Сапарбек!
Жақында шыққан мына бір кітабымды жіберіп отырмын, алыстағы ауданға бара бермес деген ой ғой. Келесі жылы «Шежірелі сахара» деген кітабым шығады. Саған берген уәде бойынша Сопекең туралы әңгіме жаздым. Ел басқарған кісі ретінде суреттелінеді. Емберген ақсақалды да кіргіздім. Үлкен тойда салым салғанын суреттеген жерге сыншылар ырза болды. Ерманның қайда екенін білмеймін. Біреулер басқа қызметке ауысты деген сияқты еді. Оған арналған кітапты өзіне табыс етерсің.
Үй-ішіңе, жеңшеме, Әдебиет інішекке сәлем!
Тәкен, 25.04.1975.
Сапаш!
Хал жақсы ма? Үй-ішің аман-есен бе? Мен Алматыға келгелі жұмысбасты боп хат жазбадым. Айтарлықтай жаңалықтар болмады. Роман әлі біткен жоқ. Бірақ келесі жылы шығатын болған соң, оншама жанталаспай, сапасын көздеп жүрмін. Сен жіберген бір-екі тарауды өңдеп, тереңдетіп, қайта бастырып алғанмын.
Ұзынқұлақтан (Қарауылдан) естіген шығарсың. Біз жаңа үйден бес бөлмелі, кең, әдемі пәтер алғанбыз. Балалар қуанып, жеңешең далақтап жүр. Жеке кабинетте өзімнің жұмыс істеуіме мүмкіндік тиді. Тек, әлі-әзір телефон құрылмай жатыр.
Шылғи тым-тырыс жатып алу жараспас деп, хат жазып отырмын. Келе жатқан мейрам құтты болсын. Жігіттерге дұғай сәлем!
Тәкен, 21.10.1977
Адрес: 480008, Алма-Ата, 08,
ул.Джамбула 165, кв.5.
Сапаш!
Мен бүгін «Жартытөбеге» жүріп бара жатырмын. Саған екі өтініш бар.
1) Мекең екеумізді жоғарғы жақтағы, жаптас ағайындар шақырған. Соған машина берсең, өзің бірге барсаң, нұр үстіне нұр. Мейрам күндері оңтайлы болады ма деп те ойлаймын.
2) Алматының издательствосы маған хат жазып, келесі жылы шығатын өлеңдер мен поэмалар жинағының қолжазбасын сұрапты. Екі кітапшаны Шымкентте, өзің білетін машинисткаға бердім. Мен қайтып оралғанша дайын болады. Жаңадан жазылған қырық шақты өлең бар. Сол аудандық газеттің машинисткасы басып бермес пе екен? Баспаса, қайтарда Шымкентте бастырамын.
Тәкен, 05.11.79
Сапаш!
1) Мынау орысша очеркті орысша бастыр. Егер мен Байқадам жақтан Алматыға кетіп қалсам, машинкадан шыққан екі данасын Москваға жібересің. Әрине, оригиналмен салыстырып, оқып жібересің.
Адрес былай: Москва, Г-69, ул.Воровского, 52,
ред.журнала «Дружбы народов» Захорошко Игорю
1) Өлеңдер машинкадан шыққан соң өзіңде тұра береді. Қайтарда аламын. Егер жаңа айтқандай, Алматыға кете қалсам, кейін Айжан жеткізіп береді.
Тәкен, 12.11.79
Сапаш!
Жұмысым көп боп, Алматыдан шыға алмай жүрмін. Марттың басында қолым босар. Сол кезде ел жаққа барамын. Әзірге жоспарым «Восходта» жатып, жаңа шығарма жазу (аяқтау). «Восход» болмаса, баяғы «Жартытөбе» қашпайды ғой.
Денсаулық, көңіл күйі жақсы. Хабарсыз кетпейін дегендік қой. Айтпақшы, осы февральдің тоғызы күні кешкі сағат 8:30-да радиодан, бірінші программадан қазақша деректі әңгімем беріледі. Әнеугі күні асығыста диктовать етіп едім. Кімді атағаным есімде жоқ. Шабандоз Емкең кәрияны айттым-ау деймін. Тыңдай салыңдар!
Шымкентке барғанда телефон соғамын. Бұл жерден нашарлау естіледі. Әрі айтатын жұмыс та жоқ. Сұрағанға сәлем!
Тәкен, 04.02.80
Біздің телефон 42-96-16 (жаңадан құрылған)
Сапаш!
Мынау кітаптағы «Араша» деген повесте (108 бетте) Сопекең туралы жанама айтылады. Толық нұсқасы келесі жылы басқа баспадан шығады. Орысшаға Мәскеуде Майя Михайловна Иванова деген әйел аударып жатыр. Аудармасы біткен кезде өзім барып, өңдеп, толықтырып бермекшімін. Солай уәделескенбіз де!
Мен осы айдың аяқ шенінде ел жаққа барамын. Шолаққорғанға түсемін ғой деймін. Үй-ішіңе, балаларға сәлем.
Тәкен, 18.10.82
Сапаш!
Сенің ақылың ақыл екен. Жаңатастан тура Алматыға тартамын.
Саған «Казахстанская правдада» мақалам 7 ноябрьде шығашақ деп едім. Ол мақала бүгін, 16 ноябрьде шықты. Өтірікші атанбау үшін осы хатты жаза салдым.
Сен орысша жақсы білесің ғой, Парткаби-
нетіңнің тігіндісінен алып, оқып қара! Жаман ағаңның орысшасын көр! Балаларға сәлем!
Тәкен, 16.11.82
Сапарбек!
Қалай, хал-ақуал жақсы ма? Ауыл аман ба?
Маған «Соц.Қазақстанның» өтініші бар. Азық-түлік программасына сәйкес очерк керек. Сол очеркті өзім тарихын жетік білетін «Құмкент» туралы жазсам деген ойым бар.
Жұрттың аузы бара бермейтін мынадай проблема көтерсек қайтеді?
1) Совхоздың адамдары өндіріске (Жаңатасқа) көшіп жүр. Оларды баянды ету үшін жеке ықыласын күшейту керек.
Хатте, екі-үш жылға қарызға мал беруге болады. Жекеменшік мал «жұтқа» да бой бермейді. Кейін шарт бойынша қайтып алу оңай.
2) Совхоз адамдарына, әсіресе, көп семьялысына жер беру жөн. Егінін түнде суарсын. Бәрібір су ысырап етпестік күш аз ғой. Мұрабтың жауапкершілігі күшейсін. (Сіздерде кім? Қашаннан бері істейді?) Көк егін өсірген дихандар түсімділігін өзі біледі ғой. Жүгерінің паясы малға азық. Сабақ тегін. Қауыннан қауын-құрт жасайды. Ол шірімейді. Дарбыздың қабығынан жылқы семіреді.
3) Жылқының жазғы өрісі тар. Басқа аудандағы жайлау құлазып жатады. Бір мысал «Алғабас» ауданына қарасты Аюлы төбеден жоғары қарай қат-қабат сай, шатқал. Шүйгіні орылмайды. Неге? Шөп машинасы жүре алмайды. Аяғынан жайылатын жылқы некен-саяқ. Бұны узковедомственные интересы дейді. Дәлелмен келтіремін. Ақылдасудың зияны жоқ қой.
Очеркте мәселе көтеріп, ой айтуға автордың еркі бар. Жарияланған соң басшылар, оның ішінде аудан басшылары да шара қолданады.
Очеркке керекті деректер:
1) Қой саны. Міндеттеме. Сиыр, жылқы, түйе саны. Міндеттеме.
2) Озат малшылар. Қашаннан бері істейді? Семьясы.
3) Ақ егін, көк егін көлемі. Міндеттеме.
Екі шопан, бір жылқышы, бір түйеші, бір жүгеріші туралы дерек болса жетеді.
Автолавка, Культлавканың жай-жапсары қандай?
Аудандағы озат совхоз кім? «Құмкент» кіммен социалистік жарыста? Созхозда самодеятельность бар ма? Аудандық газетке жұрт қалай қарайды?
Газеттің меселін қайтармай жаза салайын дегенім ғой. Жігіттерге сәлем.
Тәкен, 17.01.1983ж.
Қосымша: Құмға тасылған шөп жеткілікті ме? Шопандардың тәжірибесі? Олар не қалайды?
Көгала кенде тұз запасы бар ма? Көкжөн қаласы салынбайтын болды ма? Бұны айтып жатқаным – жаңа қалаға қандай атау лайық деген менің пікірімді («Соц.Қазақстанда» басылған) біреулер «Қазақ әдебиетінде» қайталапты...
Қосымша: ноябрьде мен барғанда Шымкенттен біреу келіп, құлазып жатқан Ақтөбе бұлағын сұраған. Меніңше, иесіз әрбір бұлақтың, көздің, хатте, бастаудың басына семьялы үй орналастыру керек. Сауранбайдың құйылысында дүкен бар. Тек ішкілік сатады. Оның керегі не? Сол жерде дихан отырса, шіркін!
Сен құптасаң, осының баршасын проблемаға айналдырып жазамын.
Тәкен.
Мен сұраған көрсеткіштерді актуальная тема дейді. Оған Сопекеңнің, Әлекеңнің (есімі өзгереді, әрине) Жарылқасын Отарбаевтардың Кеңес Үкіметін орнатысқан қызметін қоспақшымын.
Көңіл хошы жақсы.
Тәкен.
Қадірлі Сапаш!
Үй-ішің, ауыл-аймақ аман ба? Мен Төлеген Момбековтің тойына барып едім. Жұрт қаумалап, ішкілік өтіп кетті. Сосын есім барда ел табайын деп Алматыға қайттым. Қазір үйде жұмыс істеп жатырмын. Денсаулық түзеледі.
Елге июльдің бас шенінде баруым ықтимал. Екі баламды ертіп бармақшымын.
Сау бол. Жігіттерге сәлем.
Тәкен, 09.06.1983ж.
Айтпақшы, менің «Замана екпіні» деген романым шықты. Шымкентке бара қалсаң, «Восходтың» алдындағы кітапханадан табылады. Ерекеңе де айта сал. Оқысаңдар түсінесіңдер.
Тәкен.
Сапаш!
Мынау кітап қысқарып шығыпты. Ол кезде мен Шымкентте жазу жазып жатқан едім. Бұл кітапты толықтырып, Мәскеуден шығармақшымын. Мәскеуге апрельде бармақшымын. Бұл кітапта Сопекең туралы, Емберген (шабандоз) туралы жазылған. Өзіңнің қолың тимесе, балаларға, мүмкін, Ақашқа оқыт.
Мен жаңа пәтер күтіп жүрмін. Февральдің орта шенінде берешек. Денсаулық жақсы.
Пәтер алғанда хат жазамын.
Тәкен, 31.01.1985