Жалпы, өңірдің негізгі ауылшаруашылық дақылы болып саналатын қызылша өсіру қазір аймақта кеңінен қанат жайып келеді. Жыл сайын егістік алқабының көлемі артып, тәтті түбір мөлшері де көбейіп отыр. Нәтижесінде облыстағы қант өндірісі өркендеп, жергілікті зауыттарда өндірілген таза қант ішкі нарықты қамтамасыз ете бастады.
Биыл облыс бойынша 16,1 мың гектар алқапқа тәтті түбір тұқымы себілген болатын. Жиналған қант қызылшасынан 500 мың тонна өнім алып, 48 мың тоннадан астам дайын қант шығару жоспарланып отыр. Қазір аудандар қызылша жинау науқанына толық кіріскен. Ал жиналған өнімді Ақсу және Көксу қант зауыттары қабылдап, өңдейді.
Тәтті түбір қабылдауды алғашқы болып Көксу қант зауыты бастады. Жалпы, қант зауытының жаңа өндірістік маусымға кіріскен күні жұмысшылар мен шаруалар үшін мереке. Биыл да қызылша қабылдаудың бірінші күні көтеріңкі көңіл күймен өтті. Зауыт басшылығы тәтті түбір тиеп, зауыт аумағына кірген алғашқы 3 автокөліктің жүргізушісіне арнайы сыйлық табыс етті. Ал бұл күні Талдықорған қаласы мен Қаратал, Көксу, Ескелді аудандарының шаруа қожалықтары 400 тоннаға жуық өнімді зауытқа өткізіп үлгерді.
– Өткен жылы зауыт 230 мың тонна қант қызылшасын өңдеді. Биыл бұл көрсеткішті 250 мың тоннаға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жаз бойы зауытты қайта жаңғыртып, құрал-жабдықтарын жаңаладық. Қант қызылшасын өңдейтін цех толығымен ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп, автоматтандырылған жүйеге ауыстырылды. Сондай-ақ автокөліктерді өлшейтін аспаптарды жаңадан сатып алып, ауыстырдық. Күніне 3 мың тоннаға дейін қант қызылшасын қабылдап үлгереміз. Қазір зауытта 250 адам жұмыс істеуде, алдағы уақытта 450 адамға дейін көбейеді, – дейді «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов.
Биылғы қант қызылшасын жинау науқанына білек сыбана кіріскен ұжымның бірі – Ескелді ауданындағы «Г.Н.Нам» шаруа қожалығы екен. Аудандағы ғана емес, облыстағы жетекші ауыл шаруашылығы нысанының қатарында аталатын шаруашылық 18 жыл бойы қант қызылшасын өсіріп келеді. Диқандар өздері еккен соя, картоп, пияз және бидай мен жүгеріден де мол өнім жинап отыр. Ал қожалық жетекшісі Герман Николаевич киелі Ескелді жерінде өсіп, өнген Нам әулетінің төртінші ұрпағы екен. Егіс алқабында негізінен өз әулеті еңбек етеді. Бір кездері оның аталары мен әкелері егін еккен алқапта қазір мұның балалары мен немерелері жұмыс істейді.
2014 жылы Герман Нам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жетісу топырағында қант қызылшасын өсіруді қайта жаңғырту туралы үндеуін қолдап, тәтті түбір себілген егіс алқаптарын ұлғайтуға белсене кіріскен. Ал арада екі жыл өткенде Елбасы Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында осы Герман Намның қызылша өсіретін алқабына келіп, өңірдің қант саласын жаңғырту жөніндегі бағдарламаның алғашқы нәтижелерімен танысқан-ды.
– Әуел баста қант қызылшасын өсіруді шамамен 5-10 гектардан бастадық. Сол тұста әр гектардан 300-400 центнерден өнім жиналды. Егістік көлемі ұлғайтылды. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өнімділігі жоғары тұқым алып, соның нәтижесінде өнімділік гектарына 500-700 центнерге дейін өсті. Жекелеген учаскелерде қант қызылшасының өнімділігі гектарына 900 центнерге жетті, – дейді қызылшашы Герман Нам.
Алматы облысы