Қоғам • 02 Қазан, 2020

Шетел азаматы қазақтың мүддесі үшін еңбек ете ме?

903 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Прези­дент Қа­сым-Жомарт Тоқаев­тың Жол­дауындағы «Мемлекет­тік қызметшінің немесе квази­мемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағ­дайда олар қызметінен босатылады» дегенін оқыған соң, бірқатар азаматтың есімі еріксіз еске түсті. Азамат­тар деймін, қай елдің азаматтары?

Шетел азаматы қазақтың мүддесі үшін еңбек ете ме?

«Жел тұрмаса шөптің басы біз­дің жақта қимылдамайды». 2017 жылы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк Ресейдің азаматы екен деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескен.

Сайттардың бірінде жария­ланған мақалада «1998 жылдың 12 тамызында Головатюк Владимир Михайлович есімді азамат Ресей Феде­рациясының «Азаматтық туралы» заңының 3-бабының негі­з­інде Астанадағы Ресей елші­лігінің консулдығында Ресей аза­мат­тығын алады. Тиісінше, төл­құжат рәсімдемеген, тек өзге елдің азаматтығын алған. Сөйте тұра Қазақстан азаматтығынан бас тарт­паған» деп жазылған. 

Мақала шықты. Ұлардай шулады ел. Сонымен қош, ешкімнің мұр­тын балта шаппады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ал В.Головатюк әлі күнге дейін об­лыс­тық мәслихаттың хатшысы. Демек, Ресей азаматы облыстың билігіне араласып отыр. Әлде мәслихат жұмысының мемлекет­ке, мемлекеттік қызметке қаты­сы жоқ па еді? Кім біледі, Влади­мир Михайлович кейін Ресей азамат­тығынан бас тартқан да шығар. Бас тартып, Қазақ елі үшін жанын беріп еңбек етіп жүрсе игі ғой...

Биыл да «Жергілікті жердегі бас­па­сөз билігі кімдердің қолын­да?», «Шетелдік азамат Шығыс Қазақстан облысын қолында ұстап келеді» деген мақалалар желіні шулатты. Мақала шыққанымен, ресми өкілдер халыққа ләм-мим деп ауыз ашпады. Кімнің кім екенін ашып айту керек еді.

«Жергілікті жердегі баспасөз билігі кімдердің қолында?» атты мақа­лада «Қазақтан басқа ұлт өкілдері, әсіресе орыстар жиі қоныс­танған, Ресеймен шекаралас Шығыс Қазақстан облысының идеологиялық және ішкі саясат мәселесіне Игорь Завгородний деген шетелдік азамат (бір деректер бойынша Украинадан келген) «көзге көрінбей» жетекшілік етуде» деп жазған.

Мақала авторы Украинадан кел­ген деп жақшаға алыпты. Ал­ Завгороднийдің қолымыз­да­ бар төлқұжатының көшірме­сі­не үңілсек, «УКРАІНА, М.ДНІПРОПЕТРОВСЬК» деп көр­сетіл­ген. Ал керек болса, Украина азаматы Шығыстың, ұлттың идеологиясына араласып отыр. Қызметін «жасырын» атқаратындықтан, дәл қазіргі уақытта оның аттан түскен-түспегенін дөп басып айту қиын.

Қалай дегенмен, мемлекеттің ішкі саясатына, идеологиясына жат елдің азаматын араластыру ақылға қонбайды. Түптеп келгенде қазақтың тіліне, діліне, дініне қазақтың ғана жаны ашиды. Шетелдің азаматы ше, қазақ халқының мүддесі үшін еңбек етеді дейсіз бе?

 

Шығыс Қазақстан облысы