Руханият • 25 Қыркүйек, 2020

Бүркіт шың, басың биік, шыға алмадым...

1027 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп Топқайыңның тұсынан бес атты жігіт шаужайлап Бүр­кіт шыңын маңдайға алғанбыз. Биі­гіне биыл шықпасақ та жолын көріп, барлап қайту біздікі. Межелеген шыңымыз бір қара­ғанда қас пен қабақтың арасындай ғана еді...

Бүркіт шың, басың биік, шыға алмадым...

Біріміздің соңымыздан бірі­міз құйрық тістесіп, Сарной шат­қалындағы жетім сүрлеумен өр­леп келеміз. Бұл жолғы топ бас­таушымыз топқайыңдық Бақтияр есімді жігіт. Сүлікқараға мінген Дәулет. Жазушы Дидахмет Әшім­хановтың ұлы. Содан кейін Топ­қа­йыңның тумасы Алмас Сарбасов пен Жандос Сансызбаев.

Соқпақтың екі жағындағы көк майсаны мен мінген күрең бырт-бырт жұлып, ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Тебініп қоямын. Тілін салақтатып еріп келе жатқан Ақтөстікі не сор?! Сайдың ішімен гүрілдеп Бүркіт өзені ағып жатыр. Бұл сонау біз кетіп бара жатқан шыңның бөктерінен бастау алады. Сағасы Қарасуда. Қарасу Күлмеске құяды.

Бүркіттің ұшар басына шы­ғу­ды бала кезден армандай­тын­­быз. Бірақ биігіне көтерілу оңай­ға соқпасын іштей сезетін едік. Қалай дегенмен, Алтай тау сілемдерінің ішінде Мұзтаудан кейінгі биік шың. Биіктігі теңіз деңгейінен 3373 метр. Әйтеуір мамыр, маусым айларында қы­зылды-жасылды киінген аль­пи­­нис­тер артынып-тартынып Бүр­кітті бетке алатын. Етегінде со­лар­дың үйі бар деп еститінбіз. Құз­ға өрмелеушілердің өзі асай-мүсейлерін арқалап, үлкен да­йын­дықпен барса, біздікі бос әуре­шілік пе деймін. Не де болса биыл барлап қайтайық.

Мойнаққа шыққанда өзеннің гүрілі сап тыйылды. Бақтияр артына қарап:

– Бүркіттің ұшар басына апаратын айналма жол бар, – деп дауыстады.

– Енді биігін бірден бағын­дырып қайтпаймыз ба?! – деді Жандос.

– Др-р-р-р, тау ешқашан біз­ге бағынбайды, – деп Бақтияр атының басын тартты.

Сөзінің жаны бар. Биігіне шық­сақ шығармыз, бірақ ас­панмен астасқан тауды бағын­дыратын құдірет қайда?! Қарт Алтайдың тылсым сыры көп біз білмейтін.

Кең жазыққа шыққанда ырс-ырс етіп келе жатқан итіміз кө­рінбей кетті. Тегі кері қайтқан шы­ғар дегенбіз. Сөйткенше болған жоқ қалың қарағайдың ішінен қос елікті қуып алып шықты. Ал­ды­мыздан кесе-көл­денең дүр етіп өткен еліктер қой соңында жүрген жабағы ит­ке жеткізсін бе, бір белден ас­ты да жоқ болды. Құлағы сал­пиған Ақтөс аттылармен қай­та қа­тарласты. Жарап жүрген құ­май тазы болса, екеуін де тырп ет­кізбеуші еді. Елікті қойып, жаман ауызды басып жі­беретін тазылар бар. Аумақ Ұлт­тық парктікі бол­ған соң ит жү­гіртіп, аң аулай алмаймыз.

1

Күн екінтіге таяғанда Сарной шатқалын, Сағымбай сайын арт­қа тастап, Қырық құдыққа жеттік. Ашық алаңқай. Алаңқайдың ор­та тұсы саздауыт екен. Әр-әр же­­рінен су шығып жатқан се­кіл­ді. Батысында бас жағын най­зағай ұшырып кеткен қарағай тұр. Қурап кетіпті. Баяғыда-оу Ақтомар жайлауында найзағай ойнап, қарағайды қақ айырғанын көргенбіз. Сонда алапат күшке қас­қайған қарағай да төтеп тұра алмайды екен ғой деп таңғал­ғанбыз.

Аттың терін басып алдық та, сапарымызды әрмен қарай жал­­­­­ғастырдық. Биіктеген сайын таудың салқын лебі сезіледі. Тау биіктеген сайын самырсын­дар аласара берді. Балапан самыр­сындардың бірінен Бақтияр төрт-бес бүршік балқарағай үзіп алды. Шайыры ағып, әбден пі­сіпті. «От­қа қақтаймыз» деп Дәу­­лет қуа­нып кетті. Оттың шо­­­ғы­на кө­міп, аударыстырып отыр­­саң, шайыр иісі танауыңды қы­­­тық­тайды. Дәні­нің дәмі тіл үйі­реді.

Қалың шыққан жылы ауыл­­да­ғылар тауда қона жатып, бал­қарағай соғады. Үгітіп, қабы­ғы­нан дәнін ажыратады-дағы, қап­тап қабылдаушыларға өткізеді. Қабылдаушылар тонна-тоннасымен Қытай асыратын көрінеді. Тегі, балқарағайдың емдік қасиеті болса керек, қытай дәрі жасайды-мыс. Өндірген өнімін неше есе құнын төлеп, сатып та алып жүр­ген шығармыз. Ал өзіміз болсақ, «Алтайдың асты-үсті байлық» деп кеуде соғудан әрі аспаймыз. Әйт­песе алтын да, мыс та бар. Та­мылжыған табиғатың мынау. Ше­тел асып, демалатын турисің анау. Қайта биыл Катонға қарай тар­тылған саяхатшылар көп болды.

Самырсынды кезеңнен асқан­да Бүркіт шыңы көрінді. Бұл жолы биігіне қол созым-ақ жерден көз тастадық. «Мықты болсаң шы­ғып көр» дегендей мұздықтары сұс­та­нып тұрды. Анау шапшыма шыңға өрмелеп шығу әсте мүмкін емес. Жарықтық алыстан ғана жап-жазық болып көрінеді екен ғой. Атты сипай қамшылап келеміз. Төменде Қатонқарағай ауылы жатыр. Мұзтаудың басын бұлт басып тұр.

– Сарыалқа деген жер осы, әрі қарай көлі жатыр, – деді Алмас тобылғы сапты қамшысымен тө­ңіректі нұсқап. Беткейде үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр тас кенеше жабысып жайылып жүр. Етектегі ел егінін орып, шөбін та­сып алған соң ауылға түседі.

Бүркіттің биігінен көз ала ал­­май келе жатырмыз. Неткен сұ­лулық?! Алтайда туып-өссек те та­биғаты таңғалдыруын қой­май­ды. Әр өңірі өзінше сұлу.

Ардағым Алтай – даламның

асқақ төрі екен,

Таудың да тарлан

таланттысы екен, сері екен.

Тау емес мынау кілең

бір алтын баспалдақ,

Алланың өзі аспаннан

түсер жері екен,

деп жырлаған Ғафу Қайыр­­бе­ковті осындай таңға­жайып табиғат шабыттандырса керек.

Алтайды аралап болмайынша басқа жаққа ұмтылмаймыз деп қоямын іштей. Бүркітке бір шықсақ, Мұзтаудың биігі бар. Мұзтау демекші, мұзарт шыңға құмар жазушы Әлібек Асқаров пен Қатонқарағай аудандық мәс­лихатының хатшысы Дүйсен Бра­линов Бүркіттің биігіне жа­қындаған. Бірақ төбесіне жүз-жүз елу метрдей жетпей кері қай­тыпты. Әлібек Асқаров: «Ең басына артынып-тартынып шық­паса, жүрдім-бардым шыға салатын шың емес», деген еді. Көз жетті.

Сарыалқаға жетіп аттан түстік. Алмас ағаштан мосы орнатып, астына лапылдатып от жақты. Сарқыраған өзеннің суынан алып шай қайнаттық. Қайнаған шайға бір-екі бас «матрешка» гү­лін тастап жіберіп едік, иісі бұр­қырап шықты. «Матрешка» деп отырғаным, киікоты. Оны біздің жақта ғана емес, Қытайдың қазақтары да «матрешка» деседі екен. Жұпар иісті бұл шөптің ем­дік қасиеті де зор.

– Қырық құдықтың арғы жа­ғында Ұңғы деген жер бар. Ке­зінде шахта болған дейді үлкен­дер. Шахтаның ауызы әлі бар. Кейін көреміз барып. Сонымен жайлауға асып түскенде «Балуан тас» жатыр, – деп Бақтияр шай үстінде тереңнен әңгіме қозғады. – Оны ерте кезде Төпен деген кісі кеудесіне дейін көтеріпті. Одан соң алып тасты ешкім кө­тере алмаған. Бертін ғана Төпен ақсақалдың немересі кіндік тұ­сына дейін әкелген ғой деймін. Ал кейінгі ұрпақтары жайлауға барғанда бабаларынан қалған «Балуан тасты» орнынан бір аунатып қана кетеді екен.

– «Жасында байқары болмаса, қартайғанда айтары болмайды» деуші еді?! Байқарың да, айтарың да көп сияқты, – деп Дәулет жанында отырған жігіттің арқасынан қағып қойды.

Бір белден асқанда айнадай көл көрінді. Сарыалқа көлі. Жол­бас­таушымыздың айтуынша, ал­­ған беттен қайтпасақ, қорым тас­­тарды басып өтіп, Бүркіттің биі­гіне шығуға болатын сияқты. Бірақ қорым тасқа жете бере ат­­тарды арқандап, әрі жаяу кө­тері­луі­міз керек.

Өтірік-шынын білмедік, бір топ альпинист Бүркіттің биігіне екі күн өрмелеп шықса, күнбатыс жақтағы бетте бір ақсақал қой жа­йып жүр екен. Бір жағынан қи­сынды сияқты. Өйткені тік­ұшақтан түсірілген Бүркіттің су­ре­тіне қарасам, желке тұсы жа­дағайлау көрінеді.

Сарыалқаға беті-қолымызды шайып, кері қайттық. Биылғы діттеген жеріміз осы болатын. Асқар биігіне шығу – уақыт ен­шісінде. Аралбайдағы альпи­нис­тердің үйіне жақындағанда күн күркіреп, жаңбыр себелеп өтті. Бір аялдап, Маятекшемен ауылға түсіп келеміз. Артыма бір бұрылып қарағанда, Бүркіт шыңы алыстай берген…

 

Шығыс Қазақстан облысы