«Тақиялы періштені» білмейтін қазақ жоқ-ау, сірә. Әлгі өзіміздің тау теңселсе де тербелмейтін Тайлақ қой. Есте жоқ ескі дәуірдің ескірген бейнесі емес бұл, әуелгі әкелеріміздің бала махаббатының бастаухаты. Би кешіне жалғыз барған сұлуды үйіне шығарып салуға асыққан бір топ жігіттің күдігі мен күмәнін әлдилеген сурет. Есеюге асықпаған бозбаланың есті ермегі мен естелікке толы өмірбаяны. Иә, иә, сіз де тамсанғансыз, біз де сүйінгенбіз. Бірақ жылдар сол көркем киноның кейіпкеріндей бәрімізді алысқа алып қашты. Енді бәрі болмағандай, ешкім де көрмегендей бұлыңғыр. Ал алып Тайлақ Тәңір алқап, болашақтың алдында сол баяғы қалпынша жадырап жүр. Торғауыт сауытты тозған бөздей сөгетін сүр жебелі батырдың бейнесіндей. Екі иығына екі жігіт мінгендей, жауырыны қақпақтай, білегі бесіктей алып тұлғаны сексеннен асты деуге ел сене қоймас. Сұңғақ бойлы, сұлу мінезді, сырбаз жанарынан от шашқан азамат қия-құзды шолған қырандай қомданып тұрады. Қазақтың қайсары қайсы десе, міне, деп көрсеткендей, сөзі шымыр, қарымы қайтпаған ақсақалмен кездесудің сәті түсті.
Бізді баладай елпілдеп, жайдары қарсы алды. Жүрегінде қылдай кірбің жоқ, періште десе, періште. Гүлжауар апамыз келетінімізді сезсе керек, дастарқан жайып қойыпты. Қарапайымдылығы жүздерінен көрініп тұр. Ақжарқын мінездері үйді тіптен әрлеп жібереді. Екеуі де әлі тың. Төрге шығарып, салтқа сай алдымызға ас әкелді. Бізді көріп жастық шақтары ойларына оралды ма, үстел басыңда атамыз бен апамыз өткен күндеріне сапарлады.
– Мен бала кезімнен күресті жақсы көрдім, – деп бастады сөзін «Тақиялы періште». – Әскерге барғанда да күресті тастағаным жоқ. Ауылда, малшылар тойында, жиындарда үнемі белдесуге шығып жүретінмін. Басқарма бастығы Егінбай Жылқайдаров қалма, қатыс деп үнемі қайда барса бірге ертіп баратын.
Талдықорған Алматы облысына қосылған шақ. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін азаматтардан команда жинақталып, «Қайрат» спорттық бірлестігі құрылған. Команда құрамында Алматыда өткен жарысқа қатыстық. Қатысушылар ішінен 24 жігітті іріктеп алды да, бәрімізді Талғар қаласына жаттықтыруға апарды. Арамыздан тағы да іріктеп, ең мықты дегендерді қалдырды. Сөйтіп Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне өтетін жарысқа сол кездегі Шымкент облысының Темірлан ауданына аттандық. Сол додада ауыр салмақтағылар арасында бірінші орынды иеленіп, спорт шебері атағын алдым.
Жарыста бас төреші болған Сәбит Сатыбалдин деген азамат еді. Алматыға келгеннен кейін кездейсоқ көрнекті режиссер, өнер майталманы Әзірбайжан Мәмбетовке жолығып қалып, киноға Қажымұқанның рөліне адам таппай жүргенін естиді. Сол жерде бас төреші жақында ғана осындай жарыс өткенін, онда ауыр салмақта жүлде алған менің атымды атап, мекенжайымды береді.
Қазақ: «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді», – дейді. Жүлдемді көтеріп ауылға келсем, ұжымшар бастығы Жылқайдар Егінбаев шақырды. «Сен не бүлдіріп қойдың?» – деп дүрсе қоя берді. «Ештеңе бүлдірген жоқпын», – десем: «Мә, оқы», – деп бір жапырақ қағазды қолыма ұстата салды. Алып қарасам, телеграмма. Қажымұқан рөліне кинопробаға шақырыпты. «Ойбай, аға, барайын, жүз жылда бір туатын Қажымұқанды сомдау бақыт қой», – деп бардым. Таңдау маған түсті, ойнап шықтым. Киностудияға келіп, не үшін келгенімді айтып, шақырту қағазын көрсеткен бетте ондағылар бір-біріне: «Кажмукан приехал», – деп айқайлап, хабарлап жатты. Әзекең де мені балаша қуанып, қарсы алды. Қолыма орыс тіліндегі мәтінді беріп: «Осыны қай күні жаттап боласың, сол күні келесің», – деп жіберді. Әлгіні шамамен он күндей жаттадым. Дайындық үстінде Әнуар Молдабековтің айнаға қарап, өз-өзінен сөйлеп жүргенін көргенмін. Алғашында түсінбей, неге өйтеді екен деп таңырқағанмын. Соның мәнісін енді түсініп, өзім де айна алдында мәтінді жаттап дайындалатын болдым. Сөйтіп рөлге бекітіліп, қыркүйек айында Шымкентке киноға түсуге баратын болып, елге қайттым. Менің кинодағы қадамым осылай басталған еді. Алғашқы сәттен-ақ Әнуар Молдабеков, Торғын Тасыбекова сынды үлкен дарын иелерімен бірге кино өнерінің есігін аттауым Алланың бір сыйы шығар.
Актер атамыздың бәрі есінде. Оқиғаларды еш шатаспай айтып отыр. 1960 жылдары қазақ киносында музыкалық комедия жанры ақсап жатқандықтан, сол кемшіліктің орнын толтыру мақсатында «Тақиялы періште» өмірге келгенін бәріміз білеміз. Шәкен Айманов жоспарын асқан шеберлікпен орындап шықты да. Әрине, замана ұраны – халықтар достығын көрсету идеясы да ұмыт қалмады. Фильм әр ұлттың ән-биімен көркемделіп, ерекше тартымды түсірілді. Мұнда халық әуендері де, классика да, джаз да, эстрада да, қысқасы, бәрі қамтылып, бір-бірімен үндестік тапты. Актерлер көңілді, оқиға ойнақы, бір сөзбен айтқанда, мүлгіген қазақ киносы ұйқысынан оянып, бір серпілгендей болды. Әсіресе Тайлақтың рөліндегі қазақ баласы елдің жүрегін елең еткізді.
Осы киноның арқасында жақсы-жайсаңдармен жолдас болғанын жасырмайды атамыз. Алдыңғы буын өнер иелерінің көпшілігін көз көріп, ғибратын көңілге түйгені жанарынан-ақ байқалып тұр.
Өнер адамы қоғамдағы әрбір құбылысты, былайғы кездері әшейін болып көрінетін елеусіз нәрсенің өзін жүрегіне жақын қабылдайтын, бәрін сана сүзгісінен өткізетін нәзік болмыстың иесі ғой. Шәкен Аймановтың 80 жылдық мерейтойында белгілі әртіс Ыдырыс Ноғайбаев: «Тақияң қайда? Неге кимейсің?» – деген соң, қалтасынан тақиясын ала бергенде Ли және Ким дейтін екі суретші әйел тақияға қызығып: «Біз мұны мұражайға өткіземіз, бізге беріңізші», – деп аттай қалап сұрап алыпты. Сонымен, Тайлақтың шын тақиясы қазір қайда екені белгісіз. Десе де, атамыз әлі күнге дейін басынан тақиясын тастаған емес.
Енді Гүлжауар апамызға келсек, бар өмірін отбасына арнаған абзал жан. Жұмыс істей жүріп, 10 баласының тәрбиесін көзінен таса етпей, жақсы адам болып жетілуіне күш салып әрі шығармашылықты серік еткен азаматының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Қиындықтарды бастан өткерсе де жасымаған, балаларына жоғары білім беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана. Бүгінде олардан тараған немере-жиендерінің, шөберелерінің арасында отағасы екеуі күн сәулесіне малынып, шуақ шашқан қос шыңдай болып орта толтырып отыр. Апамыз атамыздың айтқанына қосылып, қостап қана отырды. Онысы – ерден озбайын дегені.
– Әскерден келген бетім еді, – деп бастады одан әрі қарай әңгімесін «Тақиялы періште». – Әкем ешқайда кетпей, ауылда қалып жұмыс істегенімді қалады. Сөйтіп Аманжол Әбдірахманов дейтін азаматтың: «Бізге көлік жүргізушісі керек, кел», – деген шақыруымен көлік жүргізушісі болып жұмысқа кірдім.
Сол жылы Бөрлітөбеден Қасымжомарт дейтін учаскелік милиция ауылға көшіп келді. Сол кісінің жүктерін Үйгентас өңірінен көшіріп әкелуге жолға шығып, Жыланды ауылына келдік. Дастарқан басында Нұржамал, Роза дейтін екі келіншек менен сұрай бастады: «Қай жақтансың? Не істейсің? Әке-шешең бар ма?» – дегендей біраз тергеуге алды. Сөздерінің соңында: «Үйленгің келе ме? Біздің бір қызымыз бар еді. Танысамын десең, көрсетейік», – деді. Мен келістім.
Сонымен сол келісіммен көрші ауылға келдік. Түннің бір уағы, сағат 1-2-лер шамасы. Шай ішіп, ұйқыға жаттық. Таңға жақын оянып, тысқа шықсам, маған таныстыратын қыз сиыр сауып жүр. Бірден ішім жылып, нағыз кедейге жар болуға лайық, еңбекқор қыз екен деп санама түйдім.
Сол күні үй иесі мал сойып, қонақ етті. Мен де тыпыршып, жаңағы екі келіншекке қыздың жайын айтпайсыңдар ма енді дегендей емеурін білдіріп қоямын. Сонымен ол әңгіменің де шеті шығарылды. Әкесі алдымен шешесімен ақылдасарсыңдар деген соң, мені ертіп келген екі жеңгей қыздың анасымен келісім жүргізді. Анасы: «Қалыңмал болмаса да, кәде деген бар», – деп өз шарттарын жеткізіпті. Сонымен, Қасымжомартты көшірісемін деп, өзім үйленетін болып қайттым. Келе салып, әкеме үйлену туралы шешімімді айтып, дайындыққа кірістік. Әкем жалғыз сиырын сатып, үш қой алды. Сөйтіп мына апаларыңды алып қайттық, – деді қуанышын жасыра алмай. Біз де еріксіз жымидық.
Алматыда «Долана» фильміне түсіп жатқан кезі. Содан атамыз сол аумақтан бір түріктің үйін сатып алмақ болады. Ақыры ауылға барып, келіншегін ертіп келіп, жаңағы үйде үш күн тұрады. Төртінші күні апамыз: «Жоқ, мен мұнда тұра алмайды екенмін. Егер өзім тұрам десең тұр, мен қалмаймын», – деп кетіп қалған көрінеді. Ағаш ұстасының қызы ауыл тірлігін аңсап тұратын әдеті. Үй тірлігіне еті үйренген жанның қала өміріне бейімделе алмасы анық. Атамыздың жүрегін жаулап алған сол пысықтығы мен қарапайымдылығы болса керек. Оны бір сұхбатында өзі де айтқан болатын. Атамыз бастан өткерген қызықтарынан да айтып берді. Әсіресе, батыр Бауыржанмен кездейсоқ жолығысып қалған сәті есінен кетпейді.
– «Ән қанатында» фильмінің түсіріліп жатқан кезі. Қазақ кино өнерінің аты аңызға айналған актері, режиссері Шәкен аға қазақ киносының қазіргі абыз ақсақалы Асанәлі Әшімов үшеуміз кафеге тамақтануға кіргенбіз. Төр жақтағы үстелде Баукең отыр екен, атақты Бауыржан Момышұлын бірінші рет көруім сол кез. Жанымдағы азаматтар Баукеңмен амандасып, қауқылдасып жатты. Бір кезде мені шақырып, Қажымұқанның рөлінде ойнайтынымды айтып, таныстырды. Маған Баукең сұсты көзімен қарап: «Мені танисың ба?» – деді. Мен Бауыржан Момышұлының бар білген атақ-даңқын тілім жеткенше айтып жатсам керек, бір кезде: «Молчать! К моему столу шагом марш!» – деп айқайлады. Баукеңнің үстеліне сарбаздардай нық қадаммен басып бардым. Сосын даяшыға бір табақ ет пен бір бөтелке арақ алдырды. Нағыз Қажымұқан болсаң, осыларды тауысасың деген шарт қойды. Бұрын арақ ішіп көрмеген басым қорыққаннан терлеп кеттім. Айтқанындай-ақ екеуін де тауыстым. «Жарайсың, Қажымұқан болуға лайық екенсің» деп арқамнан қақты, – деді Ә.Райымбеков.
Иә, бүгінде оларға бірге суретке түсуге, әңгімелесуге ықылас білдіретіндер көп. Алматы қаласындағы, облыстағы мектептер, жоғары оқу орындары да кездесуге шақырып тұрады. Жас ата-аналар балаларының тұсауын кестіріп, аузына түкіртіп алатын көрінеді. Атамыздай алып денелі, апамыздай асыл қасиеттерге ие болсын деген ниет қой баяғы. Сол ниет шығар қос қарияның көрер жарығын көбейтіп, қуанышын еселеп отырған.
Айтпақшы, Әлімғазы атамыз тақиясын шляпаға ауыстырыпты. Заманға сай киінген қара шляпалы қарттың әлі де аузында әзілі бар. «Жастардан қалам ба?» деп қағытпа қалжыңмен жүзімізге күлкі үйірді. Қара костюммен өзіне жараса кетеді екен. Алыстан қол бұлғағанда құдды Қаратау менмұндалап шақырғандай күйге бөленесіз. Парасаты мен пайымына әуезді әзілі үйлескен атамызбен осылайша әдемі әңгіме өрбітіп, тарқастық.