Руханият • 25 Қыркүйек, 2020

Қазақтың тұңғыш антропологі (Академик Оразақ Смағұлов биыл 90 жасқа келеді)

1468 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газеті таяу күндері тоқсанның төріне шыққалы отырған қазақтың тұңғыш антропологі, қазақ халқының төрт мыңжылдық этнотарихи қалыптасуын нақтылы дәлелдеген белгілі ғалымды мерейлі белесімен құттықтай отырып, төмендегі мақаланы оқырман назарына ұсынады.

Қазақтың тұңғыш антропологі (Академик Оразақ Смағұлов биыл 90 жасқа келеді)

Оразақ Смағұлов 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіғара ауданы Ұялысай ауылында дүниеге келген. Бірақ ғалымның өмір бойы ұмытылмайтын бір өкінішті уақиға көңілінде сақталып қалған екен. Ол 1933 жылы аштан өліп жатқан анасының (лақап аты Бөпішті, шын аты есінде жоқ) кеудесін аймалаған екі жарым жастағы баланы Алланың әмірімен өлімнен аман қалғаны. Ең қиыны – ақсақалымыздың осыншама жасқа келгенде қайран анасының жүзі мен үнін осы күнге дейін елестете алмайтыны.

Оразақ Смағұлов – тұңғыш отан­дық антрополог, Қазақстанда антро­пологиялық мектептің негізін қалаушы. 1963 жылы Мәскеу қаласында кан­дидаттық диссертация қорғаған, тарих ғылымдарының докторы (1984). ҰҒА корреспондент-мүшесі (1994) және академигі (2004), Болония ҒА корреспондент-мүшесі (Италия, 2005). Қазақстанда тұңғыш этностық антропология зертханасын Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титутында ұйымдастырады (1973). Со­дан кейін ҚР Орталық мемлекеттік мұ­ра­жайының физикалық антропология зертханасының іргесін қалаған (1986). Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лау­­­реаты (1991), Қазақстанның еңбек сіңір­ген ғылым және техника қайраткері (1998). 2010 ­жылы «Құрмет» орденімен мара­пат­талған. Ха­лықаралық Түркі акаде­миясының «Алтын Жұлдыз» медалінің иегері (2019).

1Нұрата қаласындағы Орталық зират­хана­дағы Әйтеке бидің сүйектерін оның қабір басында антропологтердің зерттеу кезі (2005 ж.).

Алғашқы бітірген орта оқу орны Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесі (1950), содан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның тарих факультетін бітіреді (1955). 1953-1957 жылдары Алматы мединститутының кешкі бөлімінде оқиды. 1958 жылы Мәскеу университеті биология фа­куль­тетінің жанында ҒЗИ мен антропология мұ­ражайында тағылымдамадан өтеді. Одан соң 1958-1961 жылдары Мәскеуде антропология мамандығы бойынша аспирантураға түседі. 1961 жылдан бас­тап ұзақ уақыт ҒА тарих, археология және этнография институтында қазақ халқының физикалық антропологиясымен айналысады. 2014 жылдан бас­тап Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде физикалық антропология зертханасын ашады. Бұл күнде сонда қызмет етеді.

1

 

Абылай ханның бас сүйегі антропологиялық әдістеме ар­қы­лы қалпына келтірілген мүсін

Жалпы, Оразақ Смағұлов танымал ғалым ретінде Қазақ халқының физикалық антропологиясымен айналысқанына 60 жылдан артық уақыт өтті. Бұл ғалымның бір ерекшелігі, екі бірдей ғылымның арасында, яғни адам биологиясы мен гуманитарлық ғылым салаларындағы биоәлеуметтік мәселелермен айналысады. Аталған екі саланың өзара заң­­дылықтарына сүйеніп, белгілі бір халық­тың нақтылы географиялық ортада био­әлеуметтік ерекшеліктерін анықтайды. Өйткені қоғамдағы барлық тіршіліктің ұйытқысы мен көріністерін жасайтын және оны ұрпақтан-ұрпаққа уағыздайтын тек адам ғана екендігін естен шығармаған жөн. Сондықтан бұл екі ғылыми саланың халықтың этномәдениеті мен оны тұрақты аймақта ұзақ уақыт адамның ортаға бейімділігі де өзара бірегей сабақтастықта болатындығы әрқашан ескерілуі қажет. Сөйтіп адамның қоғам саласындағы екі бірдей заңдылықтарды, яғни биологиялық бейімделу мен ма­териалдық және этно­мәдени салаларын өзара қабыстырып зерттеу жолдары бірден-бір дұрыс ғылыми әдістемелер болып саналады.

1

 

1698 ж. Испания сүретшісі Хуан Харис­тің Әйтеке биді тірі кезінде салған пор­треті

Осындай ғылыми салалардың ерек­­­шеліктеріне сүйеніп, Оразақ Сма­ғұ­лов қазақ халқының расогенезі мен этно­генезіне орай көпсалалы зерттеулердің нәтижелеріне иелік жасайды және олар бұл күнде Азия, Еуропа және Америка ғалымдары арасында танымал болды. Мұндай халықаралық деңгейге қол жет­кізу О.Смағұловқа оңай болған жоқ сияқ­ты. Өйткені оған алдымен көпсалалы ғылыми зерттеу әдістемелерін меңге­ру қажет болғаны байқалады. Бұл жайға қол жеткізу жолы О. Смағұловқа Ресей антро­пологтерінің жәрдемі болған­дығын автор ризашылықпен еске алады.

Мәскеу мамандары ұсынған ғылыми салалардың бөлімі физикалық антропология бойынша кешенді зерттеу­лер ретінде негіз етіп алған саланың бірі соматология болды. Бұл салада адамның бас пен бет әлпетінің морфологиялық ерекшелігін зерттеу, дене құрылысын, май бүрмелерін анықтау әдісін ха­лықаралық бағдарламаларға сүйеніп, тиісті анықтамалар бойынша материалдарын жинау іске асырылған.

Екінші сала кешенді антропологиялық зерттеу әдісі тіс морфологиясының анық­тамасы, яғни одонтологияға байланыс­ты жүргізілген. Мұнда тек тұрақты тісті зерттеу бағдарламасы, яғни 12-17 жас­ арасында ғана екі жыныс бойынша ха­лық­­аралық әдістеме арқылы материал­дар жиналған.

Үшінші сала кешенді антропологиялық зерттеу жолдары қан жүйелерінің (серология) АВ0, MNSs, резус факторлары мен дәм сезімдері бойынша РТС нақтылы материалдар жинау жолы іске асырылған.

11

Нұрата зиратынан қазып алын­ған бас сүйектің қалпына  келтірілген  Әй­теке  бидің антропологиялық мүсіні 

Төртінші сала кешенді антропо­логиялық зерттеу әдісі алақан мен саусақ тері бедерлері (дерматоглифика) бойынша нақтылы материалдар жинау талабы жолға қойылған.

Бесінші сала кешенді зерттеу бағыты бас сүйектерінің морфологиялық ерек­шеліктерін этнотарихи дәуірлерге сәй­кестендіріп алып зерттеу.

Бұл арада айта кететін жайт О.Смағұ­ловтың кешенді ғылыми әдістемелерінің құндылығы мен ерекшелігін аталған салалар бойынша естіген емеспіз. «Осындай кешенді антропологиялық зерттеулер арқылы қазақ халқының ішкі биологиялық бірлігі мен тұтастығы нақтылы анықталуы қажет», дейді автор. Екіншіден, қазақтардың жеке басының көпсалалы анықтамалар арқылы, оның антропологиялық статусын сипаттау арқылы Еуразияның этностық топтарынан өзіндік ерекшеліктерін ажырата білу. Осындай ғылыми зерттеу әдістемелері арқылы қазақ халқының Қазақтан масштабында жеке басының өзіндік ата тегінің антропологиялық қалыптасу тарихи дәуірлері болғандығын анықтау болып саналады.

Енді О.Смағұловтың осы ғылыми еңбектердегі жаңалықтарына тоқталатын болсақ, онда жоғарыда айтылған антропологияның 5 саласы бойынша, яғни соматология, тіс морфология­сы, қан жүйелері, алақан мен саусақ тері бедерлері және бас сүйек морфологиясын кешенді зерттеулерінің нәтижелеріне қарағанда бүгінгі қазақ популяциясының (биологиялық) ішкі бірлігі мен тұтас­тығын анықтау үшін бір жағынан бес аймаққа бөліп (шығыс, оңтүстік, орталық, солтүстік және батыс) және үш субэтникалық (Ұлы, Орта, Кіші жүздерге) топтарға бөлшектеп қарайтын болсақ, онда алынған нәтижелердің салыстырмалы график анықтамалары өзара бір-біріне өте жақын және қазақ қауымын ажыратуға ешбір мүмкіншілік жоқ деп айта аламыз. Бұл жайдың нақ­тылығын кітаптарда келтірілген гра­фиктерден айқын көре аламыз. Сөй­тіп келтіріп отырған графиктерден қазақ халқының тарихи бірлестігі мен этностық тұтастығы алғаш рет нақтылы дәлелін тауып отыр. Дәл осындай қазақ халқының кешенді антропологиялық бірлестігі мен тұтастығын ТМД бойынша ешбір халықтың этномәдени саласынан бұл күнде көре алмаймыз. Сонымен қатар лингвистика саласында қазақ тілінің бірегейлігі, яғни диалектикасы жоқтығы Еуразия көлемінде белгілі жай. Жалпы, әлем деңгейінде антропология мен лингвистика бойынша екі бірдей ғылым салаларында бірегей тұтастықты тек қазақ қауымынан ғана көріп отырғанымызды ғажайып құбылыс деп санаймыз.

Енді осы байырғы қазақ атамекенінде антропологиялық даму жолы қандай болғанына назар аударғанды жөн көріп отырмыз. Бүгінгі қазақ халқының жалпы анропологиялық даму тарихының ұзақтығы төрт мың жыл құрайтыны алғаш рет О.Смағұловтың кешенді зерттеулері арқылы аян болып отыр. Бүгінгі қазақ популяциясының физикалық құрылымында көне еуропеоид элементінің 30% сақталып қалған. Ал қалған 70% үлесін кірмелік жасаған Орталық Азия тұрғындарының, яғни монғолоид үлесіне жатады екен.

Ғалымның кешенді зерттеулерінің тағы бір ұтымды жері Қазақстанның әрбір тарихи дәуірінде мекен еткен кейбір тайпалардың бас сүйектері арқылы қалпына келтірілген антропологиялық мүсіндері жарияланған және олар еңбек­терде жиі қолданылған. Бұл жасал­ған скульптура бюстері оқырманды қат­ты қызық­тырады. Өйткені көне заман адамдарының жүзін нақтылы елестетуге мүмкіндік береді.

Құрметті автор қазақ халқының көп­салалы физикалық құрылымының заң­дылықтарын қорыту арқылы және оның этнотарихи даму динамикасын өзара жүйелеу бойынша барлығын топтастырып алғаш рет Қазақстанның антропологиялық панорама картасының алғашқы үлгесін жасады. Бұл ғажайып антропологиялық панорамаға қарап қорытынды жасауға мүмкіндік туып отыр. Қазақ халқы мен оның ата-бабалары Қазақстан аймағында ғана төрт мың жыл бойы өзара этноантропологиялық жігін жазбай өмір сүргені нақты дәлелденіп отыр. Сондықтан бүгіннен бастап қазақ халқының 40 ғасырлық этномәдени тарихын ресми мойындайтын кез келді.

Жалпы,  халқымыздың өткен заман тарихында атақты қоғам қайраткерлерінің тірі кезде бейне жүздері белгісіз болғаны бұлай тұрсын, олардың жерленген орындары да нақтылы айтылған емес. Бұлардың қатарына Абылай хан мен Әйтеке биді мысалға алуға болады. Қазақ халқының тарихындағы осындай күрделі мәселелерге алғаш рет назар аударған және оларды дәлелді шешуге ғалым ағамыз Оразақтың үлесі зор.

Абылай ханның нақтылы қабірі Түркістандағы Ахмет Ясауи ғимаратының ішінде болғаны туралы О.Смағұловтың басшылығымен авторлар коллективі 1999 жылы жария еткен болатын. Бұл күнде сол авторлардың қазақша және орысша екі тілде бірдей жаңадан толықтырылып жазылған қолжазбасы 2017 жылы Түркіс­тан қаласында басылып шықты.

Дәл осындай Әйтеке биге байланысты ғылыми ізденістерді академик О.Смағұлов алғаш рет қолға алған адамның бірі. Өйткені Төле би, Қазбек би және Әйтеке бидің портреттерін еліміздің суретшілері ешбір дәлелсіз ойдан салып, елді сендіріп келгені мәлім. Мұндай жалған бейне суреттерден құтылудың бірден-бір дұрыс жолы ғылыми антропологиялық ізденістер арқылы шындыққа қол жеткізу қажет.

Академик О.Смағұловтың жазған­дарына қарағанда Әйтеке бидің бейнесі түгіл оның қабірінің жатқан жері де белгісіз екені бүгінгі қауымға мәлім. Бірақ бұл жайдың қиын жері көптеген аңыздарда Әйтеке бидің жерленген жері Өзбекстанның Нұрата қаласының зиратханасында деп уағыздайды. Сондықтан антрополог 2005 жылы күз айында Өзбек­станның Мәдениет министрлігінен Әйтеке бидің қабірін қазуға рұқсат қа­ғаз алады. Сөйтіп қызы Айнагүл екеуі қабірдегі адам сүйектерін біртіндеп алып, сол зират басында зерттеуге мәжбүр болады (2-сурет).

Барлық сүйектерді рет-ретімен алып, оны өлшеп, суретке түсіріп жалпы сүйектерге сипаттамалар береді. Содан кейін сүйектер өз орындарына қойылып, қа­бір беті өз қалпына келтіріледі. Тек бас сүйегін уақытша алып, Мәскеуде М.Герасимов зертханасындағы маман­дар­ға антропологиялық әдістемелер ар­қылы скульптуралық бюст жасалады (3 сурет). Сөйтіп алғаш рет 2006 жылы Әй­те­ке бидің бет бейнесі Қазақстанда танымал болды.

О.Смағұлов биыл Әйтеке бидің суреті туралы жазған Өтеген Қойшиевтың мақаласына тап болады. Енді сол автормен кездесейін десе былтыр Қызылорда қаласында өмірден озып кеткен екен. Сөйтіп антрополог Әйтеке бидің 300 жыл бұрын салған Испания суретшісінің портреті қалай сақталғаны және біздерге қалай жеткені туралы анықталмай қалады. Дегенмен де, 2006 жылы Әйте­кенің бас сүйегі арқылы жасалған скульп­тур бюс­ті 1698 жылы Хуан Ха­рис салған пор­третпен О.Смағұлов тікелей өзара салыс­тыруды жөн көреді. Нәтижесінде, Испания суретшісі салған адам портреті мен бюстағы адам жүзінің бейнесі бір адам екені және ол Әйтеке бидің дәл өзі екеніне толық көз жеткізеді.

Жоғарыдағы осыншама кең шолудан кейін академик атамыз Оразақтың антро­пологиясында зерттелмей қалған ештеңесі жоқ шығар деп ойладым. Бұл ойымыздың шетін шығарып айтқаннан кейін оның маған берген жауабы тіпті терең: «Біріншіден, Ұлттық музейде қазақ халқының 40 ғасырлық антропологиялық тарихына орай арнайы экспозиция залын ашып, оны әлемге таныту. Екіншіден, тиіс­ті қолдау болса, қазақ ата тегінің сан алуан деректеріне сүйеніп халқымыздың 70 ғасыр­лық этноантропологиялық тарихын жазып және оны жария ету», дейді ака­демик.

Жалпы, соңғы кезде О.Смағұлов антропология саласынан тыс қазақ халқына көрсеткен зорлық-зомбылықтарын Ке­ңес өкіметінің бетіне айтып бүкіл өмі­рін қу­ғын-­сүргінде өткізген Мақмет Құлма­ғамбет туралы да «Қазақтың айбарлы дис­сиденті» атты кітап жазды. Бұл еңбекті оқы­ған жастардың туған халқына деген сүйіс­­пеншілігі арта түсетініне күмәнім жоқ.

Бұл күнде академик Оразақ атамыз алдымыздағы 90-жылдығына орай қазақ халқының физикалық антропология саласындағы 50 ғасырлық тарихына арнап ғылыми баяндама жазып, оны жария етпекші. Бұл ісіне сәттілік тілейміз.

 

Мәмбет Қойгелдиев,

ҰҒА академигі                                                           

 

 

Соңғы жаңалықтар

Адалдық – ардың ісі

Пікір • Бүгін, 09:55

Демократияның даму көрінісі

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Өсімі жоғары өңір

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Алматыда жер сілкінді

Алматы • Бүгін, 09:40