Руханият • 13 Қазан, 2020

Қазбектің құмай тазылары

318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осакаров ауданындағы Уызбай ауылында тұратын Қазбек Әбді­рах­манов деген азамат ұзақ жылдан бері құмай тазылар­дың тұ­қымын қайта жандандырып, асылдандырумен айналысып келеді.

Қазбектің құмай тазылары

 

– Қазақ үшін тазы тұқымы қа­шанда киесі бар құндылық бо­лып саналған. Сондықтан да құмай тазыны ұстау адамға аса зор жа­уап­кершілік жүктейді. Тазыны ба­лаңдай мәпелемесең, бәрі бекер, – деп сыр ақтарады Қазбек.

Жалпы, уызбайлық азамат та­зы өсірумен бала кезден бері әуес­теніп келеді екен. Бүгінде ол өзі­нің көрген-білгенін баласына үй­­ретіп жүр. Қазір Қазбектің қо­лында бес үлкен тазы және бір кү­шік бар. Иттерінің тұқымы таза, бәрінің де құжаттары ре­сімделген.

Тазы тұқымын жанындай жақ­сы көретін азамат республикалық «Қан­сонар» қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Өзі өңірде, тіпті ел аума­ғын­да болып жататын түрлі жарыс, бай­қау­ларға белсенді түрде қатысып жүреді. Желдей жүйрік тазылары арқылы талай мәрте жүлде де алған көрінеді.

Қазіргі таңда Қазбек Әбдірах­манов ауыл жастарына тазы ұс­тап, баптауды ғана емес, ұлттық спорт ойыны – көкпарды да зор ықы­ласпен насихаттап жүр.

– Ауылымыз жастарының ұлттық тамырынан ажырамай, салт-дәстүрді біліп жүргенін қа­лаймын. Оларға жөн-жосықты біз үйретпегенде, кім үйретеді?! – дейді ол.

Бүгінде Қазбек Әбдірахманов құрған көкпар командасы аудан деңгейіндегі додаларда тәп-тәуір нәтижелер көрсетіп жүр.

 

Қарағанды облысы,

Осакаров ауданы