Еліміздің Тұңғыш Президенті басымдыққа ие міндеттерді: бірінші – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын, екінші – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуін, үшінші – макроэкономикалық тұрақтылықты, төртінші – адам капиталының сапасын жақсартуды, бесінші – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті белгіледі. Кешенді міндеттердің көшін цифрлы технологиялар бастап тұруы бекер емес. Заманауи технологияларды ел өмірінің басым салаларына енгізу арқылы экономикалық дамудың жаңа моделін жасау – бүгінгі күннің басты талабы.
Біз ширек ғасырда екі жаңғыруды өткіздік, біріншісі – нарықтық экономика қағидаттары бойынша мүлдем жаңа мемлекет құру, екіншісі – 2030 стратегиясын жүзеге асыру және біздің Отанымыздың елордасы – астананы қалыптастыру. Мемлекетіміз әлемдік аренада биік белестерге көтеріліп, даму қарқынын озық елдің қатарына қосылуымен дәлелдеді.
Кезінде Елбасы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға тапсыратынын айтқан еді. Мемлекет басшысы бұл салаға Үкімет, министрлік және әкімдіктер толықтай жауап береді және өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы билік тармақтарын үлестіру барысында 40-қа тарта президенттік құзыреттің Парламентке және Үкіметке берілетінін атап өтті. Ал елдің қауіпсіздігін қамту үшін Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдау тапсырылды. Жаңаша дамудың бұл бағыттары қазақстандық экономика қарқынының өсуін орташа әлемдік деңгейден жоғарылатып, Қазақстанның жетекші 30 елдің қатарына кіруде тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз етуі тиіс.
Елбасы жүктеген бес басымдықтың төртіншісі – адам капиталының сапасын жақсарту. Әлемдік деңгейдегі білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін қалыптастырмай, үшінші жаңғыруды жүзеге асыру мүмкін емес. Ал адам капиталының ең өзектісі – білім. Болашақ – дамудың кепілі. Білім арқылы бәсекеге түсу, соның көмегімен озу қай жағынан маңызды. Елбасы Н.Назарбаев отандық білім беру жүйесін заманауи талаптарға сәйкес жаңғырту қажеттігіне жете көңіл бөле отырып, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды атап өтті.
Бүгінде республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Сонымен қатар бүгінгі таңда білім беру саласында көптеген модернизация жүргізіліп жатыр. Орта білім берудің 12 жылдық моделі, кәсіптік және техникалық білім беру мазмұнының жаңартылуы, электронды оқыту, зияткерлік мектептер арқылы жоғары оқу орындарына дарынды шәкірттер даярлау, жоғары оқу орындарына қойылатын жаңа талаптар, магистрлер мен РҺD докторларды даярлау арқылы университеттік білімді жаңа деңгейге көтеру бірқатар инновациялық жобаға бастама болып, инновациялық оқыту әдісі кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан қазіргі таңдағы білімді содан әрі дамытуды қажет ететін ауқымды жобалар мен әлем тәжірибесіне негізделген инновациялық білім берілуі тиіс. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасындағы практикалық маңызы бар ғылым мен білімді дамытудың басым бағытына сәйкес келетін инновациялық жобаларды іріктеу, аймақтағы ғылыми-зерттеулерді дамыту және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ғылым мен білім жетістіктерін пайдалану болып отыр.
Қазір жаһандану дәуірінде интеграциялық процестер қарқынды даму үстінде. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігусіз дербес дами алмайтынын бүгінгі қоғам дәлелдеп отыр. Жаңа ғасырдың шынайы кілті саналатын жаһандану білім саласына мықтап еніп, соның негізінде әлемдік экономиканың интеграциялануы, жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы кең қанат жайды. Сондықтан білім саласын модернизациялауда ұлттық инновациялық жүйені жасау адам іс-әрекетінің жаңа ғылыми және кәсіби бағыттарын айқындауды көздей отырып, кадрлар даярлаудың мамандандырылған жүйесін іске асыруды талап етеді.
Қазіргі кездегі білім беру жүйесінің міндеті – білім алушылардың білімді үйреніп қана қоймай, алған білімін үздіксіз дамытып, оны бойына сіңіріп, тәрбиелі, әдепті, интеллектуалды болуын қамтамасыз ету. «Әрбір ұстаз – білікті маман, ал әрбір білім алушы – ойшыл тұлға» деген қағидаларды ұстана отырып, білім беру үрдісінде кез келген мұғалім білім сапасын жақсарту мақсатында оқытудың технологияларын, әдіс-тәсілдерін пайдалану.
Білім беруді жаңғырту – бүгінгі заманның талабы. Қазіргі таңда жаңа технологиялармен оқыту жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Оған мамандарды қайта оқыту, интерактивті білім беру, түрлі технологиялық тәсіл арқылы оқуға деген қолжетімділікті арттыру сынды мысалдарды айтуға болады. Біздің елімізде білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүзеге асуда. Біріншісі, білім беру мекемелерін оңтайландыру; екіншісі, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту; соңғысы, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру.
Осы тұрғыда Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа басқару нысанын енгізуге, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ білім беру саласында ең үздік әлемдік практиканы ескере отырып, жаңа білім беру стандарттарын енгізу үшін жағдай жасалады. Оқушылар екі бағыт бойынша білім алады: біріншісі – физика-математика, екіншісі – химия-биология.
Қай кезеңде болсын көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар алдыңғы қатарлы елдің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері бірнеше тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан дамыған елдер қатарынан қалмау үшін бірнеше тіл меңгеруіміз қажет. Бұл – заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі бірнеше тілде еркін сойлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.
Бүгінгі білім беру жүйесі жаһанданған заманда үш тілді меңгертуге аса назар аударылып отыр. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.
Ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия тілі. Жаңа экономиканың қатынас құралы. Қазір қолданысқа қажетті жабдықтың 90 пайызы осы тілде. Әр екі жыл сайын олардың көлемі 2 есеге ұлғайып отырады. Сондықтан бүгінгі жас ағылшынша тіл сындырмай, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды. Қазіргі үш тілді дамытудың мәселесіне талас-пікірлер өте көп, бірақ әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін жетік меңгерген Мәңгілік елге айналуымыз керек.
Жаһандану заманындағы білім беру – ана тілін құрметтеу, еліміздің тарихын жетік білу, әдет-ғұрпымыздың, салт-дәстүріміздің сан қырлылығын игеру, табиғаттың қайталанбас көрінісін баланың есінде қалатындай етіп мұғалім өзі жатқа айту керек. Мысалы, табиғатты жас кезінен бала бойына сіңірудегі ұлттық тәрбиені С.Сейфуллиннің «Көкшетау» өлеңінен байқауға болады:
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сол сияқты табиғатты жас кезінен бала бойына сіңіруде ұлттық тәрбиеге негіз болатын ақын-жазушылардың өлеңдері де аз емес.
«Білім беру жүйесін дамыту мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру саласына Жапония, Сингапур, Гонконг, Финляндия, Ұлыбритания сияқты елдерде біліктілікті арттыру үшін қаражат бөлінеді. Және де мұғалімнің біліктілігін арттыру мәселесі аталған елдердің білім саясатында мемлекеттің, біліктілікті арттыру орталықтарының қолдауымен жоғары орында. Сонымен қатар шетелдерде өзін-өзі жетілдіру жоғары дамыған», деп «Өрлеу» БАҮО» АҚ филиал директоры педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.К.Ахметованың «Роль профессионального развития педагога в модернизации образования» атты баяндамасында айтылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, биология ғылымдарының докторы А.Б.Бигалиевтің «Проблемы безопасности жизни и современные направления в экологии», А.И.Герцен атындағы РМПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы В.Г.Сусловтың «структурная модель личностно-ориентированного учебника и практикума по дидактике географии» баяндамаларынан бүгінгі заман талабына сай білім берудегі жаңаша бағыттарды байқауға болады.
Жаратылыстану ғылымындағы бүгінгі талап – біліп қана қоймай, соны іске асыру, дамыту, жетілдіру. Халқымыздың әлеуметтік жағдайын, экономиканы, ҒТР, интернеттің шығуын, әлем кеңістігіндегі ақпараттарды балаларға жеткізе отырып, баланың дүниетанымын кеңейту арқылы ой-өрісін жетілдіріп, ойлау, қабылдау қабілетін, психологиялық ой дәрежесін дамыта отырып, жеке тұлға ретінде қалыптастыру.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ«География-экология» зертханасының меңгерушісі, ҰҒА академигі