Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған негізгі ойлар мен Президент Қ.К.Тоқаевтың «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында: «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керектігін» мақсат еткен ғылыми жиынға Түркия, Өзбекстан, Татарстан мен Қазақстанның Жошы ұлысын зерттеп жүрген тілшілері, тарихшылар, әдебиеттанушылар, дінтанушылар, ЖОО ұстаздары, докторанттары мен магистранттары қатысты.
Ғылыми жиын қатысушылары Алтын Орда тұсында жазылған әдеби жәдігерлер мен рухани мұралардың бүгінгі түркі халықтарының руханиятындағы орны, қолжазбалардың хал-жағдайы, олардың зерттелуі мен алда атқарылар мәселелер, әсіресе түркі елдерінің интеграциясы жолында ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінің соның ішінде Алтын Орда жазба жәдігерлерінің маңыздылығына назар аударды.
Іс-шара барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы К.Матыжанов Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар аясында ұйымдастырылған конференцияны өткізу тарихымыздың тереңде жатқандығын насихаттауға, Алтын Орда мен көне түркілер арасындағы сабақтастықты зерттеуге, Алтын Ордадан бастау алған қазақ хандығының тарихын жас ұрпаққа үйретуге жол ашуға түрткі болатындығымен байланысты деп атап өтті.
Осы жиында сөз алған Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Насимхан Рахмонов «Алтын Орда әдеби кеңістігінің өзіне тән ерекшеліктері» баяндамасында Алтын Орда дәуірінде дүниеге келген жазба жәдігерлердің жанрлық ерекшеліктері, генезисі, идея-мазмұнына кеңірек тоқталып, бүгінгі әдебиеттің даму барысымен салыстырып өтсе, Ыстанбұл университетінің профессоры, доктор Абид Назар Махдум «Алтын Орда дәуіріндегі түрік әдебиетіндегі діни және сопылық ұғымның негіздеріне, қолданылуына және кейінгі дәуірлерге әсерін шолу» еңбегінде Алтын Орда тұсында жазылған діни-танымдық, діни-дидактикалық және діни-сопылық әдебиеттің бастаулары мен кейінгі дәуірлердегі әдеби шығармаларға әсері туралы кеңірек тоқталды.
А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек Алтын Орданың мемлекеттік құрылымына Ясауи ілімінің әсері, сол тұстағы діни-әлеуметтік мәселелер туралы «Ясауи жолының Алтын Орданың мемлекеттік жүйесіне ықпалы» баяндамасында арқау етсе, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ежелгі дәуір әдебиеті және түркология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр Алтын Орда тұсында жазылған әдеби жәдігерлерді зерттеудегі негізгі мәселелерге тоқталып, алдағы атқарылар мәселелер мен сол заманда жазылған мәдени ескерткіштерді ұлттық құндылықтар негізінде зерделеудің маңыздылығын атап өтті.
Татарстан Республикасы Ғылым академиясының Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының жоғары ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Азат Ахунов Құтбтың «Хұсрау-Шырын» поэмасындағы тарихи және әдеби синтез: Әт-Табаридің «Пайғамбарлар мен патшалар тарихы» контексі негізінде» баяндамасы арқылы Алтын Орда тұсында жазылған Құтбтың «Хұсрау-Шырын» дастанының жазылу тарихына үңіліп, ондағы сюжеттер мен образдардың қалыптасуындағы Әт-Табаридің «Пайғамбарлар мен патшалар тарихы» еңбегінің әсеріне, Алтын Орда ханы Жәнібек пен ақын Құтб арасындағы байланыстарға ерекше назар аударды. Ал Анкара университетінің профессоры, доктор Абдулла Гундоғдының «Жошы ұлысының түркі әлеміндегі ортақ мұрасына шолу» баяндамасы Алтын Орда мемлекетінің бір кездері алып империя болғандығын, көршілес елдермен сауда-саттық, экономикалық және саяси-дипломатиялық қарым-қатынас орнатқандығы, Осман империясының тарих сахнасына шығуындағы Жошы ұлысының рөлі турасында өрбіді.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Алымжан Хамраев «Рабғұзи және қазақы мифтік сана» баяндамасында Алтын Орда тұсында жазылған Бурһануддин Рабғұзидің «Қиссасул-әнбия» еңбегіндегі аңыз-әпсаналар, хикая-дастандарға тоқталды. Бүгінгі қазақ мифтерінің Рабғұзидің шығармасындағы көрінісі, түркілік наным-сенімдер хақында сөз қозғаса, Нұр-Мүбәрак Ислам мәдениеті университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шәмшидин Керім «Алтын Орда және Ислам» тақырыбындағы баяндамасына ХІІІ-ХV ғасырлардағы ислами құндылықтарға тоқталып, Берке ханның Исламды қабылдап, Алтын Ордада мемлекеттік дін ретінде жариялағанын, содан дәстүрлі Исламның негіздері қалыптасқандығын арқау етті.
Ал Алтын Орда жәдігерлерінің зерттелу тарихы, сол дәуірдің жазба мұраларын зерттеуде қазақ ғалымдарының қосқан үлесі және бүгінгі жас ғалымдардың осы саладағы орны туралы SILKWAY Халықаралық университеті Түркология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сейсенбай Құдасов «Алтын Орда жазба ескерткіштерінің Қазақстанда зерттелуі» баяндамасында атап өтті. Оның сөзін жалғаған Абай атындағы ҚазҰПУ Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының доценті Ерғали Есбосынов «Ахмет Жафероғлу – мәмлүк-қыпшақ жазба ескерткіштерінің зерттеушісі» баяндамасында қыпшақ тіліндегі жазба жәдігерлерді зерттеудегі Ахмет Жафероғлұның тәжірибесін алға тартып, бүгінгі докторанттар мен магистранттарға ғылыми тақырып беруде Алтын Орда тұсындағы ескерткіштерге назар аударуды, соның нәтижесінде болашақ түркітанушыларды қалыптастыру жағына назар аударса, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева ХІV-XV ғасырлардағы Алтын Орданың ру-тайпалық құрамының ерекшеліктеріне тоқталды. Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының меңгерушісі Ақжігіт Әлібекұлы Алтын Орда мен Мысыр арасындағы мәдени-әдеби байланыстар жайында сөз қозғады.
Келелі ойлар мен терең зерттеулерді арқау еткен жиында ғалымдар бұл жұмыстардың әлі де көптеген басқосуларға арқау болатындығын назарға алды. Осы орайда «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан бірнеше жобаның қолға алынғандығын айта кеткен абзал. «Ұлы дала жауһарлары» сериясымен биыл жарық көретін «Ежелгі дәуір әдебиетінің» 2-3-томдары қарахандықтар мен Алтын Орда тұсында жазылған жазба жәдігерлерге арналатын болса, Алтын Орда ескерткіштерін зерттеу бойынша шетел ғалымдарымен бірлескен жобалар да дайындық үстінде. Онлайн-конференцияда алдағы жобаларды жоспарлау, ғылыми негіздеу жағы да пысықталды.