Білім • 28 Қыркүйек, 2020

Білім беру жүйесіне жаңашылдық керек

579 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылын ұйымдастыру жұмыстарының қиын кезеңі артта қалғандай болғанымен, кеңестік дәуірдегі деңгейінен кері кеткен білім беру жүйесінің шешуді қажет ететін шиеленіскен мәселелері жеткілікті. Сапалы білім бермейтін мектепті, аты бар да, заты жоқ білім беру жүйесін қалай тірілтуге болады?

Білім беру жүйесіне жаңашылдық керек

Мектептердегі екі және үш ауысымды оқыту – өмірдің табиғи ырғағын бұзу арқылы денсаулықты құрту факторына айналды. Оған бірінші сыныпқа қабылданған балалардың денсаулығы мен олардың 10-11 жылдан кейінгі мектеп түлектері болған кездегі денсаулығын салыстырғанда көз жеткізесіз. Жасыратыны жоқ, бес жасқа дейін періште болып тәрбиеленген сәбиден ынжық, қазақы ардан ада, адам сыйлауды білмейтін азамат даярлап отырған да мектеп. Бұған себеп – мектеп сыныптарының екінші ауысымда бос болмауы. Бұл оқушыларды оқудан тыс бос уақытында тегін үйірмелерде шығармашылық шыңдалу, факультативтік сабақтарда білімін өз қабілеті мен таңдауына сай жетілдіру құқығынан айырып отыр. Бала тәрбиесі көшеге тапсырылған. Ата Заң кепілдік берген тегін даму ортасы болмағандықтан, спортқа, өнерге, шығармашылыққа баулу, яғни қаржылық іріктеу арқылы ғана іске асырылады. Ал бұл – көпбалалы, табысы төмен отбасыдағы сәбилердің құқығын шектеу ғана емес, аяқасты ету.

Саңырауқұлақша қаптап кеткен білім беру орталықтарындағы оқыту да ақылы. Тегін білім алу кепілдігін бұзудың осыншама өрескел тәртібі аталған орталықтарда мұғалімдердің ақылы қызметін, қосымша табысын заңдастыру орны болып отыр. Себебі орталықтар паналайтын ғимараттарды қалталылар мен оларды көлеңкелейтін өзара жең ұшынан жалғасқан әкімшілік қызметкерлері жалға береді де, пайданы бөліседі.

Оқушы кітап қабының денсаулықты бұзатын салмағы туралы жыр биылғы оқу жылына арналған оқулықтардың жартыжылдықтарға бөлінуімен түзелетін сияқты. Бірақ оқушылардың, әсіресе бастауыш мектеп жеткіншектерінің мектепке жету маршруты бұл жеңілдетуді жоққа шығарады. Шәкірттердің жолға кететін уақыт шығынына мониторинг жасап, қатаң есеп жүргізу дағдыға айналуға тиісті. Сондықтан буыны әлі қатпаған бастауыш мектеп жасындағы балаларды 50 метрден аспайтын үйінің жанында оқытуды іске асыру, яғни құны қолжетімді, әрбір 20-30 отбасының 6-10 жастағы сәбилерін толық қамтуға есептелген, жаппай шағын кешенді бастауыш мектептер салудың мемлекеттік бағдарламасы жасалуы керек.

Мектептің елді мекен түзуші мәртебесін өзіне қайтару, біріншіден, орта мектеп оқушыларын толық бірінші ауысымда оқытуға жағдай туғызады. Екіншіден, денсаулыққа қолайлы күн тәртібін сақтап, әдепсіздіктің, заң бұзушылықтың дем берушісі болып отырған бос уақытты оқу­шыға толыққанды ұлттық тәлім-тәрбие беруге жұмсап, мектепті сапалы білімді, ата салтын ардақтайтын азаматтар даярлау ұясына айналдыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі қазақстандық білім беру жүйесі – сапалы білім-білік беру ордасы емес, көп сатылы сыбайлас жемқорлық ортасы. Сапалы білім беру – пәндік әдіскерлік іскерліктің жоғары деңгейі арқылы ғана жүзеге асады. Ал қазіргі мектеп директорларының көпшілігі – шаруашылық меңгерушілері ғана. Аудандық, облыстық білім бөлімдері де олардың ұстаздар ұжымының кәсіби құзыреттілігін арттыруға жағдай жасаудан бұрын, «үнемшіл тиын санау» қабілетін қолдайды. Мектепке жұмсалмаған үнем білім бөлімдері қызметкерлерінің сыйақы­сына айналады.

Оқу-құралдар кешенін кеңестік жүйенің қарапайым, жүктемесі азайтылған, түрлі-түсті суреті мол нұсқасына қайтару (орыс тіліндегі «Картинный словарь» үлгісінде) керек. Мектеп қызметін әкімшіл бақылаудан азат ету және мектеп жұмысының әдістемелік әлеуетін бағалап, қадағалауды мектеп инспекторлары жүйесіне, аттестациялау мен басшы қызметкерлер резервін даярлауды біліктілік арттыру орталықтарына жүктеу қажет. Сондай-ақ мектеп басшыларын тікелей сайлау жүйесін енгізіп, білім беру мекемесі ұстаздарының штаттық құрамының (ЖОО ПОҚ талаптарына сәйкес) біліктілік деңгейінің үлестік шегін белгілеу керек. Мекеме басшылығының міндетті ауысымдылық мерзімін бекіту, оларды ұсыну немесе қайта сайлау құқығын кәсіподақтар мен ата-аналар комитеттеріне берген жөн. Мектептің оқу құралдары, шаруашылық шығындары, қоғамдық тамақтандыру және ғимарат күтімі, жылдық жөндеу жұмыстары төлемдерін министрлікке тікелей бағынатын мамандандырылған құрылымдық мекемелер жүйесін жасақтап, жұмсалу мерзіміне сәйкес алдын ала аудару қажет.

Елімізде «Денсаулық қорғаушы педагогика» талаптарына сәйкес білім беру жүйесі де, мектебі де қалыптаспаған. Қарапайым мысал, 45 минутқа бір ғана сынып орналаса алатын мектеп спорт залында өтетін дене тәрбиесі жүктемесі тек 12 сынып үшін 3 сағаттан 36 сағатты құрайды. Ал спорт залы әрбір сабақтан кейін ылғалды тазалап, ауасын арнайы бактерицидтік сәулемен зарарсыздандыруды қажет етеді. Мектептердегі медициналық қызмет тіптен сын көтермейді, медкабинет – медкарталар қоймасы ғана. СOVID-19 індеті «Азаматты қорғаныс» пәнін білім беру мекемелеріне қайта енгізу қажеттігін алға қойды. Дене тәрбиесіне бөлінген 3 сағатты 2 сағат деп белгілеп, оның үшінші сағатына денсаулықты сақтау және нығайту пәні валеологияны енгізу оқушылардың өз денсаулығын өзі құрметтеуіне, қадағалауына ғылыми-пәндік тетік болар еді.

Бүгінгі таңда кезек күттірмейтін шара – мектепке жедел кіріп-шығу тәртібін белгілеу. Яғни мектеп контингентіне сәйкес балаларды 3-5 минутта қабылдай алатын айқара ашылатын есіктер мен қызу өлшеу құрылғылары қамтамасыз етіліп, мектеп ішіндегі қозғалыста қарама-қарсы жүруге болмайтын маршруттар іске қосылуы қажет.

Сонымен қатар сапалы білім тетігі – Әліппе. Ол қандай болуы керек? Біздің пайымдауымызша, қазіргі жарнамалар, дүкен, мекеме, әкімдік маңдайына қағылған шалажансар латын әліпбиі қазақ тілінің қас дұшпаны, ділдің, тілдің, рухтың тамырына балта шабады. Айтпағымыз, жаяу қалған рухани кодымыз, тілімізге көрік, әнімізге айшық болған, ақын мен шешеннің тілінде ұйқас болып өрілген қазақ дыбыстары аштық жылдары қазақ даласын жапқан «ақ сүйек» мәйіттер сияқты мәдени-тарихи ұлттық даму жолының жиегінде қалады деген қорқыныш. Тіпті бір-екі жылдың жүзінде-ақ Ә, Ғ, Ң, Ө, Ұ, Ү, Ы, І дыбыстары біріншіден оқылмайтын, екіншіден айтылмайтын болады. Оларды, ата мұрамызды сақтаудың бір ғана жолы бар, бұл – осы дыбыстарды жеткізу үшін грек немесе латын әліпбиі негізінде қалыптасқан, арнайы фонетикалық халықаралық әліпби символдарын алу.

Тоқетері, латын символдары негізіндегі қазақы жаңа әліпби түрлі тілдерге фоне­тикалық транскрипция арқылы дыбыстық әр мен мән беретін, аудармашылар мен ұстаздар талқылауына салынып, қазақ тілін үйренетін қандай да болмасын ұлт өкілі үшін жарамды, қазақ тілінің мән-мәйегін өзгелерге сол күйінде жеткізетін әмбебап ұлттық код түрінде жасалып, асығыссыз пайдалануға енгізілуі тиісті. Тыңдар құлық, естір құлақ болса...

 

Мұрат АҚМЫРЗАЕВ,

мұғалімдердің біліктілігін арттыру саласының аға әдіскері, зейнеткер, «Валеология» оқу құралдары толық кешенінің жетекші авторы

 

Маңғыстау облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Адалдық – ардың ісі

Пікір • Бүгін, 09:55

Демократияның даму көрінісі

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Өсімі жоғары өңір

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Алматыда жер сілкінді

Алматы • Бүгін, 09:40