Осыдан тұп-тура елу жыл бұрын, яғни 1970 жылдың 25 қыркүйегінде талантты жазушы Эрих Мария Ремарк өмірден өтті. Немістің Оснабрюк қаласының тумасы Эрих (шын аты Пауль) Мария Ремарк Швейцарияның Локарно қаласындағы «Санкт-Аньес» ауруханасында жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Ол Маджоре көлінің жағасындағы Порто Ронко вилласында екінші әйелі, америкалық актриса Полетт Годдармен өмір сүріп жатқан.
Ремарктың әйелі 1990 жылы өмірден озып, күйеуінің жанына жерленді. Ол Ремарктың құрметіне аталған еуропалық зерттеулер институтын қаржыландыру үшін Нью-Йорк университетіне 20 миллион долларды мұраға қалдырған. Ремарк Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң өзін асқан мейіріммен қарсы алған Швейцариядан қилы тағдырының соңында пана тапты.
Ел аузында эксцентрик, сезімтал циник, ішімдік пен сауық-сайранды, богемді ортаны жанындай жақсы көретін ол әйел затына құмарлығымен де аты шықты (өткен ғасырдың ең сұлу актрисалары оның нақсүйерлері еді). Ремарк өзі «қорқау-ғасыр» деп атаған жиырмасыншы ғасырдың, қатыгез дәуірдің диірменіне түсіп кеткен адам. Бірақ «ұсақ та сұм өмірді» көрген әрі таныған ол безбүйректікке бой алдырған жоқ. Керісінше, күрт өзгерістер мен трагедияны жан-тәнімен сезінген жазушы сұм заманға нәзіктік пен адамзатқа деген сүйіспеншілікпен жауап қатты. Оның романдары мен досы Хемингуэйдің кітаптарын 1950-1970 жылдардағы әр кеңестік оқырманның кітапханасынан табуға болады. Оларда асқақ бастау, інжілдік «әлем мен қалаға» деген мейлінше ашықтық салтанат құрған. Сол арқылы адам жаны өзін қоршаған қайғыны, қиындықтар мен трагедияларды ұмытады. Оқырман автор қаhармандарының зілсіз әзілдерінен ләззат алады, онымен бірге «Үш жолдастағы» өліп бара жатқан ғашығы Патрисияның шашын тарайды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде 18 жасар Эрих-Пауль Ремарк немістің императорлық армиясына алынады. Ремарк 1917 жылдың 12 маусымында Батыс майданға ауыстырылып, сол жылдың 31 шілдесінде сол аяғынан (оны ампутациялау туралы мәселе туындайды), оң қолынан және мойнынан снаряд жарықшағымен жараланады. Тіпті өлі жолдастарының арасынан әрең табылған деседі. Германиядағы әскери емханаға ауыстырылған ол соғыстың қалған уақытын осында өткізіп, демобилизацияға ұшырағанға дейін жазылып шығады. (Емханада ол үнемі бір қолымен пианинода ойнаған). Соғыстың жауыздығы мен туған ана қазасы Ремаркты жан күйзелісіне ұшыратқан. Кейін кәсіби жазушылыққа бет бұрған кезде, ол анасының құрметіне «Марияны» екінші есімі қылып ауыстырады.
Ремарк сол кездегі түріндегі сәйкессіздікке қарамастан, өзін сенімді пацифист санайтын: күш-қуаты тасыған блондинді нағыз арийлік демеске шара жоқ еді. 1929 жылы 1,2 миллион дана таралыммен жарық көрген «Батыс майданда өзгеріс жоқ» романын автор бар болғаны алты аптада жазып шығыпты. ХХ ғасырда соғыс туралы жазылған ең үздік романдардың бірі деп танылған кітап он екі тілге аударылып, Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, қаруымен» және Ричард Олдингтонның «Батырдың өлімімен» бірге «жоғалған ұрпақтың» арманы мен қайғысын көрсетіп, сатушыға мата жыртысын, ал жарнама агентіне әжептәуір байлық әкеледі. Ал бұған дейін ол құлпытас жасайтын бюрода жұмыс істеген. Бұл жөнінде «Қара құлпытаста» жазды.
Ремарк бұдан бөлек тоғыз роман жазған, олардың барлығында сұрапыл соғыс әңгімеленеді. Соңғы романы «Лиссабондағы түнде» ол Екінші дүниежүзілік соғысты Адольф Гитлердің еврейлер мен басқа халықтарды билеуші нәсіл атынан қыру әрекеті ретінде аяусыз әшкерелейді.
Бірінші кітабының желісімен голливудтық фильм 1930 жылы экранға шыққаннан кейін Ремарк бай әрі Атлантиканың екі жағында да әйгілі адамға айналды. Қаламдас достары – Хэм әкеймен, Гертруда Стайнмен, Олдингтонмен Монпарнастағы әйгілі Париж кафелері мен ресторандарында армансыз сайран салатын уақыт та сол кез еді.
«Мен қалай егіз болдым» деген мемуарлар кітабында Юрий Михайлович Феличкин (кезінде Украинада тұрған) Парижде Ремаркпен қалай кездескені туралы баяндайды. Сол Юрий Михайловичтің айтуынша, 34 жастағы жазушымен Монпарнастағы атақты «Куполь» кафесінде 1930 жылдардың екінші жартысында танысқан екен. «Біз террассадағы үстел басында 4-5 рет жолықтық. Ремарк Мэри есімді америкалық актрисамен, ал мен әйеліммен болдым», деп еске алады автор. Сонда Ремарк тым жақсы көңіл күймен көп әзілдеген. (Бұл кезде Ремарк Венециядағы кинофестивальда танысқан шәлкес, тұйық та асау мінезді сұлу Марлен Дитрихпен арада шытырман хикаяны бастан кешіріп жүрген еді. Кейін америкалық әнші әрі актриса мемуарларында жазушыны ерекше толқыныспен баяндайды. Эрих Мария өз қолжазбаларын ең алғаш болып Мэриге беретін. Ол АҚШ-қа кеткенде оған күнде хат жазып тұрған. Хаттар топтамасы 2003 жылы «Sag Mir, Dass Du Mich Liebst» («Мені сүйемін деші») кітабында жарияланды). Олардың ешқайсысы француз емес, бірақ төртеуі де французша сөйлесетін. Кезінде ақтармен бірге Түркияға қашқан, кеңестік барлаушы болған һәм 1950-жылдары британдық арнайы қызметтің қолына түскен тағдыры қым-қиғаш Феличкин Ремаркқа «антианекдоттардың» бірін айтып береді. Кейін жазушы оны «Үш жолдастың» эпизодтарына пайдаланды. Ал Юрий Михайлович өмірінің соңына дейін Одесса облысының Измаиль мемлекеттік университетінде француз тілінен дәріс берген.
Ұлтшылдар Ремаркты ең көп ізделетін «идеялық қылмыскерлер» тізіміне енгізіпті. Ремаркқа қарсы идеологиялық науқанды доктор Геббельстің жеке өзі басқарған. Жазушының кітаптары күллі неміс кітапханаларынан алынып, сатуға немесе жариялауға қатаң тыйым салынды. Үшінші Рейх автордың «Батыс майдандағы» «жеңілуші көңіл күйі» мен оның католиктік сенімін кешіре алмады (жазушы католик дінін ұстанатын, ал кітаптарына немісше «Ремарканың» орнына французша «Ремарк» деп қол қоятын). Оның романдары Маркстың «Капиталымен» бірге Берлинде отқа оранды. Жазушының Оснабрюктегі үйі тоналып, өртелді, ал өзі көптеген жыл бойы туған елінен жырақта жүруге мәжбүр болды. Ол алдымен Швейцарияда, кейін Құрама Штаттарда тұрды. Үлкен әпкесі «антипатриоттық сөздері» үшін 1943 жылы тұтқынға алынып, өлім жазасына кесілген.
Кейде мына әлем өте тар көрінеді һәм сонысымен де күлкілі. Қаламгердің бірінші әйелі, неміс актрисасы Ильза Ютта Замбонның әпкесі рейхсмаршалл Герингтің туысы еді. Ремарк тек 1947 жылы ғана АҚШ азаматы атанғанымен, 1930 жылдары-ақ оның сценарийлері бұл елде аса танымал болды. Ал сол бойынша түсірілген фильмдердің мол табыс әкелгендігі соншалық, ол жат жерлік, барынан айырылған эмигрант бола тұра, Голливудтың атақты авторы – Чарли Чаплиннің досына айналды. Ремарктың айтуынша, ол Чарли Чаплиннің, Грета Гарбоның, Эрнест Хемингуэйдің ортасында өзін елеусіз адам сезінеді екен.
«Батыс майданда өзгеріс жоқтың» сатылымынан түскен қаржыға Ремарк антиквариат сатып ала бастайды. Швейцарияның Порто-Ронкосына қоныс аударған жазушы үй алып, оны «Ремарктың сарайы» деп атады. Автор үйін ежелгі қытай мен мысырдың қола мүсіндерімен, венециялық айналармен және парсы кілемдерімен, сондай-ақ Германиядан үлкен күшпен алып шыққан суреттердің тамаша коллекциясымен (Ренуар, Дега, Ван Гог) безендірді.
Ремарктың өмір театрының сахнасында тек актрисалар «өнер көрсетті». Ремарк пен Замбона 1930 жылы тысқары интригалар салдарынан ажырасқанымен, 1933 жылы Швейцарияға бірге қашқан. 1938 жылы олар Замбонаның Германияға мәжбүрлі түрде қайтарылмауы үшін қайта некелесіп, 1939 жылы Құрама Штаттарға қоныс аударады да, осы елдің толыққанды азаматтарына айналады. Ал екінші әйелі Полетт Годдармен 1958 жылы үйленіп, өмірінің соңына дейін бірге болған. Ремарк Дитрихпен айырылысқаннан кейін душар болған ауыр жан күйзелісінен екінші әйелі айықтырғанын мойындайтын. Бірінші күйеуі Чарли Чаплинмен 6 жыл тұрған Полетт Годдар әйгілі «Желмен ғайып болғандар» («Унесенные ветром») эпопеясында басты рөлді сомдауы керек еді, бірақ режиссер соңғы сәтте Вивьен Лиді таңдады. Ең қызығы, Ремарк өміріндегі басты үш әйел (екі әйелі мен Дитрих) бір-бірлеріне ұқсайтын: тана көздері, ұзын кірпіктері, иықтан төгілген шаштары һәм аққұбалықтары.
Жазушы романдары, әсіресе кинематографиялық және театр сахнасына лайықталып жазылғандай көрінеді. Мәселен, «Үш жолдас» спектаклі ұзақ жылдардан бері Мәскеудің «Современник» театры сахнасынан түспей келеді. Автордың шығармада ағынан жарылуы шартпа-шұрт һәм қанық диалогтармен жымдасып жатады. Ремарк өз қолжазбаларын өткір ұшталған қарындашымен шиыра отырып, рахаттана жазады деседі. Образды түрде алсақ, оның осылайша жазуы өмір сүруіне ұқсайды. Қартайғанда мойындағанындай, ол сөздерді дыбысталуына қарай таңдап жазған екен – бұған жасында композитор болуды армандағаны әсер етсе керек.
Әйгілі свитердегі, ақ шалған қалың мұрт-сақалды Хэм әкейдің портреті әр зиялы адамның кітап сөресінде тұрса, кеңестік сыншылар Ремаркты негізінен ішімдікпен һәм бай, бекзат өмірмен ғана байланыстыратын. Ал ресми басылымдар оның атын атамауға тырысты. Бүгінгідей ғаламтор жоқ заманда оқырмандардың көпшілігі аты-жөнінде әйел есімі ұшырасатын осынау жұмбақ немістің түрі қандай екенін білмей кетті. Жазушының өлімінен екі жыл бұрын түскен суретін көріп, тіпті таңғаласыз. Бұл университетте жиі ұшырасатын кәдімгі зиялы, жаны жайсаң профессор болатын. Салиқалы мырзаның екінші иегі көрініп-ақ тұр. Сезімтал ерні, әжім басқан маңдайы, көз астындағы ісік шала ұйқы мен қажымас еңбектің салдары болса керек. Ал көздері ше? Оның көздерінен өмірде жолы болған еуропалықты көрмейсіз. Қулана қараған жанарынан славяндарға тән мұң байқалады. Бодлерше айтсақ, оның жанары – «жан жараларының мөрі басылған» «мұң сұлулығының» дәл өзі.
Ол тіпті жақындарының өлімінен де жақсылық көруге тырысыпты. Ремарктың әкесінен айырылғанын естіген репортер оның үйіне алып-ұшып жетеді. Сонда жазушы сасып қалған журналиске: «Біле білсеңіз, менің әкем жүрек талмасынан қайтыс болды. 83 жаста еді. Пәлтесін кимей шыққандықтан, шіркеуде салқын тиген. Пәлтесін кимеген себебі, қасындағы әйелдің көңіліне қараған. Сөйтіп ол үйге ауырып келді. Әпкем одан: «Әке, коньякқа қалай қарайсың?» деп сұрағанда ол басын изеді де, өліп кетті. Коньяк күтіп отырып өлгенге не жетсін!» деген. Өлерінің алдында жүрек талмасынан зардап шегіп жүрген Ремарк (буырқанған өмірінің салдары) барлық творчество адамдары қорқып һәм ұрынып келген бір ғана жайтқа өкінеді. Ол әрине ырду-дырдумен бос өткен уақыт еді. Өлімнен зәресі ұшатын оның әдебиетке деген ықыласы айрықша болған. Сөйтіп тағдырдың жазуымен Эрих Мария Ремарк католик дәстүріне сай Швейцарияның Порто-Ронко деген жеріндегі қорымда жерленді.