Қоғам • 02 Қазан, 2020

Өндірістік жарақаттану азаймай тұр

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Қарағанды облысындағы бірқатар өндірістік жарақаттану қаупі жоғары өнеркәсіп нысанында болып, оны төмендету бойынша аймақтың жұмыс берушілерімен кеңес өткізді.

Өндірістік жарақаттану азаймай тұр

 

Шараға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, Қарағанды облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіп­сіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Байкен Жұмабаев, Қарағанды облысы өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық да­му басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов, облыстың өнеркәсіптік кәсіп­орын­дарының басшылары, әлеу­меттік серіктестер және тағы басқа тараптар қатысты.

Кездесуге қатысушылар өнді­ріс­тегі жарақат алу оқиға­ларын, олардың себептері мен жағ­дайларын талқылады. Т.Оспан­құлов Қазақстандағы өндірістік жарақаттану бойынша ағымдағы ахуалдан хабардар етті.

«Жазатайым оқиғалар мен­ кә­сіби сырқаттар тек қа­на адам тағдырына зардап кел­ті­ріп қой­май, экономикаға да айтар­лықтай зиян әкеледі. Халықаралық еңбек ұйымының мағлұматынша, осы келеңсіздіктер себебінен жыл сайын әлемдік экономика жалпы ішкі өнімнің 4%-дан астамынан айырылады. Өкінішке қарай, мұндай шығындар Қазақстанда да бар. Республика ұйымдарында жылына 1,3 мыңнан астам бақыт­сыз жағдай болып, олардың салдарынан 200-ден астам адам көз жұмады», деді ол.

Бас еңбек инспекторының айтуынша, еліміздің 2,5 мыңнан астам ірі кәсіпорны халықаралық және ұлттық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізген, оның 149-ы Қара­ғанды облысына тиесілі.

Сонымен қатар жұмыс орын­да­рындағы еңбек жағдайының нақты ахуалын бағалау және биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша еңбекті қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу үшін 548 өндіріс­тік нысан аттестациядан өтті.

«2015 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде еңбекті қорғау саласын­дағы қабылданған ке­шен­ді шаралардың нәтиже­сінде кәсіпорындардағы жарақат 17%-ға төмендеді. Алайда осы жыл­дың 8 айында ел кәсіп­орын­да­рында 912 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 7,5%-ға көп», деді Т.Оспанқұлов.

Зардап шеккендер санының өсуі, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төраға­сы орынбасарының айтуынша, Қарағанды (122 адамнан 159 адамға дейін), Қостанай (64 адамнан 86 адамға дейін), Түркістан (27 адамнан 64 адамға дейін),Солтүстік Қазақстан (20 адамнан 29 адамға дейін) облыстарында байқалады. 8 ай ішінде жүргізілген тексерулер нәтижесінде, республиканың кәсіпорындарында анықталған барлық бұзушылықтардың 30%-ы, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау саласындағы заң­бұзу­шылықтар екені байқал­ды. Т.Оспанқұловтың сөзін­ше, қауіпсіз еңбек жағ­дайын қам­тамасыз етпеу, жұмыс­шылар­дың еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытылмауы және еңбек қауіпсіздігіне жауапты қызметтің немесе адамның болмауы сияқты жиі кездесетін заңбұзушылықтар жұмыс берушілердің де, зардап шеккен жұмысшылардың өздері де қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға салғырт қарайтынын көр­сетеді.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төра­ғасы Е.Нұрғалиев жиынды қо­ры­тындылай келе, жағдайды жақ­сарту үшін облыстың кәсіп­орын­дарында еңбекті қорғауды басқару жүйесін белсенді енгі­зу, қауіпсіз еңбек жағдайын қам­­та­масыз ету үшін тапсырыс беру­шіден мердігерге дейін тіке бақы­лауды күшейту қажеттігі атап өтті. Сонымен бірге ол ең­бек қауіп­сіздігі және оны қор­ғау жөнін­дегі өндірістік кеңестер құру және «Халықтық бақылау» жо­ба­сын іске асыру керектігін нұсқады.

Е.Нұрғалиев жұмыс беру­шілерге Қарағанды облысы бо­йынша еңбек инспекция­сы басқармасымен бірлесіп, 2019-2023 жылдарға арналған өндіріс­тік жарақаттар мен зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарын қыс­қарту бойынша Жол картасын іске асыру жұмыстарын күшей­туді, өндірісте жазатайым оқиғалар болған әрбір кәсіпорында еңбек жағдайын жақ­сарту және өндірістік жара­қаттану деректерін азайту жөнін­дегі іс-шаралар жоспарын әзір­леп, бекітуді және де барлық өнді­рістік кәсіпорындарда кәсі­би тәуекелді бағалау және оны төмендету шараларын қабыл­дауды тапсырды.

«Жұмыс берушілер мен жұ­мыс­шылар жол беретін заң­бұ­зушылықтарды азайтуға ба­ғыт­тал­ған маңызды қадам – қыз­мет­керлерді еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселелеріне, ең­бектің қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне үйрету бойынша іс-қимылды күшейту болып табылады», деп атап өтті спикер.

Е.Нұрғалиев бұдан бөлек Ха­лықаралық әлеумет­тік қамсыз­дандыру қауымдасты­ғының «VizionZero» бағдарламасына (нөлдік жарақаттану) кәсіпорын­дарды қосу бойынша ақпараттық науқанды жалғастырудың маңыз­дылығын атап өтті.

Кеңес қатысушылары басшы­лық және жұмысшылар тарапымен өндірістік жарақаттану мәселелері бойынша «Арселор­Миттал Теміртау» АҚ, «Каз­центр­­электропровод» ЖШС­ және «Maker» (Maker) КЛМЗ» ЖШС сияқты өнеркәсіп нысан­дарын аралап, жазатайым оқиғаларды талқыға салды.

Жұмыс орындарындағы оқыс оқиғалар егжей-тегжейлі талқы­ланып, тиісті ахуал сарапқа салынатын осы іспетті мәжілістерді өндірістік жарақат жоғары болып тұрған тағы үш аймақта – Қос­танай және Түркістан облыс­та­рын­да өткізу жоспарланып отыр.

 

Қарағанды облысы