Технология • 07 Қазан, 2020

Дәрі өндірісі дамып келеді

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күні кешегі карантиннің кезінде Қарағанды облы­сының халқы да дәрі-дәрмек жетіспеушілігінің қиындығын көп тартқаны белгілі. «Аузы күйген үр­леп ішеді» демекші, енді өңірде медициналық препараттарды өндіруге баса назар аударылып отыр.

Дәрі өндірісі дамып келеді

Жалпы, облыстық өнер­кәсіп және индустриялық-ин­новациялық даму бас­қар­­ма­сының басшысы Ғалым­жан Жұмасұлтановтың мәлім­деуін­ше, өңірдегі өңдеу өнер­кәсібінің 1%-ын осы фармацевтика саласы құрайды екен.

Қазіргі таңда облыста ал­ты бірдей фармацевтикалық кәсіп­орын жұмыс істеп тұр. Мұндағы өндірістің 90%-ын Қарағанды фармацевтикалық кешені, «Фармация 2010» ЖШС және Қара­ғанды фармацевтикалық зауыты сынды үш кәсіпорын құ­райды.

Негізінде, өңір үшін өте ма­ңызды және әлеуетті сала са­на­­тындағы фармацевтикалық өндіріс тұрақты түрде дамып келеді. Нақтырақ айтсақ, кейін­гі сегіз айдың ішінде өн­діріс көлемі былтырғы сәйкес кезең­мен салыстырғанда 3,8 есеге өсіп, 12 млрд теңгені құраған. Яғ­ни мамандар келтірген ресми деректерге сай, Қарағанды об­лысында фармацевтика өнер­кәсібінің көлемі төрт есеге жуық­ өскен.

Облыс басшылығы фар­ма­це­втика және медици­на өнер­кәсібін дамытуды ұдайы­ назарда ұстап отыр. «Фарма­цев­тика саласының бо­лашағы зор. Жалпы фар­ма­­цевтикалық биз­неспен өте бел­сенді түрде ай­налысқан жөн. Бұл біздің тұрғындар үшін аса қа­жетті шаруа», деген болатын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Соңғы кезде фармацевтика саласын дамытуға бағытталған ин­вестициялық жобалардың қа­тары да молая түскен. Соның нәтижесінде, Қарағанды облысында онкологиялық нау­қас­тарды, қант диабетімен ауы­­ратын пациенттерді, эндо­криндік жүйе ауруларын және басқа да дертке шалдыққан тұр­ғын­дарды емдеуге арналған дәрі-дәрмек түрлері шығарыла бас­тады.

Сонымен қатар өңірде ме­ди­циналық маскалар мен ан­тисептиктер өндірісі аяғынан нық тұрды. Мысалы, өткен ка­рантин кезеңінің өзінде жер­гілікті «Мерей» компаниясы тәулігіне 20 мыңға дейін мас­ка шығарды. Ал бүгінде кәсіп­орын қуаттылығы күніне 50 мың дана өнім шығаруға же­тетін жаңа желі сатып алу­ды көздеп отыр. Мұның өзі коронавирустың екін­ші толқынына қарсы даяр­лық іс-шараларының қорғаныс шебін бекем ете түседі.

 

Қарағанды облысы