Қоғам • 08 Қазан, 2020

COVID-19: Ірі компаниялар ықтимал екінші толқынға дайын ба?

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің таралу қаупі әлі бәсеңдемегенін, коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін екенін ескертіп, сақтық шараларын барынша қатаң ұстануға шақырып отыр. Осы ретте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры COVID-19 індеті қайта күшейген жағдайда өзіне қарасты өндірістерді тоқтатуға, өндірістік персоналды қысқартуға жол бермеу бойынша дайындық жұмыстарына кірісіп кетті.

COVID-19: Ірі компаниялар ықтимал екінші толқынға дайын ба?

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының COVID-19 індетінің ықтимал екінші толқы­ны­на дайындығы туралы арнайы брифингі өтіп, қордың активтерді басқару және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев жан-жақты мәлімет берді.

– Пандемияның алғашқы кезеңінде жиналған тәжірибе көрсеткендей, қор тәуекелдер мен қиындықтарды еңсере білді. Біз негізгі көрсеткіштердің ай­тарлықтай төмендеуіне, өнді­ріс­тің тоқтап қалмауына және өндірістік персоналдың қыс­қа­руы­на жол бермедік, жалақы уа­қытында төленді, – деді А.Сатқалиев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта пандемия қайталанған жағдайда іс-шаралар жоспарын түзету бойынша жұмыс жүргізіліп, қаржыны резервтеу қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тиісті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді үздіксіз жет­кі­зу барысы пысықталған. Порт­фельдік компанияларға қарасты кәсіпорындар мен мердігерлік медициналық ұйымдардың медициналық көмек көрсету жөніндегі іс-қимылдарға дайын­ды­ғы нақтыланды.

Қордың қазіргі қабылданып жатқан шаралары өндірістік қызметті қолдау, қаржылық тұ­рақ­­тылықты қамтамасыз ету және басқарудың ең тиімді құры­лы­мын сақтау үшін қолайсыз салдарға әкелуі мүмкін маңызды бизнес-процестердің тізімін айқындауға бағытталған. Мәсе­лен, пандемияның бірінші тол­қы­ны кезінде өндіріске минималды кері әсер етіп, тиім­ді­лікті көрсеткен А, В, С жос­пар­ла­ры­ның алгоритмдері жасалған. А жос­пары алдын алу шараларын жүзеге асыруды көздейді. Ал В жоспары эпидемиялық жағдайдың нашарлауы кезінде және С жоспары компанияда немесе өндіріс орнында инфекция жағдайлары анықталған кездегі іс-шараларды бекітуге бағытталған. Сондай-ақ порт­фель­дік компаниялардың індет­тің алдын алу іс-шаралары бо­йынша жүргізген белсенді жұ­мыс­та­ры жалғасуда.

– Әрине, қор қазіргі жағ­дайды мұқият талдайды. Қызметкерлеріміздің ден­сау­лы­ғын ойлау – басты мін­де­тіміз. Біз бұл бағытта көптеген жұмыс жүргізіп жатырмыз. Пандемия тәжірибесі болашақ бизнесті цифр­ландыру ісінің, өндірістік экономиканы модер­ни­зациялаудың маңызды екенін көрсетті, – дейді А.Сатқалиев.

Басқарушы директор ықтимал екінші толқынға дайындық аясында қор қызметкерлерінің арасында Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқамаларына сәйкес COVID-19-дан қорға­ну­дың шараларын сақтау мәсе­ле­лері бойынша ақпараттық жұ­мыстары жалғасатынын хабарлады. Сондай-ақ журналис­­тер сұрағына жауап берген ол коронавирус инфекциясынан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету және қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды.

– Жолаушылар тасымалдау саласына келетін болсақ, бұл коронавирус инфекциясының таралуынан ең көп зардап шеккен сала екені сөзсіз. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жолау­шылар трафигі тоқтатылғаны белгілі. Жолаушылар тасымалы 2019 жылмен салыстырғанда 50 пайызға қысқарды. Бұл ком­па­нияның қаржылық нәти­же­леріне әсер етті. Мем­ле­кет тарапынан темір жол сала­сы­на бөлінетін жоспарлы субси­дия­ның көлемі сақталып, жағдай қалпына келді.ҚТЖ жолаушыларды тасымалдау жоспарын жыл соңына дейін 60 пайыздан асыра алмауы мүмкін. Бұл сәйкесінше компанияның қаржылық көрсеткіштеріне әсер етеді. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін біз жаңа даму жоспарын қабылдадық. Онда компаниялар өндірістік және күрделі салымдарды едәуір қысқартты. Бұл тұтастай алғанда компанияға өнді­рістік тапсырмаларды орын­дау­ға мүмкіндік береді, – деді А.Сатқалиев.

«Самұрық-Қазына» АҚ енші­лес компанияларының тұрақ­ты өндірістік көрсеткіші аса маңызды. Кез келген жағдайға байланысты қор жаңа шешім­дер­ді іздеу механизмін іске қосып, басқарушылық және өнді­ріс­тік процестерді қайта құру мен же­тіл­діруге бағытталған жобаларға баса назар аударып келеді.