Аймақтар • 09 Қазан, 2020

Заңды джиппен жаншыған

243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазы­налы өңірдегі Қарағандыдан кейінгі ірі қала – Жезқазғанды екі жылдан астам уақыт басқарған Қайрат Бегімов осы жылдың та­мыз айында Теміртау қаласының әкімі лауазымына тағайын­дал­­ған болатын. Мысты өлкеде қызмет еткенінде Бегімовтің тір­­лігінің «бетегеден биік, жусаннан аласа» болғаны рас-тұ­ғын. Яғни жұмысты жапырып та істемеді, жаман атын да шы­ғар­ма­ды...

Заңды джиппен жаншыған

 

Енді міне, Елбасының еңбек Отанына басшылық еткеніне екі айдан сәл асқанында Бегімовтің басы дауға қалды. Мәселе мынада: көзі қырағы әріптестеріміз бен блогерлер қала әкімінің қызметтік көлігі бола тұрып, жекеменшік фирманың атына жазылған да­ғарадай джиппен құдайдың құтты күні жүйткитінін байқап қалған.

Сөйтсе, Теміртаудың әкімінің мінгені кім көрінгеннің тақымына бұйыра бермейтін Toyota Land Cruiser 200 маркалы темір тұлпар екен. Ал өзіне бекітілген көліктің маркасы қарапайым ғана Chevrolet Captiva көрінеді.

Журналистер мен блогер­лер Бегімовтің сүлік қара джиппен Қарағандыдан күнде қаты­най­тынын және қаланы осы көлікпен аралайтынын әбден зерттепті. Содан, «Джип кімдікі?» деген заңды сұрақ туындаған. Бұған Теміртаудың әкімі былай деп жауап береді: «Көлік менің Қарағандыдағы достарымдікі...» Шынында да әкім өтірік айтпапты: джип Қарағандыдағы жекеменшік фирманың бірінде тіркелген екен.

Ал қала әкімінің қызметтік көлігі екі аптадан астам уақыт жөндеуде жатыпты-мыс. Тіпті қырсық шалғанда, орын­ба­са­рының автомашинасы да дәл осы уақыт аралығында сына қалған...

Қайрат Бегімовті қызметтің буына мас болып жүрген әкім деп айтуға ауыз бармайды. Жасы елуден асқан, небір сыннан өткен сақа шенеунік. Осыған қарамастан, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 50-бабының 16-тармақшасын белден басқаны қайран қалдырады.  Заңның аталған тармақшасында «...жеке тұлғалардан ақша, көрсетілетін қызметтер түрінде және өзге де нысандарда кез келген сыйақыны қабылдау» мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін тәртіптік қылық екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни жол талғамайтын көлік мінген әкім заңды сыйламайтын болып тұр ғой...

Қазіргі таңда джиппен жүйт­кігенді жақсы көретін Теміртаудың әкіміне қатысты мәселені Қара­ғанды облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент майшаммен қарап жатыр. Құзырлы орган тексерудің қорытындысын міндетті түрде жария етеміз деп отыр.

Осы жерде Бегімов мырзаның басындағы хикаяға ұқсастау оқиғаға  Қарағанды қаласының әкімі болып жүргенінде Нұрлан Әубәкіров те ұрынған болатын. Экс-әкім онлайн кездесудің бірінде қолындағы сағатын шешіп, үстелінің үстіне қояды. Ал журналистер мен блогерлер болса, шенеунік таққан сағаттың анау-мынау емес, құны бес мың АҚШ доллары тұратын қымбат бұйым екенін байқап қалған. Содан, бұл әңгіме де біраз жерге барып, Әубәкіровтің жүйкесін біршама жұқартқан болатын. Жасыратыны жоқ, кейбір дерек көздерінің айтқанына сенер болсақ, Нұрлан Әубәкіровтің әкімдіктегі сағатының тоқтауына осы қолсағат қоздатқан әңгіменің де әсері болғанға ұқсайды...

Негізінде, Әубәкіров әкім­ші­лік жазадан әупіріммен құтылып кет­кен болатын. Бүгінде ол «Са­рыарқа» ӘКК» Басқарма төрағасы қыз­метінде. Ал енді, Те­мір­таудың тегіс жерде сүрінген әкімі Бегімов тығырықтан қалай шығар екен?

 

Қарағанды облысы