Саясат • 05 Қазан, 2020

Дәрігерлерге жәрдемақы мен өтемақы неге уақтылы төленбеді?

207 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжілісте Палата Спи­кері, Nur Otan партия­сы парламенттік фрак­ция­сының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төр­ағалығымен корона­ви­рустық инфекция салдарынан зардап шеккен және қайтыс болған медицина қыз­меткерлеріне жәрдемақы мен өтемақы төлеу мәселелеріне арнал­ған фрак­цияның кеңей­тілген отырысы өтті.

Дәрігерлерге жәрдемақы мен өтемақы неге уақтылы төленбеді?

Жиынға мемлекеттік ор­ган­дардың басшыларымен қатар коронавирус індетіне шал­дық­қан медицина қызметкерлері, үкі­меттік емес және қоғамдық ұйым­дардың өкілдері шақырылды.

Аталған мәселенің маңыз­ды­лығын атап өткен Мәжіліс Спикері, Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұр­лан Нығматулин ағымдағы жылдың 22 қыр­күйегіндегі жағдай бойынша аталған індетке шалдыққан дәрігерлердің жалпы санының 14%-дан астамына ғана, сонымен бірге  қайтыс болған медицина қызметкерлері отбасыларының 13%-ға жетер-жетпесіне ғана төлем жүргізілгенін айтты.

Нұрлан Нығматулиннің ай­туынша, мұн­дай жағдай ден­сау­лық сақтау жүйесі қыз­мет­керлерінің наразылығын тудырып, Мемлекет басшысына және Парламент депутаттарына жүгінуге мәжбүр етеді.

– Коронавирустық пандемия кезінде, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың шешімдері өте жедел де кәсіби болуы тиіс. Бұған пар­тия­мыздың Көшбасшысы-Елбасы және Мем­лекет басшысы ерекше назар аударады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен қатар Н.Нығма­ту­лин­нің айтуынша, індетке шал­дыққан медицина қыз­мет­керлері мен қайтыс болғандардың от­басы­ларының төлемақысына қатысты, анықтап айт­қанда, төленбеу жағдайы құзырлы ми­­нис­тр­ліктердің әлеуметтік бөлімдері ара­сында өзара іс-қи­мылдың жоқтығы мен ойлас­ты­­рылмаған қадамдарының нәти­жесі. Енді қазір пандемия кезінде медицина қыз­мет­­кер­лерін қолдау туралы Президенттің тап­­­сыр­маларын орындау үшін барлық жібе­ріл­ген олқылықтардың орнын толтыру ма­ңыз­ды. 

Денсаулық сақтау министрлігі жария­лаған ақпаратты Нұрлан Нығматулин сандарды сапыру деп бағалады. Мәселен, атал­ған министрлік  ұсынған ақпаратына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 4 064 өтініш берілген. Со­нымен қатар кәсіби қызметін атқару ке­зінде 8 333 дәрігер, барлығы 12 830 медицина қызметкері ко­ронавирус инфекциясына шал­дыққан.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цойға жоғарыда атал­ған 4 064 өтініштің өзі фракция отырысы болатыны бел­гілі бол­ғаннан кейін ғана жаса­лын­ғанын айтып:

– Егер өткен 6 ай ішінде 2 475 өтінім берілсе, соңғы санаулы күндер ішінде 1 589 өтінім берілген. Яғни берілгендер өті­нім­дер саны 1,6 есеге артып, ал өтемақы төленген адамдар саны 2 есеге дейін өскен. Алты ай бойында барлығы 1 830 дертке шал­дық­қан дәрігер өтемақыға ие болса, ал соңғы біраз күнде 1665 дәрігерге төлемақы беріп үлгерген. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына өтемақы төлеу бойынша да жағдай осындай, – деді Нұрлан Нығматулин. 

Коронавирустық инфекциядан зардап шеккен және қайтыс болған медицина қыз­мет­керлерінің көпшілігі аймақтық ко­миссиялардан растау ала алмаған. 

Нұрлан Нығматулиннің пікі­рін­ше, жәр­демақы мен өтема­қыны беру рәсімінің шамадан тыс бюрократтандырылуы да мәселенің оң шешімін табуына кедергі келтіріп отыр. Атап айт­сақ, оны алу үшін ауырғандар мен қайтыс болғандар жақын­дарының өтініміне 5 жыл бұрын бекітілген инфекциялық ауру­лар ошағын эпидемиялық зерт­теу кар­тасы қоса берілуі тиіс. Ондағы талаптар ко­ронави­рус­тық инфекцияның нақты белгі­лерін көрсетпейді, ал оны егжей-тегжейлі анықтау және сипаттау төлем мерзімдерін одан әрі кешіктіреді. Бұл Ден­сау­лық сақтау, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­ліктерінің бір жолғы төлем тәр­тібін анықтау бойынша 9 сә­уірдегі бірлескен бұйрығына негіз болып отыр.

– Сіз қазіргі жағдай талаптарына мүлдем жауап бере алмайтын 2015 жылғы бұйрықты ойланбастан көшіру арқылы жағдайды қиындатып отырғаныңызды түсінесіз бе? Осының салдары­нан жергілікті жерлердегі өңірлік комиссиялар тиімді жұмыс істей алмайды. Өйткені, оларға көптеген құжаттарды қарау қажет. Адамдар ауырып, оның үстіне әлі де қалпына келе алмай жатып, 43 қосымша жинауы керек. Осы рәсімді жеңілдетуге болатын еді ғой. Мұны ертерек жасауға не кедергі болды? Демек, немқұрайлы қарағансыздар, – деді Нұрлан Нығматулин.

Төлем жағдайына қатысты жіберілген қателіктердің тағы бір себебі, төтенше жағ­дай кезеңі аяқталғаннан кейін қажетті бұй­рық­тың болмауы. Бұйрықтың тиісті жаңар­тылуы тек 22 шіл­деде болған.

– Тек осы жерде, Мәжіліс қабырғасында, соңғы 2 күнде тынымсыз жұмыстың нәти­жесінде ғана сіздер дұрыс тетіктерді ой­лас­­тыра бастадыңыз, – деді Мә­жіліс Спикері.

Талқылау барысында, Нұр­лан Нығма­ту­лин аймақтық ко­миссия жұмысын ұйым­дас­ты­руға назар аудара келіп, оған Ведом­ствоаралық комиссия тарапынан қажетті бақылаудың болмағандығын баса айтты. 

– Ведомствоаралық комиссия, Үкімет тарапынан бақы­лаудың болмауы аймақтық комис­сиялар жұмысы бойынша жалпы өтемақы төлеу бойынша осындай өкінішті жағдайға алып келді, – деді Мәжіліс Төрағасы Ералы Тоғжановқа.

Сондай-ақ комиссияларды құру кезінде де немқұрайлылық байқалғаны айтылды. Мысалы, еліміздің 17 аймағы бойынша жиыны 5-ақ тиісті комиссия құрылған. Ал талап бойынша, негізі сәуір, мамыр айларында тағы – 4, маусым айында – 5 комиссия құрылу керек болатын.

Ал коронавирустық инфекция мен ви­рустық пневмонияның өршіп тұрған Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тамыз айында ғана қолға алынған.

Нұрлан Нығматулин:

– Осындай маңызды мәсе­лелерді шешуге тікелей қатысы бар – вице-премьерден бастап ми­нистрліктің әр қызметкері – әрбір санның артында қиын жағдайда жұмыс істеген, ал кейбірі жақындарынан айрылған адамдар тұрғанын түсінуге тиіс. Енді олар өздеріне тиісті ақшаны алу үшін табалдырық тоздырып, көптеген қағаз толтырады. Бұл тіпті қарапайым адами көзқараспен қарағанның өзінде дұрыс қадам емес, – деді.  

Жиында төлем алуға өтініш беру тәжіри­бесі­мен Нұр-Сұлтан қалалық бірінші аурухананың дәрі­гері Мұхит Туланов бөліс­ті. Дәрігердің құжаттарын комиссия қа­был­дамаған. Себебі, оның еңбекке жарамсыздық парағы жоқ.

– Дәрігерлер мүлдем жетіс­пей, жүктеме өте үлкен болды. Біз ол кезде еңбекке жарамсыздық парағы туралы, яғни 2 миллион теңге туралы ойлауға да шамамыз жетпеді. Біз ар-намыс, мемлекет, өз отбасымыз туралы ойладық. Осы ретте, әділдікке қол жеткізуге бола ма? – деді М.Туланов Денсаулық сақтау министріне.

Алексей Цой әрбір жағдай мұқият қара­лып, мәселелер оң шешімін табатынын жеткізді. 

– Біз коронавирустың екінші толқынына дайынбыз. Мен әріптестерімнің атынан өзіміз­дің тікелей міндеттерімізді адал атқа­раты­ны­мызды айтқым келе­ді. Дегенмен, біз төлем­ақыларды уәде етілген және уақы­тын­да алатынымызға сенімді болғы­мыз келеді, – деді өзі ауырып, жәр­демақыны ресім­деуде қиын­дыққа тап болған Екібастұз қа­ласының жедел жәрдем фельд­шері Жанар Маликова.

Депутаттар мен Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі, Ведом­ствоаралық комиссия бас­шы­ларының бірлескен жұмысының нәтижесінде және сындарды талқылау барысында жақын арада төлемақы ахуалын жақсартуға қолдау болатын бірқатар тетіктер әзірленді.  

– Бүгінде біз көптеген мәсе­лені шешуде айтарлықтай ілге­рі­леушілік бар екенін байқадық. Біз Парламентте әрбір цифр, әрбір құжат тегі бойынша талданғанын көріп отырмыз. Бұл өте маңызды, себебі бұл серіктестік тәсіл. Қоғам бұл қолдауды қажет етеді, – деді «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов.

Аталған кемшіліктерді түзету үшін Мә­жіліс депутаттары – Nur Otan фракциясының мүшелері 30 күн уақыт берді.

– Бүгін біз көптеген мәселені талқылап, бір ай көлемінде оларды шешуге тырысатын боламыз, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығ­матулин депутаттық корпус әрдайым бірлес­кен жұмысқа дайын екенін жеткізді.