Әлем • 12 Қазан, 2020

Жаһанды орман өрті кезіп жүр...

1389 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2020 жылдың біз күтпеген «жаңалыққа» толы болғанын айтпаған адам, жазбаған басылым қалмаған шығар, сірә? Жыл басында Аустралияның өртке оранғанын жазған болатынбыз. Басқа апаттарды, пандемияны есептемегенде тағы бірнеше мемлекетте орман өртеніп үлгерді. Жақында ғана АҚШ-тағы орман­дардың өртке оранғаны мәлім болды. Тіпті хабарлардан орман өртінің арнайы маусымдары да болатынын білдік. Ал сол өрттерге біздің қатысымыз жоқ па, ойланып көрдіңіз бе?

Жаһанды орман өрті кезіп жүр...

Аустралиядағы орман өртінен кейін ғалымдар зерттеу жүргізіп, оның себебі мен салдарын анықтамақ болды. Өрт басталмай жатып-ақ аймақта 2008 жылдан бері жауын азайып, құрғақшылық деңгейі артқаны туралы, сондықтан орман өртінің аумағы да, көлемі де көп болатыны алдын ала болжаныпты. Аустралиядағы өрттің көлемі үлкен болғаны соншалық, ғарыштан түсірілген фотосуреттерде де анық көрінеді. Түтін Тынық мұхитынан асып Оңтүстік Американың да ауа сапасына әсер етіпті. Тілсіз жау бүгінге дейін 30 кісінің өмірін қиып, 18,6 млн гектар аумақты шарпыған. 1 млрд-қа жуық жануар жапа шекті. Канада мен Сібірде де орман өрті туралы хабар тарады. Қуаныштысы сол, өрт адамдар мен жануарлар мекендейтін жерден алыс болған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, өрттің салдары тек Аустралиямен ға­на шектеліп қоймай, жаһандық дең­гей­де қауіп төндіріп отыр. Өрттен шық­­қан түтін Тынық мұхиты арқылы Атлант мұхитына өтіп, одан Америка құр­лы­ғының оңтүстігіне жетті. Одан әрі Үнді мұхиты арқылы Аустралияға қай­та келген. Аустралияның ғарыштан түсі­ріл­ген фотосуретінде әлі күнге дейін жал­ғасып жатқан өрт пен әлемді айналып, қайта келген түтіндер анық көрі­неді. Яғни мәселе аймақтық емес, жаһан­дық. Ал мәселенің себебі ше? Ғалым­дардың пайымдауынша, өрттің себебі де жаһандық. Аустралиядағы, Кали­форниядағы өртке сол жақтағы климат емес, тіпті Қазақстанда отырған біздің әрекеттеріміз де әсер ететін көрінеді.

Зерттеушілер өртке аптап ыстық, құрғақшылық, найзағай, жел, апаттар сынды факторлар әсер етеді дейді. Аустралия метеорология бюросы былтыр басталған өртті құрлықты қоршаған мұхиттармен байланыстырады. Әсіресе Үнді мұхитында суық су мен жылы ағыстардың қатар келуінен дейді. «Бәрі­міз білетіндей, мұхит, өзен, көл­дегі су белгілі бір процестерден кейін жаң­быр болып жерге оралады. Ал Үнді мұ­хитындағы суық су атмосфера қабаты­на өтіп, жаң­быр халінде жерге түсе алмайды. Сон­дық­тан белгілі бір маусымдарда құрғақ­шылық пайда болады. Бұл тек Ауст­ралия емес Африка құрлығының да мәселесі. Өйткені екеуінің ортасында ор­наласқан Үнді мұхитындағы суық су мен жылы су ауысып отырады. Суық су қай материктің жағалауына келсе, сол маусымда құрғақшылық болады деген сөз. Бұл 100 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе», дейді бюро мамандары.

Ал 2019 жылдың соңына қарай мұхиттағы жылы ағыс деңгейі рекордтық межеден асып, жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Ақпараттардан Аустра­лияда ормандар өртеніп жатқанын оқысақ, Үнді мұхитымен шектескен Аф­ри­када керісінше жауын күшейіп, су бас­ты. Кейбір мемлекеттер 20 жылдан бері мұндай жауынның болмағанын, 4 күнде жылдық жауын мөлшерінен 3 есе көп жаңбыр жауғанын айтып, шағым­дан­ды. Яғни түсінгеніміздей, мұхиттағы жылы және суық ағыстың ауысуы Африка мен Аустралиядағы жауын деңгейіне әсер етеді. Ғалымдар мұны «әткеншек» деп атаған. Сонымен бірге табиғаттағы бір­­қатар процесс дәл осы «әткеншек» мо­дел­і­­мен жұмыс істейтінін алға тартады.

Белгілі бір аймақтарда жауын мөл­шері артқанын естісек, «жаһан­дық жылы­ну­­дың басталғаны қайда?» деп ойлап қа­ла­тынымыз бар. Бұл – аймақ­тық дең­гей­де ойлану. Табиғи процестерге тек өзіміз өмір сүріп жатқан аймақтың жағ­дайына қарап баға беріп, белгілі бір тұ­жы­рымдамаларды жоққа шығару мүм­кін емес. Өйткені табиғатта барлығы әткен­шектегідей ауысып отырады. Яғни сіз тұрып жатқан қалада биыл жауын көп болса, екінші бір аймақта – құрғақ­шылық. Ал жағдайдың белгілі бір уақыт­тан соң ауысатыны дәлелденген.

Табиғат философы Тимати Мортон мынадай мысал келтіреді. «Пластик ыдыстан су не кофе ішкеніңізде, сіз және плас­тик қана бар. Бұл – аймақтық дең­гей­де ойлау. Ал дәл сол сәтте әлем бо­йын­ша миллиондаған кісі сіз сияқты ай­мақ­тық деңгейде пластик пен өзін ғана ойлап отыр. Бұл пластиктің одан әрі өн­ді­ріле беруіне ықпал етеді. Сондықтан ара­мызда ең болмағанда біреуіміз бұл жерде тек өзіміз бен пластик емес, мил­­лион­­даған адам, табиғи процесс барын, плас­­тиктің оған зияны көп екенін ой­лауы­мыз керек», дейді. Жаңа заман фи­ло­софы жаһандық деңгейде ойлау керек­тігін, табиғатты тыңдау қажетті­лігін алға тартады.

Жақында Калифорнияда да орман өртенді. 12 кісінің өліміне себепші бол­ған өрт 880 мың гектар аумақты шар­пыды. Тұрғындар мен мамандардың айтуынша, мұндай өрт соңғы рет 1987 жылы болыпты. 3 мың ғимаратты күл ет­кен жалын бірнеше күн бойы Кали­фор­ния аспанын қызғылт түске бояды.

Бұларды оқи отырып орман өрті бізден тым алыс, сол Аустралия, АҚШ-та болып жатыр, елге келе қоймас деген ойда боламыз. Қазақстанда тіпті орман да аз емес пе?! Дегенмен Қазақстан да орман өрті қауіпі бар мемлекеттер қатарында. Ал статистика орманның өртенуі жыл сайын бірнеше есе өсіп жатқанын көрсетіп отыр. Мәселен, 2018 жылы 200-ден астам орман өртенсе, 2019 жылы 499 өрт тіркелген. Ал биыл тамыз айында ғана 484 орман өртке оранған.

2020 жылы Шығыс Қазақстан об­лы­сындағы үлкен ормандардың бірі өртенді. Бұл жағдай мемлекетке 1,8 млрд теңге көлемінде шығын келтіріп отыр. Бұл тек санауға келетін материалды шы­ғын, ал қоршаған орта мен адамдарға ти­гізген әсері қанша? Біздің елде оны есептеу әлі де дәстүрге енбеген.

Мамандар орман өртінің апаттық өрттерден бірнеше есе қауіпті екенін айтады. Өйткені оны бақылау, бұру, тежеу қиын. «Казавиалесоохрана» РМҚК директоры Амангелді Асанов «Өртке желдің әсер ететіні белгілі. Сондықтан өрт аумағын алдын ала болжау қиын. Менің тәжірибемде 1 сағат ішінде жел бағыты алты рет ауысып, сәйкесінше жалын да бағытын өзгертіп отырды», дейді. Қазақстандағы орман өртінің қауіпті болуына тағы бір себеп – гео­графиялық ерекшелік. Өрт таулы аймақ­тарда болса, оны сөндіру қиын. Онымен қоса биіктеген сайын температура жоғары­лайтыны тағы бар. А.Асанов қарағайлы ормандар өртенсе, ауа температурасы 1000 градусқа дейін, яғни металл еритін деңгейге дейін жететінін айтады.

Қазақстандағы ормандардың өрте­нуіне көбіне найзағай мен құрғақшы­лық себепші болады екен. Адамдардың да кінәсі жоқ емес. Орман шаруашылығы комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы 5 облыста үлкен орман өрттері орын алған. Алматы облысында 7 836 га орман өртенген. Түркістан облысында 4 681, Шығыс Қазақстан облысында 4 346 га, Павлодар облысында 2 000 га, Батыс Қазақстан облысында 1 316 га орман отқа оранған.

Жаратылыстану ғылымында «көбе­лек эффекті» деген ұғым қалыптас­қан. Оған салсақ, сіздің біліп-білмей істеген мардымсыз әрекетіңіз басқа бір жерде, басқа бір уақытта үлкен әрі болжанбаған салдары болатын хаосқа алып келуі мүмкін. Табиғат философы Тимати Мортонның да айтпағы сол. Қазір сіздің жай ғана пластик дегеніңіз келешекте үлкен апаттың себебі болуы ғажап емес. Бәлкім, бұған дейінгі әрекеттеріміздің жауабы 2020 жылы қайтарылып жатқан шығар? Жаһандық жылыну да, түрлі климаттық өзгерістер де бүгін және біздің әрбір әрекетімізге тәуелді екенін ұмытпайық.

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024