Білім ордасы дипломын бағалауы тиіс
Депутаттар әзірлеген өзгерістер білім беру процесін одан әрі жетілдіруге, оның ішінде білім беру жетістіктерінің мониторингін жүзеге асыруға бағытталған. Осыған байланысты ұсынылған білім беру жетістіктерін бақылаудың қазіргі нұсқасынан айырмашылығы туралы мәселе көтерілді.
Заң жобасына байланысты баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың айтуынша, Еңбек кодексінің 119-бабына сәйкес, білім алушылардың дуальды оқыту туралы шарт негізінде өндірістік оқытудан және кәсіптік практикадан өткен уақыты еңбек өтіліне есептеледі.
Әйтсе де, еңбек қызметін растайтын құжаттардың тізбесінде шарттың осы түрі қамтылмаған. Осыған байланысты құқықтық коллизияны болғызбау мақсатында жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың тізбесін жаңа құжат – дуальды оқыту туралы шартпен толықтыру ұсынылады.
«Білім беру саласындағы өкілетті органға техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру әрі бөлу қағидаларын бекіту бойынша құзырет беру арқылы шешу ұсынылады. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс жұмыспен қамту органдарының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының ұсыныстары негізінде өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып орналастырылады. Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру рәсімі көзделмеген. Ұсынылып отырған түзету мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оны беру кезінде сыбайлас жемқорлық факторының ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді», деді депутат.
Заң жобасында жоғары оқу орнын бітірушінің мемлекеттік білім беру тапсырысында оқу ұзақтығына пропорционалды түрде еңбекпен өтеу мерзімін белгілеу арқылы шешу ұсынылмақ. Осылайша, мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы білім алған азаматтар бүкіл кезеңде – барлық үш жылды да жұмыспен өтейді. Ал білім алушылар ішінара, яғни бір бөлігін ақылы негізде – мемлекеттік бюджет есебінен оқу кезеңіне сай жұмыс істеуі тиіс.
«Білім берудің жаңартылған мазмұнын ескере отырып, базалық білімді тексеруге бағытталған білім беруді сырттай бағалаудың «білім беру жетістіктерінің мониторингі» атты жаңа моделін енгізу арқылы шешу ұсынылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру ұйымдарын сыртқы бағалау тетігі жетілдіріледі. Бұл білім алушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, заң жобасын қабылдау білім беру процесін жетілдіру, оның ішінде кәсіби кадрларды даярлау және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды деп санаймыз», деді Ә.Бектұрғанов.
Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин білім беру сапасы үшін жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктелетінін айтып, алайда білім беру қызметін бақылау сақталатынына тоқталды.
«Меніңше, бұл мәселені әлі де қарастыру қажет. Себебі, білім саласы – елдің болашағы. Сондықтан бұл салада барлық жаңалықтар өз уақытында жедел қолға алынып отыр. Мысалы, екі жыл бұрын ғана заң бойынша жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндік берілді. Сонымен бірге, келесі жылдан бастап жеке диплом беру де қолға алынады. Осының барлығы оқу орындарының заманға сай, еркін, ашық және сапалы жұмыс жасауы үшін жасалып отырған қадам», деді Н.Нығматулин.
Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дипломдарды бере бастайтынын айтып, заң жүзінде жоғары оқу орындарына білім беру қызметінде толық дербестік берілгеніне тоқталды. Мұндай жағдайда білім сапасы үшін жауапкершілік жоғары оқу орындарының өздеріне жүктеледі. Н.Нығматулин жоғары оқу орындарының дербестігі дипломдарға мөр басу емес екеніне назар аударды.
«Әрбір ЖОО өздері берген дипломын бағалай білуі керек. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында білім беру жетістіктеріне мониторинг жүргізу қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды? Оның үстіне, бұл мониторинг қандай да бір ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы туралы ешқандай түсінік бермейді. Тағы бір айта кететін жағдай, білім беру қызметін бақылау керек. Енді университеттер бақылаусыз қалуы мүмкін деген пікір қалыптаспауы тиіс», деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, мұндай бақылау кәсіпкерлік субъектілері ретінде барлық жоғары оқу орындарында Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүзеге асырылады. Н.Нығматулиннің айтуынша, Білім және ғылым министрлігі Бас прокуратураның Құқықтық статистика орталығы арқылы нарық субъектісі ретінде кіріп, қарай алады.
Сонымен қатар барлық ЖОО-лар қазір нарық субъектілері саналады және біліктілік талаптарына, білім беру стандарттарына сай келеді. Бұл уәкілетті органға, яғни Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарының білім беру қызметін тереңірек талдауға және оларға тиісті баға беруге мүмкіндік береді. Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы екінші оқылымға дейін заң жобасын әзірлеушілермен бірге жұмыс тобына осы мәселені мұқият қарастыруды тапсыратынын айтты.
Заң көші-қон процесін реттейді
Сонымен қатар палата «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Құжаттың мақсаты – Мемлекеттік шекара туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру. Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жанат Жарасовтың айтуынша, заң жобасында осы саладағы үш деңгейлі басқару моделі екі деңгейліге ауыстырылады.
Құжатта ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін әскери қызметшілер санатына ауыстыру және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жекелеген бөлімшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери құрамаларына қайта құру мүмкіндігі көзделген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы мәртебесін бере отырып, авиацияны Шекара қызметінен шығаруды көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік органдарының оқу орындарын интеграциялау және кадрлар даярлау сапасын арттыру үшін заң жобасында Шекара қызметі академиясын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына беру қарастырылған.
Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Беларусь арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Келісім екі мемлекеттің көші-қон заңнамасы туралы, оның ішінде көші-қон процестерін реттеу, қос азаматтық фактілерінің жолын кесу, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру, сондай-ақ заңнаманың көрсетілген салаларындағы өзгерістер туралы алмасуды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.
«Біріншіден, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Үшіншіден, екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Келісімде көші-қон саласындағы қылмыстармен күресуге қатысты қадамдар ескерілген. Беларусь Парламенті келісімді 2020 жылғы 18 мамырда бекітті.
«Ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. Халықаралық деңгейде тағы да 9 келісім дайындалып жатыр. Осы құжаттардың нәтижесінде заңсыз көші-қон бойынша ақпарат алмасу жолға қойылады. Адамдарды басқа елдерге қайтару мәселесі шешіледі. Сондай-ақ шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады әрі қос азаматтыққа жол бермеу тетіктерін қамтиды», деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Ауылдағы ағайынның жағдайын кім ойлайды?
Жалпы отырыстан кейін депутаттық сауалға кезек берілді. Нұртай Сабильянов ауылдардағы медициналық көмекке байланысты Денсаулық сақтау министрінің атына сауал жолдап, ауылдық елді мекендерде сапалы медициналық көмек көрсету мәселесі жиі көтерілетінін мәлімдеді.
Қазіргі таңда заңдық тұрғыда халқының саны 50-ден 800 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық пункт ашылуы тиіс. Ал 1500-ге дейінгі тұрғыны бар ауылдарда фельдшер-акушерлік пункт жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулатория ашу үшін халық саны 1500-ден 10 мың адамға дейінгі аралықта болуы керек.
Осы орайда, депутат Статистика комитетінің деректерін алға тартып, елімізде халық саны 50-ден асатын ауылдық елді мекендер саны 5691-ді құрайтынын жеткізді. Солардың ішінде тек мыңнан астамында ғана тұрғындар дәрігерлік көмек ала алады.
«Бұл жағдайда, қалған ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекке қалай қол жеткізе алады? Жоғарыда айтылғандар негізінде, медициналық пункті халық саны 50-ден 300 адамға дейін, фельдшер-акушерлік пункті халық саны 300-ден 500 адамға дейін, дәрігерлік амбулаторияны 500-ден 10 000 адамға дейін болатын әрбір елді мекенде құруды, денсаулық сақтау ұйымдары желісінің нормативіне өзгеріс енгізуді сұраймын», деді Н.Сабильянов.
Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов білім саласындағы жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу процесіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жан басына шаққандағы қаржыландыруға тек қалалық жалпы білім беретін 1594 мектеп ғана көшті.
«2018 жылы толық жинақты ауылдық мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізу және кейіннен толық көлемде енгізу тоқтатылып, бұл реформа ауылдық білім беру ұйымдарын қамтымады. Еліміздегі 3987 толық жинақты мектептердің ауылдық мектептері 2393-ті құрайды. Оларды жан басына шаққандағы қаржыландырудан алып тастау, біздің пікірімізше, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтпай, қайта одан әрі тереңдете түседі», деді депутат Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Ә.Бектұрғанов жан басына шаққандағы қаржыландыруға толық көлемде көшуді баяулатуға болмайтынын жеткізді. Депутаттың пайымдауынша, қолданыстағы модель «ақша оқушыға арналады» қағидатына сай келмейді. Өйткені оқушы бір өңірден екінші өңірге ауысқанда тиісті шығындар екінші өңірдің бюджетіне берілмейді.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай ұсыныстар енгіземіз. 2021-2022 оқу жылынан бастап толық жинақты ауылдық мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін және олар үшін тиісті әдістемені әзірлеу жөніндегі мәселені қарау. «Ақша оқушыға арналады» деген негізгі қағидатты іске асыру мақсатында, оқушылардың есебін жүргізу және ішкі көші-қонға мониторинг жасау үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру жөніндегі Ұлттық білім беру дерекқорында басқа мемлекеттік органдардың қолданыстағы дерекқорларымен бір мезгілде интеграциялай отырып, жеке жүйені әзірлеу», деді Ә.Бектұрғанов.
Ел болам десең, ақпараттық қауіпсіздігіңді түзе
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Ақпарат және қоғамдық даму министрі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне депутаттық сауал жолдап, шекара маңындағы аймақтағы ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне назар аударды.
«Бүгінгі ақпараттық заманда, интернет, ұялы байланыс, теледидар, радио қоғам өмірінің ең бір маңызды тетігіне айналды. Сондай-ақ әлеуметтік желінің, теледидар мен радионың маңызды мақсаттарының бірі – аудиторияға ақпарат таратумен қатар, саяси-мәдени, идеологиялық тәрбие мен насихат жұмысын жүргізу екендігі де белгілі. Сондықтан еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өзекті мәселелердің біріне айналып, ұлттық қауіпсіздік санатына жатқызу қажеттілігі туындап отыр», деді Б.Дүйсенбинов.
Осы орайда, депутат Ата Заңымызда әркімнің еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар екеніне тоқталды. Дегенмен бүгінгі күнге дейін қазақстандық коммуникация желілері қамтымаған еліміздің аумақтары әлі де жетерлік.
«Мысалы, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының Қытай шекарасына жақын орналасқан кейбір аумақтарында қазақстандық не теледидар, не радио, не интернет ұстамайтын жерлер бар. Бірақ Қытай жақтан қазақ тілінде радио сайрап тұрады. Ал шекара маңындағы жергілікті халық тек қытай радиосын тыңдауға мәжбүр.
Тағы бір мысал келтірсек, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына табан тіреген кез келген азаматтың телефонына әп-сәтте-ақ «Добро пожаловать в Китай! Пользуйтесь выгодными тарифами в роуминге!», «Activ приветствует вас в Китае! Пользуйтесь выгодными тарифами в роуминге» сипатты хабарламалар келіп түседі де, ізінше телефоныңыздағы Нұр-Сұлтан уақыты дереу Қытай уақытына өзгереді екен», деді Б.Дүйсенбинов.
Депутаттың айтуынша, осыған ұқсас жағдай, Өзбекстан және Ресей шекарасының маңында да кездеседі.
«Биыл ұлттық тәуелсіздігімізге табандай 29 жыл толады. Сонда 30 жылдай тәуелсіздіктің барысында ақпараттық, байланыс жүйеміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағанымыз ба? Халқымыздың, оның ішінде әсіресе жас ұрпақтың отаншылдық, патриоттық сана-сезімінің, ұлттық ар-намысымыздың, ұлттық қауіпсіздігіміздің тамырына балта шабатын мұндай құбылысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да тиесілі мемлекеттік мекемелер неге назар аудармайды, неге тиесілі әрі табанды іс-шара қабылдамайды», деді Б.Дүйсенбинов.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Премьер-Министр атына жолдаған сауалында «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды қабылдау қажет деп есептейтінін жеткізді.
«Соңғы кезде қоғам мен Мәжілістегі біздің әріптестер тарапынан несие рақымшылығын жүргізу мәселесі көтеріліп келеді. Бұл бастамаға пандемия кезінде халық табысының төмендеуі мен тұралап қалған шағын және орта бизнесті ескере отырып, назар аудару керек. Несие рақымшылығына қатысты табыссыз қалған адамдардың талабы орынды. Дегенмен бұл талаптар азаматтардың үнемі қарыз тұзағына түсуінің негізгі себептерін шешпейді. Осы себепті шешпей, рақымшылық туралы мәселе жыл сайын қайталана береді», деді А.Перуашев.
Осы орайда ол өткен жылы табысы төмен адамдардың банк қарыздары 106 млрд теңгеге жабылғанын еске салды. Алайда қазіргі кезде проблема ушыға түскен, өйткені оның себептері жойылмаған. Мұның мәні мынада. Біріншіден, банктердің пайыздық талаптары негізсіз жоғары болып тұр. Екіншіден, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңнаманы қабылдау мәселесі шешілмеген. Бұл құжат төлем қабілеті төмен отбасыларға несиеден қорғалуға, баспанасы мен әлеуметтік кепілдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, отырыс соңында бірқатар Мәжіліс депутаты мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Н.Жұмаділдаева, Қ.Ержан, К.Абсатиров, Т.Сыздықов, А.Жамалов, М. Пішембаев, Ш. Нурумов, Е.Никитинская, Д.Мыңбай, А.Нұркина, Н.Әшімбетов.