Абай • 05 Қазан, 2020

Ақын эстетикасындағы имани гүл

834 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абайдың поэзиясына, көркем әлеміне үңілген са­йын, жаның тебіреніп, сезім көкжиегің кеңейіп, бар болмысың сөзбен айтып жеткізе алмайтындай ләззат алады. Бар сұлулықты, эстетикалық көркемдікті бойына жинаған Абайдың өлең жолдары кімді де болса, рухани биікке, іңкәрлікке тәрбиелейді.

Ақын эстетикасындағы имани гүл

Сұлулыққа құштар, әсемдікке құмар ақын жүрегі биік эстетикалық талғам, асқақтық, үйлесімділік негіздеріне жүгінеді. Өзін қоршаған сан алуан адамдардың бойынан сол ізгі қасиеттерді іздеумен болады. Абай жанының айнасындай болған оның көркем шығармаларының бірде ашына, бірде таңырқай, бірде тамсана тіл қатуы да сондықтан. Заманның қайшылығына, әділетсіздігіне шыдамаған Абайдың абсолютті шындықты, идеалды арман етуі де соның нәтижесі болып табылады. Ақынның өмір сүру шарты – таным мен сенімге, сезім мен парасатқа қатар құрылатындықтан, Абай да күнделікті тіршіліктен жоғары тұратын пәлсапалы мәселелерді, биік ұғымдарды тақырып етеді.

Ұлы философ ақынның ой өрісінің биіктігі, асқақтығы, дүниетаным кеңдігі, парасат заңғарлығы әр тұжырымды растап қана қоймай, оған өзіндік қолтаңбасымен образды көркемдік сыйлаған.

  ...Жүректің ақыл суаты

 Махаббат қылса тәңірі үшін...

Абайдың эстетикалық талғамы өте жоғары, оны әсіресе адамның асыл қасиеттерін саралайтын өлең жол­дарынан, қарасөздерінен анықтап байқауға болады. Өйт­кені ақынның эстетикалық жеке басының қағи­дат­тары бүкіл адамзаттың шартты қасиеттерін тұжырым­дайды.

Абай жаратылысы мен оның мінез-құлқы арасындағы сабақтасқан тұтастықты жүргізуді мақсат еткендей, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлең жолы биік эстетикалық-моральдық қағидаттардың жиынтығын құрап тұрған жоқ па?! Бар айтылып та, жырланып та жүрген биік эстетикалық категориялардың желісі осы жолға сыйып кеткендей, бүкіл адамгершіліктің, қайырымдылықтың, ізгіліктің, рақымдылықтың, кішіпейілділіктің негізі осында шоғырланғандай.

Соған дәлел ретінде Абай келесі өлең жолдарында былай дейді:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл...

Бұл үш сүюді М.Әуезов «адамгершілік турасындағы үгіті», «мораль философиясы» деп бағалайды. Сол сияқты М.Мырзахметов «Абай және Шығыс» деген еңбегінің «Абай танымындағы үш сүю» деп берілген бөлімінде бұл үш сүюге төмендегідей анықтама береді: «...жаратушысын жаралған пендесінің махаббатпен сүюі керек дейтін мағынасындағы бірінші сүюді көреміз. Екінші сүю немесе ақын шығармаларында бастан-аяқ үзіліссіз таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ат қойып, айдар тағуында жатыр. Абайдың «Және Хақ жолы осы деп әділетті» – деген Отыз сегізінші сөзіндегі нақылия, ғақылия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғадаләт ұғымына іліктесетін үшінші сүюді көреміз. Ал Ғ.Есімов «Хакім Абай» еңбегінде «имани гүлді», яғни «үш сүюді» былай таратады: «Ақынның айтып отырған бірінші сүюі: «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті». Яғни әңгіме Алла тағаланы сүю туралы. Екіншіден: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Мәселе бүкіл адам баласын дініне, тіліне, түр-түсіне қарамай сүю керек, үшіншіден: Алланы, адамзатты сүю дәстүрін хақ жолы, әділеттілік деп, әділеттілікті сүю дейді».

Біздің пайымдауымызша, Абай айтып отырған «имани гүл» мәселесіне қатысты ұстанымымыз өзгешелеу. «Абай танымындағы имани гүлдің үш сүюі» деп, ақынның атеистік көзқарастан аулақ тәрбиеленгенін, керісінше оның исламның діни-танымдық пәлсапасына қанып өскендігін ескере отырып, төмендегідей анықтама берер едік: бірінші сүю «Махаббатпен жаратқан адамзатты – Аллаға тән», деп танимыз, махаббаттың синонимі сүйіспеншілік, осы ретте өлеңнің екінші жолындағы «сен де сүй» деп осы сүю әрекетінің сізге дейін де жасалғанын меңзеп отыр, сонан соң «...жаратушысын жаралған пендесінің махаббатпен сүюі» дейтін мағынасындағы екінші сүюді көреміз. Үшінші сүю немесе ақын шығар­маларында бастан-аяқ үзіліссіз таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» «адамды сүю» дейтін ислам идеологиясынан, философиясынан алынған концепциясын аңғарамыз. Абайдың «Және Хақ жолы осы деп әділетті» – деуі «үш имани гүлге» қатысты «үш сүюді» де қамтиды деп танимыз.

Сондықтан Абайдың эстетикалық қабылдауының ең биік көрсеткіші – эстетикалық идеал. Барша жақсылық арқылы ақын өз жанының, ішкі сана мен сезім түйсігінің сұрыптауынан өткен бүкіл эстетикалық категориялардың шоғырланған шыңын байқататын бейнені сұрыптады.

 

Қыдырбек ӘЛҚОЖАЕВ,

Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент