Қоғам • 29 Қыркүйек, 2020

«Додо пицца» неге заңымызды сыйламайды?

473 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Газетіміздің бұған дейінгі нөмірінің бірінде «Qazaqsha jaz» қозғалысы туралы хабарлаған едік. Бұл жобаға қатысушылар күн сайын мемлекеттік тілде мәлімет таратпайтын түрлі компаниялардың әлеуметтік парақшаларына кіріп, қазақша ақпарат беруін сұрап өтініш қалдырады.

«Додо пицца» неге заңымызды сыйламайды?

Таяуда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Додо пицца» желісінің осындай өтінішке қайтарған жауабын көріп, біраз ойға қалдық. Пікіріміз дәйекті болуы үшін пиццерия желісінің жазғанын сөзбе-сөз беруді жөн көріп отырмыз: «Додо пицца это компания из России, поэтому большинство материалов у нас в группе публикуются на русском...»

Сонда деймін де, Қазақстанда жүрген әр ресейлік компания өз өнімі туралы ақпаратты орысша берсе, әр америкалық компания ағылшын тілінде жазса, әр қытайлық компания «жұңғолардың» тілін құп көрсе, мемлекеттік һәм ресми тіліміз – қазақ тілі қайда қалады? Егер осы пиццерия желісі мұхит асып, АҚШ-та тамақтанатын орын ашса, мәліметті тек орыс тілінде таратар ма еді? Әй, қайдам! Бұл – біріншіден.

Екіншіден, «Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау туралы» заңда сатушы өнімі туралы ақпаратты қазақ тілінде беруі міндеттелген. Яғни «Додо пицца» желісі аталған заңды өрескел бұзып отырғаны айтпаса да түсінікті. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығы. Әйтпесе Ұлы даланың айшықты астанасында орналас­қан мейрамхананың мұндай әрекетін қалай бағалауға болады?

«Qazaqsha jaz» қозғалысының пайда болуы да осындай оқиғалардың салдары екені анық. Өйткені «Додо пицца» қазақ тіліне қырын қарайтын тұңғыш әрі жалғыз компания емес. Көпшілігіміз артық дау-дамайдан қашатындықтан, мұндай оқиғалардың көбі айтыла бермейді. Әйтпесе қазақ тілінде қызмет көрсетуді жөн көрмейтіндер саны аз емес. Оны бұқаралық ақпарат құралдарынан да, әлеуметтік желілерден де естіп, көріп жүрміз.

Қазақстанда жүріп қалтасын қалыңдатып отырған компанияның Абай мен Мұхтардың ана тіліне икемдік танытпауы менсінбеушілік екені айқын. Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі тұрғындардың 83 пайызы қазақ тілін жетік меңгерген. Оған қоса, тәуелсіздік алғалы бері алыс-жақын шетелден елімізге миллионнан астам қандасымыз оралды. Олардың басым бөлігі келген елінің тілі мен қазақ тілін ғана білетінін ескерсек, орыс тілі олар үшін бейтаныс. Яғни ана тілімізде ақпарат таратпау арқылы солардың құқығын бұзатыныңыз тағы бар.

Қандас дегеннен шығады. Бірнеше жыл бұрын Ұлыбританияның үздік білім ордаларының бірі – UCL университетін­де тілдік курста оқып жүргенде мынан­дай тосын оқиға болған еді. Бір мереке­нің қар­саңында Қазақстаннан лауазымды қызмет атқаратын кісі келіп, Лондондағы қазақстандықтардың басын қосқан жиын өтті. Біздің топта Қытайдан келген қандасымыз бар-тұғын. Ол орысша «әліпті таяқ деп білмейтінін» талай мәрте айтқан. Іс-шараға ол да қатысты. Кездесудің «бісімілдәсі» қазақша басталғанымен, әдеттегідей әңгіме ауаны Пушкиннің тіліне көшкен. Басты себеп – жиынға орыс диаспорасының өкілі қатысып отыр. Бірақ іс-шараны ұйым­дастырушылар қандасымыздың орыс тілі­нен хабарсыз екеніне мән бермеген сыңайлы. Сөйлегендердің бір ауыз сөзін түсінбеген қандас қарындасымыз шыдай алмай, жиынның ортасында ызаланып жылап жібергені. Қатысушылар содан кейін ғана ес жиып, кездесудің қалған бөлігі түсінікті тілде өрбіді.

Қытайдан келген қандасымыздың оқиғасы жалғыз емес. Мұндай мысалдар көптеп саналады. Атажұртқа оралғанына қуанып жүргендер ондай сәттер туралы шу шығармаса да, былайғы әңгіме барысында жиі қозғайды. Жоғарыда атап өткен «Qazaqsha jaz» жобасының авторлары еліміздегі қысымшылыққа ұшырайтын ең ірі топ қазақ тілді аудитория екенін айтады.

Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылды жерлерді мекендейтінін ескерсек, елімізде қазақша сөйлейтіндердің саны да сол шаманың о жақ, бұ жағында. Солар ертең елордаға келіп, ана тілінде қызмет ала алмаса, жүрегінде мемлекетке деген шер қатпасына кім кепіл?! Отанында жүріп өзекке тебілгендердің құқығын кім қорғайды?