Аймақтар • 01 Қазан, 2020

Бердібек Сапарбаев ардагерлерді қарттар күнімен құттықтады

501 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1 қазан – қарттар күні Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ардагерлерге құрмет көрсетілді. Мерекеге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, түрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, облыстың және қаланың Құрметті азаматтары шақырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бердібек Сапарбаев ардагерлерді қарттар күнімен құттықтады

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды мерекемен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, көтеріңкі көңіл, ұзақ өмір тіледі.

- Сіздер тірі шежіресіздер және біз үшін даналықтың қайнар көзісіздер! Қарттар күні – бұл ардагерлерді қамқорлықпен және мейірімге бөлеудің тамаша сәті. Біз сіздердің әрбіріңіздің қажырлы еңбектеріңіз бен жетістіктеріңізді үлгі тұтамыз. Жаңа ұрпақтың бейбітшілікте бақытты өмір сүруі жолында аянбай барын салған ардагерлердің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Сіздердің облыс экономикасын дамытуға қосқан үлестеріңіз орасан зор. Сіздердің көпшілігіңіз жауапты басшылық қызметтерде еңбек етіп, жас мамандарға тәлімгер бола білдіңіздер, - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев зейнет демалысына шыққан ардагерлердің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға өз үлестерін қосып жүргенін атап өтті. Олар өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісе отырып, жастарды дұрыс жолға бағыттап келеді.

- Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасы мен демократиялық негізі дамып келе жатқан қуатты мемлекетке айналды. Бұл үшін біз аға буын алдында қарыздармыз. Мен үнемі айтып келемін, жастар өздеріне өмір сыйлаған, тәрбие мен білім берген үлкендерді ұмытпауы тиіс. Қарт адамдарға құрмет пен қамқорлық тек осындай мереке күндері ғана емес, үнемі көрсетілуі керек, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Мемлекет ардагерлерге әрдайым қамқорлық танытып, олардың ештеңеге мұқтаж болмауы үшін тиісті жағдай жасап отырғандығын да баса айтты.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында күтілетін өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу үшін денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бүгінде біздің облысымызда 100 жастан асқан 20 ардагер және 90 жастан асқан 1085 зейнеткер тұрады, - деп Бердібек Сапарбаев нақты деректермен бөлісті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлерге салауатты өмір салтын насихаттау және өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі орасан зор жұмыстары үшін алғыс айтты.

Әңгіме барысында бастан кешкен қиындықтар, әскери ерліктер, жетістіктер, рухани құндылықтар туралы айтылды. Ардагерлер жылы лебіздерін білдіріп, сүйікті әндерін шырқады.

Ардагерлер облыс басшылығына ілтипаты мен оларға деген құрметі үшін ризашылықтарын білдірді.  

- Ұзақ жылдар бойы өңірдің игілігі жолында еңбек еткен қарияларға көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі мерекеге орай кездесу ұйымдастырып, еркін әңгіме құрып, өткенімізді еске түсіріп, бір серпіліп қалуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет, - деді журналистика ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Баттал Жаңабайұлы.

Кездесуге қатысушылар түрлі мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Олар облыс орталығы адам танымастай өзгергенін тілгет тиек етіп, көне Тараз туристерд үшін тартымды орталыққа айналатындығына сенім білдірді.

Сондай-ақ жиналғандар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді жеткізді. Облыс әкімі барлығын мұқият тыңдап,  оларды шешуге уәде берді.

Сондай-ақ бұл күні Бердібек Сапарбаев Ардагерлер үйіне ат басын бұрып, ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысты.