуратурамен бірлесіп, «Қазына» жедел алдын алу іс-шарасы қолға алынған. Оның аясында бір күндік фирмалармен 63 млрд теңгеге тұрақты түрде өзара есеп айырысқан мемлекеттік сатып алудың 90-нан астам күмәнді жеңімпазы анықталды. Осыған қатысты 20 қылмыстық іс қоз­ғалып, қалғандары бойынша тек­серу жұмыстары жүргізілуде.

Бұған қоса комитет төрағасы был­тыр жалған алкогольді өнім­дер шығаратын 50-ден астам жерасты цехы жойылып, заңсыз айналымнан 1,5 млн-нан астам шөлмек, 400 мың литрге жуық спирт, сондай-ақ 500 мың жалған есепке алу бақылау маркалары тәркіленгенін жеткізді.

Ведомство өкілдерінің дерек­теріне сенсек, биыл 8 айда 765 заңсыз ойын мекемесінің жолы кесіліп, 22 жасырын казино жойылды. Ойын терминалдары, рулеткалар және тағы басқа түріндегі 12 мыңға жуық зат тәркіленді.