Қоғам • 28 Қыркүйек, 2020

Бір жұтым ауа немесе тынысыңыз тарылмасын

460 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жаратушымыз адамзаттың тіршілік, игілігі үшін жер бетіне ну орнатып, соны өсіру үшін су ағызып, жан-жануар жіберіп, өсімдікпен көмкеріп, сол арқылы Жер-ананы оттегімен қоршады. Осылайша бүкіл әлемдегі тіршілік атаулыны бір жұтым ауамен тыныстатып қойған шебер емес пе!

Бір жұтым ауа немесе тынысыңыз тарылмасын

Енді міне, жаһанды дүрліктірген індет әлемді жайлады. Көзге көрін­бейтін қазіргі кеселдің кесірі қаншама адамға зауал болып тиіп, талайды жүрісінен жаңылдырды. Миллионға жуық кісіні алып ұрып, ана дүниеге алып кетті.

...Астанадағы білдей бір беделді лауазым иесінің әйелі Сайраш күйеуімен Чехиядағы әйгілі Карловы Вары деп аталатын демалыс орнына барады. Чехияның «богемия» деп аталатын люстрасын, бриллиантын із­деп дүкен қоймай, бағалы бұйым­дарды ала береді. Жалт-жұлт еткен дүниеге көзі тояр емес. Өзі секілді бірталай адам­ды Прага қаласынан да, дәл осы Кар­ловы Вары демалыс кешенінен де кез­дестірді. Олар да әртүрлі деңгей­дегі дөкейлердің әйелі немесе мәде­ниет­­тілеп, жұмсартып, қазіргіше айт­қан­да біреулердің осында ерте келген нақсүйері. Елден жырақ, оңаша қы­ды­рып, демалыстап келгендері көрініп тұр. Солардың бір-екеуімен қысқаша шүйір­келесіп қалғаны бар. Бәрінің ой-ар­мандары, мақсаттары негізінен ұқсастау.

Ал мына бір келіншектің жүріс-тұрысы, мінезі, сабырлы қалпы өзгелер­ден бөлектеу ме, қалай. Тіпті мүлде еш­кімге ұқсамайды десе болғандай. Бұл келіншек өзінің загсте тіркелген заң­ды күйеуімен сонау астанадан келген. Айтуына қарағанда, оның отағасы мұ­най-газ мекемесіндегі басшылық қыз­метте істейтін көрінеді. Осында келіп ем алып, таулы, иісі мұрын жар­ған қарағайлы орманның таза ауасы­мен тыныстап, дәрігерлердің күнде­лікті тағайындаған ем-домын үзбей қабылдап, басқа ештеңеге алаңдамай жатқан сыңайлы. Қолы босай қалса таза ауада қыдырыстап көп жүреді. Шипажайдың емдік қасиеті мол суын ішіп, қылқан жапырақты қарағайдан бө­лінген саф таза ауамен кеудесін кере демалып, сәл дамылдап тұрып қалатыны бар. Шамасы, дерті асқынған адамға ұқсайтындай...

Алғашқыда бұған аса мән бермеген. Өзі күнде жанталасып, алысты-жақынды базар, дүкен атаулыны қой­май аралап, дорба-домалағын арқалап, саудасын қыздырып жүргенде көңіл аудармаса керек. Енді біраз уақыт өт­кеннен кейін аптығы басылып, арыны қайтқан соң жан-жағына назар аударып қарағанда байқады. Сөйтсе әлгі мұнай-газ магнатының әйелі ештеңеге қызықпайды, көздің жауын алған дүние атаулыға назар да салмайды. Өзі тіпті қарапайым. Кешкі демалыс орындарына, мейрамханаға барғанда өзгелер секілді саусағында алтын сақинасы, тағып алған бриллиант сырғасы, мойнында сала-құлаш алқасы да жоқ. Кә­дімгі қарапайым қалпынан бір тан­бай­ды. Ал шынтуайтына келгенде, мұ­н­дай дөкей күйеуі бар келіншекте қара­жат жоқ болуы мүмкін емес. Сонау алыс­тан қиян түкпірдегі атағы жер жара­тын Карловы Вары шипажайына екі­нің бірі келе бермейді. Оның үс­тіне, бірнеше күн ішінде байқағаны, бұ­лар­ға талай адам келіп сәлем беріп, құ­рақ ұшып жатқанын көрді. Ал әйел болса сол бәз-баяғы қалпы. Көркі де ешкім­нен кем емес, аса қартайып тұр­ған жоқ, қырықтың ар жақ, бер жағын­дағы кел­бетті келіншек. Сонда түкке қызық­пай­тын бұл не қылған адам? Жоғарыда айтқанымыздай, байлығы жоқ деуге мүлде келмейді. Күн сайын телефон шалып, балалары хабарласып тұрады. Солармен болған амандық-саулық ауа­нынан да талай нәрсе аңғарылады. Көпті көрген, небір аузымен құс тіс­тейтін дөкейлермен дастарқандас, ара­­лас-құралас болған адамдар екені әңгі­ме­лерінен байқалады.

Сонда дүниеден баз кешкендей бұл не қылған адам деп оған сырттай таң­дана қараумен жүрді. Әйтеуір ашыл­маған бір сыр бар секілді. Алайда оны да анықтаудың ыңғайы келді. Бір күні тынығып жатқан әйелдердің күйеу­лері қала аралап бөлек кетеді. Содан құпия сырдың бетін ашуға ынтыққан жағдайдың сәті түсіп, бұл әлгі әйелді мейрамханаға шақырғанша асығады. Кеш түсіп мейрамханаға келгенде оңаша отырыста сырласады.

– Сіз осы неге ештеңе алмайсыз, дүние атаулыға қызықпайсыз? Тіпті назар да салмайсыз, – деп сұрайды.

Сонда ол келіншектің тұңғиық ойға беріле отырып айтқаны мынандай:

– Бұл дүние жалған, уақытша. Жан­таласа жиған затыңды ана жаққа көтеріп алып кете алмайсың. Бәрі әдіре қалады. Мен жазылмас аурумын, басым­да, миымның ішінде ісік бар. Ма­ған жарық дүниеде жүруден асқан бай­лық жоқ, біреуден індет жұқтырып ал­май, бір жұтым таза ауамен тыныс­тап, әрбір алған демім қымбат. Миыма отт­егі жетіспейді. Дүние атаулы түк те керек емес, үйде бәрі бар. Бұл пәнидегі жал­ған дүниеде маған балаларымның амандығы, отбасымның тыныштығы, денн­ің саулығынан асқан байлықтың ке­регі жоқ, – деп ұзақ ойланып қалды да, сәл тыныстап алған соң әңгімесін әрі қарай жалғастырды. – Мен шырша емес­пін ғой, қызылды-жасылды ойын­шық­тарды өн бойына іліп қоятын.

Сәт сайын, сағат сайын ғұмыры азайып, талқаны таусылып, санаулы күн­дері қалғанын оған білікті дәрігер­лердің талайы дөп басып айтып, ащы да болса ауыр шындықты білдірген көрінеді. Бір ғана амал – таза ауада көбірек жүрсе бәлкім ғұмыры ұзақ­тау болуы мүмкін. Сондықтан мың­да­ған ша­қырымды артқа тастап осын­да келген жайы бар. Егер бұл жал­ғанда, жер бетінде жанын алып қалар пенде болса барын салып, бәрін берер түрі бар. Өкі­ніш­ке қарай, күн санап өсіп, асқына түс­кен қатерлі ісіктің бетін қайтарар еш­бір амал жоқ көрінеді. Тек қана Алла­ның жанын алар күніне мойын­сұ­нып, қор­қынышты сәтті күтуден асқан азап бар ма.

Осыдан кейін Сайраш келіншек өзінің дүниеге қызыққан ұсақтығына ұялып, өзгеше күйге түседі. Бірте-бірте басқа адамға айналды.

Әу баста Сайраш да өзгелер секілді ауылда туып-өскен, кейін оқу іздеп арман қуып, ойға алған мақсаты оңай орындалған әдемі бойжеткеннің бірі болды. Көріктілігінің арқасында таң­даған жігі­тіне қосылды. Келбетті бол­ған соң оның еркелігін бәрі де көтеретін. Сон­дықтан да сәл адуындылау болып өсті. Өзгелерге дегенін істетеді. Әрине ақылсыз да емес. Алда­ғысын ойлап, осының бола­шағы зор болады-ау деген жігіттің қолынан ұстай білді. Бұл күнде өзінің қате­лес­пегенін кейінгі өмірінің өзі көр­сетіп отыр емес пе, кезінде тұты­нушылар одағының бастығы болған әкесі бар жігіті де талай биікке самғады. Қазір болса, министр. Бұдан артық не керек.

Даңғарадай алып, еңселі үйде екі жүргізуші, екі үй күтуші, ас мәзірін әзірлеуші, сыртқы ауланы тазалаушы, олардан басқа үйдің күзетшілері бар. Міне, солардың іс-әрекеті көбіне-көп адуынды келіншектің көңілінен шыға бермейтін, істеп жүрген жұмыстарын ұнатпай, өздерін жиі ауыстыра бере­тін. Үйдегі шетелдік қымбат жиһаз, небір асыл бұйымдар, баға жетпес ла­ғыл тастар да біраз уақыт өткен соң ес­кіргендей әсер етіп, одан да қым­батырағын іздеп, өзгелерде жоқ экс­к­люзивті бұйымдар болса деп соны қолға түсіргенше тыным таппайтын. Өзі секілді санаулы дөкейлердің бәй­бі­ше­лерімен әңгімелері негізінен елде жоқ бағалы бұйымдар төңірегінде өр­би­тін. Кімдердің қай елде демалып келгені, қай келіншектің отағасы бола­шақта қандай биліктің тұтқасын ұстай­тыны, кімнің қандай министр бола­тыны болжанып, алдын ала қызу әңгіме өзегіне айналып жататын.

Cайраштың бойындағы оң өзгерісті күйеуі де байқайды. Демалысқа бармай тұрып, ана күтушінің көзін құртам, маған ұнамайды, жедел қимыл­да­майды, өзі сылбыр біреу дегені есте. Тағы бір­де – ана күтуші де тойынып алды, үй та­залағаны көңілімнен шықпай жүр, бас­қасын таппасам дегені бар. Отағасы үйге келген соң келіншегіне:

– Ана шофер ұнамайды деп едің, басқасын әкелдім, үй күтушісін де алмастырайық, – дейді.

Бірақ Сайраш бұрынғы жүргізушіні алмастырмай сол күйінде қалдырды. Ал ауланы жиыстыратын үй күту­шісінің біреуін қалдырып, ас әзірлейтін екінші­сін босатады. Бір шаңырақ астындағы балаларына, күйеуіне өзінің де ас әзірлеп бере алатын жағдайы бар және кезінде тамақтың неше түрін жасап, бір кісідей аспаздықтың қырларын мең­геріп алған болатын. Ас мәзірін дайын­даудың өзі керек десеңіз, анасынан да­ры­ған өнер деп тануға болады. Көңіл тоғайып, тойынғандықтан бірте-бірте соны да ұмыта бастапты. Енді мұным ұят болды-ау деп тәубеге келді. Шүкір, денсаулығы мықты. Ойлап отырса, өзінен қолы бос адам жоқ. Үй ішінде балалармен бірге шүйіркелесіп ас үйде жүргеннің өзі көңілді екен. Соны енді жете түсінгендей болды.

Астанаға келген соң бұрыннан араласып жүретін өзі қатарлас биік лауазымды мықтылардың келіншектерімен тағы да араласа бастады. Өздері ғана бас қосатын үлкен отырыстарда талай байқағаны бар, кейбір дөкейлердің сұлу жұбайлары тым жас, екінші әйелдері.

Олардың не кием, не ішем дейтін қатардағы өзекті жандардан әлдеқашан бөлектеніп, қарапайым пенделердің күйкі тірлігінен ада болып, алшаң басып жүргендері өз алдына, енді тіпті ар­ман­дары асқақтай түскен еді. Тым мық­тыларының кейбір нақсүйерлері тіпті масайрағандары соншалық, эксклюзив деп аталатын ілеуде бір ғана кез­десетін, арнайы тапсырыспен жасал­ған, асқан жоғары зергерлікті талап ете­тін гауһар (бриллиант) сақина, сыр­ға­ларды тағуға ынтығып, соған қол жет­кізуді мақсат етіп қояды және оны бір сал­танатты басқосуда ғана тағады, екінші мәрте қайта пайдалану олар үшін ұят шаруа. Өзгелер байқап қалса, тіпті масқара. Бір тойға арнап тіктірген қымбат көйлекті екінші мәрте кию деген атымен болмайды. Алайда ол бикештер мұндай өрескелдікке жол бере қоймайтын.

Қарап отырса, мұндағы мықтылар­дың үйіндегі сылқымдардың арасында небір қылықтарымен көзге түсіп, есір­гендері де, кесірленіп тойынған­дары да баршылық екен.

Бірде Сайраш орталық көшелердің бірін­дегі дүкен маңында жұпыны киім­ді бір әйел бар даусымен бақы­рып, «енді қайттым, балаларым аш қала­тын болды-ау, бар ақшамнан айыры­лып масқара болдым ғой» деп жаны шығ­ып шырылдап тұрғанын көреді де қа­сына келіп мән-жайды сұрайды. Сөйтсе әлгі міскін екі мың теңгесін түсіріп алып, жаны шығып, қатты қина­лып тұр екен. Содан оны көлігіне отыр­ғызып, үйіне апарады да, жиырма мың теңгені қолына ұстатып, бала­лар­ға арналған қыстық киімдер мен аяқ-киімдерді дәу сөмкеге салып, оған қоса біраз азық түрлерін, тағамдарды екін­ші сөмкеге толтырып, жүргізушісі ар­қылы үйіне апарып салуды айтады. Ол әйел қайта-қайта алғысын жаудырып, үйіне қайтады. Сөйтсе оның тұратын жері ой-шұқыры мол, қаланың шетіндегі 15 шақырым жердегі саяжай ішіндегі құрқылтайдың ұясындай үйшік күркеде екен. Жүргізуші жолда батпаққа тығылып, екі сағат жүріп, әлгі әйелді мекен-тұрағына әзер жеткізіпті.

Күніне азын-аулақ нәпақаға қол жет­кізгісі келіп, шарасыздықтан Алла­ға жалбарынып, жандары қинал­ғандар мешіт маңында жиі кездесетіні бар. Бірде жаратқанның барлығына шәк келтірмеген әпенделеу жаңа қазақтың бірі мешітке барып дұға қылып, ас­пан­ға алақанын жайып, «Иә, Алла, бизне­сімді өрге домалата гөр, бір миллион доллар беріп, байлығымды арттыра түс», деп күбірлеп, өзінше Құдайға құл­шы­лық етіп отырса, оның қасына келіп қатар­ласа жайғасқан бір бейшара: «Иә, Алла, тым болмаса күніне мың теңге нәпақа бере гөр, балаларым аш қалмасын» деп даусы қаттырақ шығып, ерекше өтініп, Жаратқанға жалбарына сұрап қайта-қайта қақсап отырса керек. Содан жанындағы жаңа қазақ: «әй, сен, жоқтан өзгені сұрап, Құдайдың басын қатырма, мә мың теңгені ал да кете бер» деп әлгі міскінді қасынан қуып жіберіпті.

Сонымен Сайраш шетелдегі демалыстан оралған соң мүлде өзгерді. Сабырлы, салқынқанды, салиқалы кейіпке түскен. Оны өзі қатарлас құрбы келін­шектер де байқайды. Сөй­лесе сөздің мәйегін ағытатын, өзгелерді ұйытып әкететін, жұртты қасына үйіріп алатын қасиеті бар Сайраш бірде құрбылардың басын қосып, біраз пәлсапалық ойларын айтып, өмір туралы толғамдарын ортаға салды. Шипажайда болған жайтты еске алды. Деннің саулығынан, бір жұтым ауадан қымбат, балалардың амандығынан асқан бақыт, үлкен байлық жоқ екеніне өзгелердің көзін жеткізді.

Қазір сол өзі секілді жағдайы жақсы, күй-қуаты мықты келіншектердің біразы талай адамға хал-қадерінше қолұшын беріп, қиналғандарға көмек­тесе бастаған. Солардың бірі шаһар­дағы балалар үйінің бірін қарама­ғына алып, ай сайын қаржылай көмек көрсетіп отырады. Азықпен көмектесу өз алдына, алпыс балаға киім әперіп тұруды міндетіне алған. Ал енді бір келіншек мектеп бітірген жетім баланың біреуін қолына алып, оқытып тәрбиелеп, мұнтаздай етіп киіндіреді. Оған ағыл­шын тілін үйретіп, демеушілік көрсетіп, осы күзде Еуропаға оқуға жібергені бар. Сайраштың тағы бір ақсүйек құрбысы Германиядан келіп бала асырап алмақ болған шетелдік азаматтың жолын кесіп, тілінің мүкісі бар бозбаланы дефектолог дәрігерге емдетіп қатарға қосып, сауабын алды.

Айта берсе бұл Сайраштың және оның құрбыларының істеген көп жақ­сы­лықтарының бірі ғана. Жал­ғыз ол ғана ма екен, тәубеге келіп, көмек қолын созып, қайырымдылық көрсе­тіп жүрген. Өткен жылы Алматы көше­лерінің біріндегі дүңгіршекте шиет­тей балаларымен газет сатып екі жыл тұрған әйелге Ақсайдан екі бөлмелі пәтер алып берген, өзі белгі­сіз болып қалған азамат туралы ақпа­рат құралдары айтты да. Ондай жақ­сылы­ғын жарияламайтын, ал шынымен көмек қажет ететіндерге қолұшын бе­ре­­тіндер сирек те болса кездеседі ғой.

Бұл күнде Сайраш кейбір лауазымды қызметкердердің келіншектерінің басын қосып, имандылық ұйымын құрып алған. Олар да Сайраштың айт­қанын қалт жібермейді. Бар дүниелерін таратып бермесе де, сабаларына түсіп, асып-тасқан әдеттерінен арылып, осы тірліктеріне шүкіршілік жасап, дүниеге қызығушылық, көрсеқызарлық секілді жағымсыз әрекеттерден едәуір ты­йылған. Қанша дегенмен, оқыған, то­қы­ғаны бар, зиялы қауым ортасынан ғой, көбінің түсінігі мол.

Ғарыштан түсірілген суреттерге көз салсақ, Жер шарының ғажап сұлу бейнесін көреміз. Экожүйенің, биосфераның пайда болуы, жасыл табиғаттың тазалығы миллиондаған жылдарда қалыптасты. Алайда соңғы елу-алпыс жылда орман өртеніп, алау­лаған от-жалын талай аумақты шарпып, мәңгі мұздақтар еріп, кей жерлер­де су тасқыны елді мекенді жайпап, енді бір тұста құмды шөлейт кесірінен жер та­қырға айналып барады. Соның кесірі­нен ауа ластанып, түрлі індет өршуде.

Осының бәрі бүгінде бір жұтым ауа қадірін білген, сақтық шараларын алып, індеттен аулақ жүретін, шипасы мол таза табиғаттың бағасын қадірлей алатын адам үшін қасиетті ұғым екенін енді болжай алдық па деген ой келеді. Өкпемізге таза ауа, миымызға оттегі еркін жетіп, баршамыз аман жүрейік. Ол үшін қасиетті Жер-ананы сақтайық. Тарыл­масын тынысыңыз, таусылмасын ырысыңыз!

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім меңгерушісі, баспасөз ардагері

 

АЛМАТЫ