Театр • 13 Қазан, 2020

Кішкентай адамның ұлы қайғысы

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұзақ үзілістен кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ресейлік режиссер Алексей Смирновтың қойылымындағы Григорий Фридтің «Анна Франк күнделігі» моно-операсын сахнаға шығарғалы отыр. Жыл басынан бері дайындығы жүріп жатқан премьералық қойылым сәуір айында көрермендерімен қауышуы керек еді. Алайда пандемия келіп килікті.

Кішкентай адамның ұлы қайғысы

Суретті түсірген Владимир Акуленко

 

Осыдан кейін де опера театры 9 мамырда Жеңістің 75 жыл­дығына орайластырып «Анна Франк күнделігін» алма­тылықтарға тарту етпек болған-ды. Алайда, жаһанды жайлаған індет өнерге де өктемдігін жүр­гізіп, айлар бойы бекзат өнердің ордасын қаңыратып қойды.

Ең қызығы, жабық баспасөз көрсетіліміне шақырылған санаулы БАҚ өкілі спектакльді сахнадан, қойылымды қол созым жерде тамашалады.

Спектакль 13 жасар жасөс­пірім қыздың күнделігін арқау ете отырып, қатігездік пен қанға толы сұм соғыстың адамдыққа жат бет-бейнесін әшкерелейді.

Айтқандай, биыл Жеңіске ғана 75 жыл емес, Анна Франк­тің өмірден өткеніне 75 жыл толды. Бала күнделігінде жа­зылған жазбалар тәжірибелі ақын-жазушылардың шебер жаз­ған кітаптарынан бетер әлі де өз оқырмандарын таңғал­ды­рады. Жалпы «Анна Франк күнделігі» дүниежүзілік мә­дени қазынаға айналған, 70 тілге аударылып, ЮНЕСКО бағ­­дарламасының «Әлем жады» тізіміне енгізілген туынды.

«Мен бұл операмен алты жылдан бері айналысып келемін. Осы аралықта спектакль санамда тереңдей берді, нақтылана келе тіпті, Анна Франктің тарихы жеке өмірімнің мәніне айналды. Осы спектакльдің алғаш рет Қазақстандағы ең байырғы, тарихи театрдың сахнасында қойылатындығына қуаныштымын. Операның музы­калық тілі қарапайым емес, ол классикалық және заманауи стильдердің тоғы­сында жазылған. Мен Алма­тының көрермендері ХХ ға­сыр­­дың музыкасын жақ­сы қа­былдайтындығына сенім­дімін.

Екінші дүниежүзілік со­ғыстың қасіретін бейнелеген кезде – осынау тарихи қай­ғылы кезеңдегі қолданатын музыкалық тіл сөзсіз Мо­царт пен Ваг­нер­дің музыкасы­нан ба­рын­ша ай­­­рық­ша­­ла­­­на­ды. Бұл уа­­қытты мүл­де бас­қа тұр­ғы­да сезіну – Ұлы қай­ғыны сезіну. Мысалы, Хо­локост трагедиясы Григорий Фридтің опе­расын­да музыка тілімен өте нақ­ты, дәл берілген.

Ал Анна Франктің тарихы бізге жақсылықтан ешқашан күдер үзбеуге және әрбір күн­ді соңғы күндей бағалауға үй­ретеді», дейді мәскеулік қою­шы-режиссер Алексей Смир­нов.

Сонымен бүкіл оқиғасы сахнада өтетін иммерсивті спектакльде көрермендер басты кейіпкердің шынайылығы мен жанашырлық атмосферасына «жанасып», онымен бірге «өмір сүреді», бұл жаңа форма болып табылады және көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырады деп үміттенуге болады.

Опера труппасының же­текші солистері Венера Алпыс­баева (сопрано) мен Надия Наденова (сопрано) «фото­су­реттерден» түскен ақ-қара ес­теліктер арасында бү­гінге дейін өз күнделігінің парақтарында өмір сүріп жүрген Анна Франк­тың түрлі-түсті бейнесін қайта жаңғыртады, бұл арада суретші Елена Бодрованың ерекше сце­нографиясы үлкен рөл атқар­мақ.

«Бұл қойылымның үстін­де жұмыс істеген кезде жас­өспірім қыздың жүрек түк­пірінде жатқан қайғы-мұңын, толқынысын табу аса маңызды болды. Маған суретші ре­тін­де Кішкентай ғана және Же­ке тұлғадан Үлкен қайғы қа­лай өсіп шығады, осыны кө­рерменге көрсету жолын табу керек болды. Спектакльмен жұмыс істеп жатқан кезде, де­ректі материалдарға сүйене келе, Анна Франктің бүкіл өмі­рін тарының қауызына сый­дырғандай, шабадандар образы пайда болды. Сондықтан да қойылымды безендіруде нәзік нюанстар бар. Бұл нышанды белгілер басты кейіпкердің жан дүниесінде болып жат­қан толқыныстарды беруде ма­ңызды», дейді қоюшы-суретші Елена Бодрова.

Операның қоюшы-дири­жері – Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Ербо­лат Ахмедьяров. Опера әуесқой­ларын оркестрдің ерекше құ­рамы да таңғалдырады, онда барлығы 15 музыкант оркес­трлік шұңқырға емес, іс жүзінде сахнаның үстіне орналастырылатын болады, бұл музыканың қалықтап ұшқан дыбысының елесін жасайды.

«Драмалық түрде опера «қа­­­­раңғылықтан жарыққа дейін» құрылған десек те сюжет ке­рісін­ше өрбиді. Контраст ал­­ғашқы нота­лардан-ақ се­зіледі: кейіпкердің мектеп ту­­ралы, оқу туралы бейқам сөз­дері жа­қын трагедияның бастауын біл­діретін дыбыстық өріс­тің күрделі ағынымен бірге жүреді. Одан әрі қа­рай, операның мәтіні болып жат­­­қан оқиғалардың қасі­рет­тері туралы баяндаған кезде, шы­­ғар­маның музыкалық бө­лігі, ке­рісінше, адамның рухани әле­мін бей­нелейтін, оның болып жатқан тра­гедиясымен қа­ра­ма-қайшы келеді.

Жоғарыда атап өткендей, опе­­раның музыкалық тілі қа­рапайым емес. Сондықтан басты кейіпкердің партиясын орын­даушылардан жақсы во­калдық машықты талап ете­­тіндіктен, өте күрделі деп ба­ғалауға болады. Партияның эмо­­ционалды компоненті де күр­­делі. Себебі музыкалық же­­лінің көмегімен композитор жасөспірімнің көңіл кү­йін­­­дегі айырмашылықтарды: лири­калық сезімдерден жаман­дыққа, көңілділіктен қайғы мен трагедияға жеткізеді», дейді теат­р жетекшісі Ая Қалиева.

Ал театр көрерменмен көп­тен күт­кен кездесуге дайындалып, оның қауіпсіздігіне қам­қорлық жа­сай отырып, маска режімін, әлеуметтік қа­шық­тықты және кө­рер­мендер залында отырудың жаңа жағ­­дайларын қарастыратын қо­­сым­ша келу ережелерін енгізіп отыр.

 

АЛМАТЫ