Таным • 25 Қыркүйек, 2020

«Қарақшылық» қарекеті

1390 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи әділ­дікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасын отандастарымыз, әсіресе осы тақырыпты зерттеп жүрген зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар аса қуанышпен қабылдап отыр.

«Қарақшылық» қарекеті

Әрине кеңестік кезеңде де, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үрдісі жүріп отырды. Алғашқы кезеңде ел­дік жолында басын бәйгеге тіккен ірі тұлғаларымызды ақтап алдық. Саяси қуғын-сүргін қармағына қарапайым ауыл еңбеккерлері де іліккен болатын. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия институтының директоры, профессор З.Қабылдинов саяси құрбандарды то­лық ақтау үшін әлі де алты мыңға жуық іс қаралуы қажет екенін атап өтті.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ еліндегі саяси, әлеуметтік-экономика­лық өзгерістердің (ұлттық саясат, діни, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, ас­тық да­йындау науқандары) салдарынан жап­пай халық наразылығы туындап, жер-жерде жасырын ұйымдасқан қозғалыстар бас көтере бастағаны белгілі. Ірі көтерілістерді айтпағанда, жекелеген шағын топтар да түрлі деңгейде қарсылық танытты. Мұндай қозғалыстар 1928 жылы бай-құлақтардың мүлкін кәмпескелеу жұмысы нақты қолға алыну барысында-ақ басталып кетті. Олардың қару-жарағы не­гізінен винтовка мылтықтар, револь­вер тапаншалар, қылыштар, жарыл­ғыш заттар болды. Қозғалыстарды ұйым­дас­тырушылар мен қатысушыларға Ке­ңес өкіметі «қарақшылар» («банда») деген айдар тағып, олармен ОГПУ (бірік­кен мемлекеттік саяси басқарма) деген атпен әйгілі болған арнайы орган жен­деттері күрес жүргізді. Тұтқынға түс­кендері түр­меге 3-10 жылға қамалды, кейбіреулері атылды, айдалды.

Сонда жекелеген жасырын «қарақ­шылар» деп аталған топтардың басшылары мен қосшылары кімдер еді? Архив мәліметтері бойынша қарастырайық.

 

1928-1929 жылдар. Сырдария округі

1928 жылдың аяғына қарай Сарысу ауданы №3 ауыл азаматтарынан бастығы Мәдібек Кеншин, Бейсейіт және Мақұш Әділевтер, Бохай Тоқпанбаев пен Мұс­тафа барлығы 7 адамнан тұратын топ құрылды. Олар кеңес жұмысшыларын ұрып-соғып, жекелеген шабуылдар жасап, ауылшаруашылық науқандардың жүргізілуіне кедергі келтірді. Байлар мен дәулеттілердің идеологиясын таратты. Чаянов ауданындағы Шолақ-Қорған деген жерде қарақшыларды жоюға шық­қан өкіметтің арнайы ұйымдастырылған экс­педициясы Әділевтерді өз үйлерін­де тұт­қындады. Бейсейіт тұтқындау кезін­де өзін-өзі атса, Мұқыш пен Ағабек Бай­­­дул­лаев қолға түсті. Экспедиция атбасын №6 және №7 ауылдарға бұрып, онда Мәді­­­бек, Бітімбай, Бетебай, Бохайды тұтқын­­да­ды.

Келес ауданында Әділев Идалят бас­қарған топ әрекет етті.

 

Гурьев округі

Қызылқоға ауданындағы Тайсойған деген жердегі топта барлығы 4 адам − Құныскерей Қожахметов және оның әкесі Қожахмет Жанбасарпов және тағы басқа адамдар болды. Арнайы орган осы топты қолға түсіру кезінде 1928 жы­лы желтоқсан айының соңында №11 ауыл­да Қ.Жанбасарповты атып өлтірді. Құныскерей тобы Ойыл округінің Қаз­бек болысындағы Көкмешіт деген жер­де Берден Тәуірбаев деген кісінің үйін­де тығылып жүрді. Кейін Қызылқоға ауданының ауылдарына, 1929 жылы қаңтарда Ақтөбе округіне ойысты. Онда 1931 жылға дейін Жанбейті және Қаратөбе аудандарының шекарасындағы Жарлы-Қибас жерінде әрекет етті.

Теңіз ауданында Аманғали Димшев пен Хайрулла Қалиев тобы пайда бол­ды. 1928 жылы қазан айында А.Дим­шев өлтірілсе, 23 қазанда Х.Қалиев тұтқын­далды. Қызыл әскер күші топты осылай таратты. 1928 жылы желтоқсанда Нар­сұлтан Жангурин Гурьевтен 115 шақырым жерде бой көрсетіп, кейін 4 маусымда Орал округіндегі Тайпақ ауданында өлтірілді.

 

Орал округі

Жанғала ауданындағы Мыңтөбе ауы­­­лында 10 адамнан тұратын топты Мұ­қан Кенжеахметов басқарған еді. Бі­рақ 1928 жылы 24 желтоқсандағы атыс кезінде мерт болды. Құнатыр Бек­мам­­бетов басқарған топтың ішінде Мұза­фар Берғалиев, Мұсарғали Дүйсен­баев, Темірхан Ахтанов, Таныш Нұр­ма­ғам­бетов, Байғұлла Қабдұшев болды. Бар­лығы Айбасов ауылында 1928 жылы 13 жел­тоқ­санда ұсталды.

Орда ауданында 1929 жылы маусымда Рахметулла Ихсангалиев Дюсэ деген жерде орналасып, Темірбек Қарауов, Имхаир Иохаир, Сейтеков сияқты қосшыларымен Қызылқоға ауданындағы Қойлыбай ша­ғыл-шатқалында жылқы айдап кетумен, барымтамен айналысты.

 

Ақмола округі

Еркіншілік, Баянауыл аудандарында 1928 жылы 27 қазан-қараша айларында Әуленті өзені жағасындағы Еремел, Нияз, Қашқыната шатқалдарында Өсербай Исин, көмекшісі Жәмшит Омаров елді тонаумен айналысқан еді. 1928 жылы қарашада Өсербайдың жансыздары Әбділдә Рахымберлин, Жамар Бижанов, Малай Ақнұжұқов тұтқындалады. 1929 жылдың басында Өсербай мен Жәмшит күндіз тау үңгірлерінде, түн бата Асанқоға ауданындағы Ыбырай және Қарабай Шөлшебаевтардың үйінде жасырынады. Осылай жүрудің мақсатсыздығын түсініп, олар қыстап шығу үшін көктемде қайтып оралып, одан әрі әрекет ету мақсатымен оңтүстікке бет алады. Осы жылдың 30 наурызында Шу өзені бойында Асанқоға ауданына қайтып келе жатқанда Сырдария округінің Әулие-Ата ауданында Өсербай мен Жәмшит, Жантық Смаилов, Сәрсен, Жұматай Иманов барлығы 6 адам тұтқындалды. Олардың барлық қару-жарақтары, 12 жылқысы тәркіленді.

Асанқайғы ауданында қол астында 70 сарбазы бар Батынбай деген азамат әрекет етсе, Атбасар ауданында 1929 жылы қыр­күйек айында құрамында 5 адам бар Рамазан Құсайынов тобы пайда болды. ОГПУ-дің арнайы тобы оларды тез таратып жіберді.

 

Семей округі

Күршім ауданында 15 адамдық топты Сергей Руденко басқарды. Олар Кру­тогорск, Буденовский поселкелері ма­ңындағы тауларды, Шыңғыстау ауда­нындағы Жанқора, Арқалық шатқалын паналады. Бірнеше шағын топқа бөлініп әрекет етті. Бұл топ кейін тарқап кетті. С.Руденко болса 1929 жылы 14 тамызда Сергиополь қаласында ұсталды.

Шыңғыстау ауданында Асымхан Мұ­­­са­ханов інісі Мұхтар Мұсаханов пен Аяған Нұрғажинді және тағы екі азамат бар, барлығы 4 адамды басқарды. Олар Семей-Сергиополь трактында, Жан­қора, Тышқанды шатқалында әрекет етті. А.Мұсаханов болса тау арасындағы Арқалық-Қоқон қыстауында жасырынып жүрді. Оларды ОГПУ жендеттері алғаш қолға түсіреміз дегенде бірнеше адам ұсталғанымен, А.Мұсаханов қашып құтылады. Бірақ кейін 1929 жылы ақпан айында тұтқындалыпты.

Өскеменде Поликарп Алексеевич Ива­­нов басқарған 13 адамнан тұратын топ ұсталады. Барлығының есімі анық­та­лып, славяндықтар болып шықты. Қару-жа­рақтары тәркіленді.

 

Адай округі

Мұнда 1929 жылы қаңтарда Құр­маш Қощанов тобы пайда болды. Топ 3-ке бө­­лінген: 8 адамнан тұратын 1-ші топ­­ты – Ізтұрған Усть-Урт-Сам ауда­нын­­да басқарды. 15 шақты адамнан тұ­­ратын 2-ші топты Орынбаев Тұс­баир деген жерде басқарды. Қ.Қощанов бас­­­қарған 3-ші топ Түркімен шекара­сы­на жақын Шағала деген жерде әре­кет етіпті. ОГПУ сақшыларымен кезек­ті қақ­тығыста Қ.Қощанов тобының 9 адам ұсталып, жылқы, түйе, қару-жарақ­та­­ры тәркіленіпті. Қ.Қощанов болса Қара­бақы-Қойсу деген жерге қашып кеткен көрінеді. Қ.Қощановтың көмекшісі − Ал­шын Мендалиев есімді азамат болыпты. 1929 жылы қазан айында Гурьев ок­ругіндегі Жилокосин ауданының Қа­­­ра­құм деген жерінде жүреді. Бірте-бір­те тобының саны көбейіп, адай руын Кеңес өкіметіне қарсы күреске шақырды. «Кеңес өкіметі құлайды, коммунистер ке­теді, КСРО қалаларында ақ жалаулар көтеріледі. Орта Азияда соғыс, қытайлар ығыстыруда. Адайлар, өздеріңнің күш­теріңді ескеріңдер, бірігіп, жауымыздан кек алуымыз керек», дейді. Қазан айының басында 10 шақты адам «Бек-Беке» мұнай кәсіпорнына шабуыл жасап, тауар, ақша тонайды. Кейін 1929 жылы 14 қазанда Қ.Қощанов пен Қожахмедов топтары бірігіпті.

Мұғалжар тауларында Иван Григорье­вич Щербаков, Байназар Жаптақов жә­не Айымбетов тобы пайда болды. Олар 7 жылға сотталып, Шалқар түрмесінен қа­шып шыққан Мінайдар Құнапов деген азамат және тағы басқалар қосылады. Сөйтіп олардың саны 9 адамға жетеді. Олар 1929 жылы 23 қазанда Абренев деген казактың қыстауында тұтқындалды.

 

1931 жыл

Қордай ауданында Берғали Әкімбаев бастаған 20 адам 11 ақпанда Қастек ауда­нына шабуыл жасап, Кеңес өкіметінің 4 белсендісін соққыға жығады. Тіпті, 14 жылқыны да айдап кетеді. Өздері Ұқ-ұршыл тауында (қырғыз тауы болса керек) бекінеді.

Ақсу ауданында 13 қазанда Қытайдан келген 30 қарақшының 5-еуі ұсталды – Жапыспай Бектаев, Бейсен (тегі анық емес), Байсерік Бүркітбаев, Жәңгір Аш­байбаев, Жанбай Исабаев. Олардан 1 ағыл­шын винчестері тартып алынады.

Талдықорған ауданында Қытайдан келген Құндақ Төлендинов және Қанапия Мұқашев үлкен топ құрыпты. Олар №6 ауылда колхоз төрағасын өлтіреді. Бірақ 18 қыркүйекте Демікпе асуында тәртіп сақшыларымен қақтығыста топтың 70 ада­мы, 21 қыркүйектегі қақтығыста тағы 10 адамы өлім құшады. 4 азамат тұт­­­­қындалыпты. Қ.Төлендинов болса Қы­­­тайға қашып кеткен көрінеді. Қазан айы­ның соңында қайта келіп, Шолақ тауларында жасырынады. 4 қарашада топтың тағы бір басшысы Молданазар Ноғайбаев пен Ишан Дүйсенов ұсталды. Оларда төрт ауызды винтовкалары бар екен. 8 қарашада олардың 9-ы ұсталып, тоғыз зарядты жапон винтовкасы мен 1 мылтық тәркіленді.

Еңбекшіқазақ ауданындағы Бақай тау­ларында Қытайдан келген Исламқожа Кегенбаев және Мәлік Мақасов басқарған 10 қарақшы топтасты.

Шелек ауданында Жалағаш тауларын­дағы Кен-Су сайында Қытайға көшіріп алу мақсатымен келген Алтыбасар де­ген­нің тобымен 2 сағаттық қақтығыс бол­­­ды. 13-і ажал құшып, қалғандары 14 қыр­­күйекте Талды-Бұлақ шекара зас­тавасында мерт болыпты. 7 қазанда Қы­тайдан келген Кәдірхан Оқасов, Мәлік Мақасов, Болатбек Шағанов бастаған топта 27 адам болған көрінеді. Олар алғашында Құлық тауларын паналап жүреді. 23 қазанда М.Мақасов бастаған топ Қырғыз аумағына өтпек болады. 30 қазан күні К.Оқасов пен Б.Шағанов Кеген және Шелек аудандарының тұрғындарын Қытайға көшіріп кетпек болғанымен, 26 қазанда Құлық тауында атыс болып, 14 адам тұтқындалады. 8 адам ажал құ­шыпты. Соның ішінде Б.Шағанов бар. 200 отбасы тоқтатылып, қару-жарақ, 300 жылқы, 1 түйе алынды.

Қаратал ауданында 25 қыркүйекте Қытайдан келген Омарбек Еркімбеков және Қазыбек Комбановпен қақтығыста 5 адам жан тапсырып, қалғандары солтүстік-шығысқа қарай қашады. 18 қазанда Шолақ тауларында 80 адамы бар О.Еркімбековтің тобымен 7 сағаттық атыста 10 шақтысы өліп, 9-ы ұсталады. Олардан 24 жылқы, 21 түйе, 3 сиыр, 1 ағылшын карабині алыныпты.

Қастек ауданында Шалтабай Құдай­бергенов, Өмірбек Жантаев, Саматай Арсеков басқарған топ 19 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында Қоңыр төбе, Дулан-қара шатқалдарында, Арғайты-Байшы тауларында әрекет етіп, бір­неше партия қызметкерлерін, колхоз уәкіл­дерін, қызыл әскерді өлтіреді. Со­нымен қоймай 20 шақты жылқыны айдап әкетеді. 21 күні бұл топтың 12 сарбазы тұтқындалды. 25 қыр­күйекте топ үшке бөлініп, 13 қазанда Саматай Арсековтің тобындағы салт аттылар Отар станса­сына жақын Ақ-Те­рек ше­лінде қызыл әскермен 5 сағаттық ұрыс жүргізіп, взвод командирі мен 3 жауынгер қаза табады. 4 сарбаз жараланыпты. 22 қазанда Серек-Тас тауына бекінген 2-ші бір топ пулеметпен атыс­ты. Қараңғы түсе «бандылар» қапталдап Дулан-Қора тауына Қордай стансасының солтүстік-шығысына қарай бағыт алады. 24 қазанда қызыл әскер оларға ұшақ­тан пулеметпен оқ жаудырып, қозға­лысқа қатысқан 15 адам мерт болады. 90 адам қолға түседі. Бірнеше малдары тәркіленді. 2-3 қарашада Мұншалы шатқалында С.Арсеков 30 шақты сарбазымен ұрыс жүргізіп, 10-ы өлген көрінеді. Қалғандары тау асып кетіпті. Қараша айының ортасында С.Арсеков тобы екіге бөлінеді. Ал­ғашқысы – Ақтерек панасына, екіншісі – Жаудұшбай Шалғомбаев басқарған Мұншалы панасына бекінді. 26 қарашада түн бата С.Арсековті 8 адамымен қоса ОГПУ ұн, оқ-дәрі береміз деп алдап №12 ауылға шақырып алып тұтқындайды. ОГПУ С.Арсековтің тауда жасырынып жатқан адамдарына тұтқындар арқылы «өз еріктеріңмен беріліңдер» деп хат жібере­ді. Алайда тұтқындар панаға жақындай бере қаша жөнеледі. Осы кезде милиция барлығын атып өлтірген көрінеді.

Ақтөбенің Жанғақтау деп аталатын жерінде ағайынды Қарамановтар тобы 1 ми­лицияны, 3 тұрғынды өлтіреді. Топтың саны белгісіз.

Орал қаласында ақпан айында Бисен­ғали, Мамай Беркеновтар, Рамазан Би­лен­ғалиев, Досов және Антипов тұт­қындалды.

Сырдария ауданында бұрын та­ра­тылған топ басшысы Абасбек Қожа­таевтың ұлы Орымбай Абасбеков 10 шақ­ты адаммен қаңтар айында бас көтеріп, ақпанның басында барлығы ұсталды.

Арал ауданындағы Өтепберген Тұ­рым­бетов, Бірсүгір Сарыболаев (кей деректе Сариулов), Өмір Сартаев Баршақұм жеріне көшіп кетеді. Оларға 30 кедей, орташа шаруалар қосылады. Қараша айында олар Құйынды құм шатқалына ойысыпты.

Ырғыз ауданын да көшіріп кетуді ұйым­­дастырушылар саналған Сағынбай Жал­пин, Қали Иримбетов, Нәби Өмірзақов сынды барлығы 25 адам ұсталады.

Семей ауданы Қызыл-Кесек тауының батыс жағында ақпан айында Акшаи Тойкин басқарған 50 шақты адамы бар топ шықты. Көмекшісі Мамырбек Мақажанов болды. Олардың көбісі Қытайдан келгендер еді. Топтағы адамдардың саны 200-ге жетті. Олардың ұрандары: «Ет өткізу тоқтатылсын. Тартып алынған малды, нанды қайтарса, ауылымызға тараймыз. Барлығымыз кедейлерміз. Тарбағатай, Үржарға кетеміз. Егер шабуыл сәтсіз бол­са Қытайға кетеміз», деді.

Көкпекті ауданында 27 тамызда Қы­тай­дан келген 200 адамы бар Садық және Жұмажан Сегізбаевтар Қызыл-Кесек шатқалына шабуыл жасайды. Кеңес өкіметінің 40 шақты адамы оларға ұрыссыз беріліпті. Адам санын 33-ке толықтыра Сарыбұлақ шатқалына бе­кінді. Алайда 2-3 қыркүйектегі қақты­ғыста қа­рақшылар тобы таратылды. 59-ы қолға түсіп, соның ішінде 3-еуі пар­тия адамы болып шықты. Олардан үш және төрт
ауызды мылтықтар, 480 жылқы, 150 түйе, 87 сиыр алынды. Ұйым­­дастырушылар саналған Райымбек Қа­дыров, Бусалым Ташкембаев, Омарбек Болтаев, басшылары Сегізбаевтар қашып кетіпті.

Жарма ауданында 19 қыркүйекте Мұр­ғалы Азбақанов, Итұрғалы Алжитов бастаған 300 адам қақтығыста 30 сарбазынан айырылды. Олардан 300 жылқы, 45 түйе тәркіленді. Қалғандары Көкпекті тау­ларына қашып, қуғын кезінде басшының көмекшісі Мейірқан Жүсіпов ұсталады. Ол топ құрамында 70 адам қалғанын айтып, оның 20-ы қаруланғанын жеткізеді. Тілеухан Шәріпов деген азамат 20 шаруа­шылықты Қытайға көшіріп кетіпті.

21 тамызда Тарбағатай тауларының етегінде Қытайдан келген Ахметжан Мұхамеджанов бастаған 400 адам кө­шіп бара жатқан жерден ұсталады. Атыс кезінде олардың 15-і жан тапсы­рып, 2-еуі жараланады. Басшылары мен ұйым­дастырушылары – Жакенов, Сақышев, Ибрагимов, Жалғасбаев, Дүйсенбаев, Камал Сатыбаев болыпты.

Аягөз ауданына 5 қыркүйекте Қытай­дан Биғұлжа Тоғылбаев бастаған 9 адам­дық топ келіп, Еген-Су пикетіне шабуыл жасайды. Мыңбұлақ совхозынан 100 жылқы, 30 түйе айдап әкетеді. Талды-Құдық шатқалында атыс кезінде олардың 6-ауы ажал құшыпты. Қазан айының ортасында Қытайдан тағы бір топ келіп, үшке бөлінеді. Құрамында 12 адамы бар Байқадия Балғабаев басқарған 1-ші топ Сергиопольдің оңтүстік шығысынан 80 ша­қырым жердегі Чакурты өзені жағасына орналасады. 16 адамның басын қосып, Асан Мәдінев басқарған 2-ші топ Үржар стансасынан 20 шақырым жердегі Ақтас тауына бекінеді. 3-ші топты Сембай Сма­ғұлов басқарып, ол қарамағындағы 8 адамымен Сергиопольдің оңтүстік батысына орналасады. Қараша айында барлығы бірігіп Қарқаралы шатқалы мен Тарбағатай тауларына бекініпті. Қуғын кезінде С.Смағұлов, Бейсембай Көкмырзаев, Шонаш Бейболов ұстала­ды. Б.Тоғылбаев Қытайға қайтып кеткен екен. №2, №3 ауылдарда Қытайдан кел­ген Мұқатай Қардыбаев пен Қажан Омар­беков, Қоңыр Қордаев бастаған 10 шақ­ты адамнан құралған топ отбасыларын көшіріп кетуге әрекет етті.

28 тамызда Шұбартау ауданындағы №10 ауылға Қытайдан Қожамжаров бастаған 50 жігіт келеді. Олар ауыл­со­ветті атып, 100 бас малды айдап әкет­кен еді. Сонымен қатар Ақ-Үйрек тауы маңында аудандық қызыл әскерді тал­қан­дайды. Олардың 4-еуі өлтіріліп, 2-еуі тұт­қындалады. 31 тамызда жергілікті тұрғындарды жинап, Тарбағатай таулары арқылы Қытайға өту үшін Үш-Киік стансасына келеді. Алайда 13 қыр­­кү­й­ек­­те бәрі ұсталып, топ таратылады. Осы ауданда Шәкәрім Құ­дайбердиев тобы түзіліп, әрекет етіпті. Олар №13, №14 ауылдарға ойысқанда Қарауыл аудан орталығынан оңтүстік-батыс жа­ғын­­дағы 50 шақырымдық жер­дегі Ке­ре­гетас тауларында қызыл отряд­тың көзіне түседі. Атыс кезінде топ басшысы Ш.Құдайбердиев қаза табады. Одан вин­честер қаруы, 2 ат, 1 түйе алыныпты. Қал­ғандары жан-жаққа қашады.

21 тамызда Күршім ауданындағы Воз­несенск селосында Ибраев тобымен атыс­та 1 адам өлтірілді. Ибраев өзі Қытай шекарасына қашады. Қыркүйек айының басында Кедровый ключ шатқалында осы ауданның қуғын-сүргінінен қашқан Степан және Иван Черемновтар бастаған 6 адамдық топ пайда болды. Ай ортасында Степан ұсталып, тобы таратылды. 19 қазанда Қытайдан келген Әлімжан Нораев бастаған 15 адамдық топ пайда болады. Олардың мақсаты отбасын кө­шіріп әкету болыпты.

Зыряновск ауданында Сібір өлкесі жағынан келген көпестің ұлы Мещеряков бастаған 10 адамдық топ шығып, олар қараша айында Ертіс өзенінің Қызыл жар кемежайына бекінді.

Қараша айының басында Қарқаралы ауданындағы Ораз шатқалында Әшкер Сарықовтың басшылығындағы 7 адамдық топ әрекет етіп, 3-еуі ұсталады. Қалғаны Боқты тауларына жасырыныпты.

Түркістан ауданында құрамында 7 адамы бар Анқай Баймахановтың тобы 2 қыркүйекте 2 колхозшыны өлтіріп, 1-ін жаралайды.

(БК (б) П Қазақ өлкелік комитетіне жі­­беріп отырған Қазақстан бойынша бір­­лескен мемлекеттік саяси басқар­ма­сы өкі­летті өкілдігінің 1929-1931 жыл­дар­дағы аса құпия оперативті-барлау жиын­тықтарынан).

Мұндай толқулардың мақсаты 1929 жылы билік талап еткен салық жоспарына қарсылық білдіру еді. 1931 жылы жайлап бара жатқан аштықтан жан сақтап, отбасын, ауыл адамдарын аман алып қалу болды. Басқа амал жоқ еді...

 

Айнаш СЕЙСЕНБАЕВА,

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы