Пікір • 08 Қазан, 2020

Шикізат өндірумен шектелмеу керек

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда осыған ерекше назар аударды.

Шикізат өндірумен шектелмеу керек

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ауылдың өмірі, ахуалы бізге жақсы таныс. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды, реформаларды үнемі қадағалап отырамыз. Шыны керек, бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Соның бір парасына Мемлекет басшысы тоқталды. Атап айтқанда, тұрғындардың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің жоқтығы, кәсіби мамандардың тапшылығы секілді проблемалар аяққа тұсау болып тұр.  Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу керек.

Мемлекет басшысы балық шаруашылы­ғына ерекше мән беруге шақырды. Шынында да, шашетектен табысқа кенелуге болатын саланың бірі – осы. Алайда әлі күнге құнт­тамай келеміз. Президенттің осы жағдайға назар аударуы саланың тынысын ашады деп ойлаймын. Әйтпесе әр өңірде өзен-көл бар. Соларды тиімді пайдаланса, істің ретін тапса, берекеге кенелуге мүмкіндік мол.

Ауыл шаруашылығын дамытуда жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кооперацияның әлеуетін де – естен шығар­мауы­мыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кеше­нінде қарқынды даму болмайды. Шын мәнін­де, басы бірікпеген жеке қосалқы шаруа­шылықтар өлместің күнін көріп отыр. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де – осында. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді.

Жасыратыны жоқ, ауыл еңбеккерлері­нің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Табыстың басым бөлігін алыпсатарлар иеленіп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру керек деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту туралы айтылып келе жатқалы біршама жыл болды. Соңы сұйылып кетпесе екен дейміз. Бұл – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың бірден-бір жолы.

Кәсіби мамандардың тапшылығы, сон­дай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелер. Осы бағытқа жете көңіл бөлу керек. Әйтпесе ертең техника тізгіндейтін маман таппай қиналатын кезеңге аяқ басуымыз әбден мүмкін. Өз басым кадр тапшылығына қатысты мәселені бірнеше кәсіпкерден естідім. Сондықтан мәселені тым тереңге тамыр жаймай тұр­ғанда-ақ реттеген абзал. Меніңше, жас­тар­ды ынталандыру керек. Ауыл шаруа­шы­лығы саласында жұмыс істейтін жастарды өзгелерге үлгі-өнеге ретінде насихаттау қажет. Жалпы аңғарғаным, бізде ғана емес, әлемнің өзге елдеріндегі жастар да негізінен гуманитарлық салаға ден қояды. Сол себепті әлемдік тенденцияның бізді айналып өтпесі заңдылық, әрине. Заңдылық екен деп қарап отыруға тағы болмас.

 

Құдайберген ПІШЕМБАЕВ,

еңбек ардагері,

Май ауданының құрметті азаматы

 

Павлодар облысы